Әйелдерге артылған жүк неге ауыр?

0
199

Күнде нешетүрліні естисің. Қоғамдағы түрлі мәселеде әйелді кінәлау көп. Жеке ситуацияларда жазығы бар жері бар шығар, өмір болған соң болады, бірақ қоғамның санасына сіңген жалпылама сипатта емес.

Неге үнемі әйел кінәлі?

Себебі біз қыздардың, әйелдің тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оған тым көп жүк, жауапкершілікті асып қойғанбыз. Сондықтан білімді, ақылды дана әйелдің шатасуы, кез келген ситуацияны реттемеуін “заңсыз”, кешірімсіз дүние есептейміз. Сондықтан кінәлаймыз.

Ал ұлдардың тәрбиесіне онша назар аударылмайды, “еркекке бәрі жарасады” деген дүниені санаға сіңіргенбіз. Кішкентай ұлдар да оны жақсы біледі. Сондықтан кей ер адамдар ұл тәрбиесіне, жалпы бала тәрбиесіне салғырт. Ол оның ең басты шаруасы деп есептей бермейді. Жандарыңда жүргендеріңе риза болыңдар дегендей болады.

Былай қарасаңыз, білімді екеуі де бірдей алады, жұмысты бірдей істейді, жұмыстан келген соң ол жатып демалады, әйелі төсекке құлап кеткенше екінші жұмысын істейді. Басқаны айтпағанда бала тәрбиесі, оны оқыту — әкеге де, шешеге де ортақ жауапкершілік емес пе?!

Әйелге артылған міндет көп, келіндік, қызметкер, үйде әйелдік. Ер адамда бір ғана міндет. Қалғанында біразы фонмен жүреді.

Қоғамдағы барлық проблема ер балаларға бала кезден жауапкершілік артпаудан, оған ерекше құбылыс ретінде қараудан басталды. Оларға қыздарға сияқты оқы, отбасыңды асыра, екеулеп балаларыңды тәрбиелейсіңдер, әйел адамды сыйла, ең бірінші шаруаң балаңа тәрбие беру деп үйретпеуінде.

Мен ерлерді сыйламау, оларды қайта тәрбиелеу, төмендету дегенге мүлдем қарсымын. Себебі жақсы әкенің тәрбиесін көрдім, анаммен, балаларымен жақсы қарым-қатынасына куә болып өстім. Үлгі алдық.

Қыздарға да жақсы тәрбие берілуі керек, ол отбасының темірқазығы және жөнсіз әйелдерді жақтамаймын. Әйелге көп нәрсе байланысты екенін білем.

Бірақ тәрбиенің осы тұсынан кетіп жатқан қателікті айту керек. Ауруын жасырған өледі. Болары болып, бояуы сіңген соң, түзету үшін жарты, 1 ғасыр уақыт керек.

Қоғамдық деңгейде сана өзгеруі үшін бір адамның ғұмырындай уақыт қажет. Ол аралықта қанша ұрпақтың тағдыры талқандалуы мүмкін. Оның ішінде сіздің ұрпағыңыз жүр ғой.

Ол басқа планетадағы адамға тұрмысқа шықпайды, үйленбейді. Осы ортада өмір сүреді.

Ер адамдар ұлдардың, балалардың тәрбиесіне араласып, қатты көңіл бөліп, тізгінді босатпауы қажет. Әйел барын береді, еркек бола алмайды. Ер адамға қажетті ішкі потенциал, рухани кемелденудің көзін әке ашады.

Қыз балаларға да ер адамның тарапынан қажет вниманиені әке береді. Өскенде қыздар біреудің өтірік айтқан “жылы” сөзіне алданбас үшін де әкенің мейірімі, махаббаты керек.

Айта берсең, тәрбиеден сүрініп жатқан тұсымыз көп. Бұрынғыдай жол сілтер ата мен әже институты да жоғалып барады. Өкінішті. Сананы не билесе, соған құлдық ұру, тәрбиені заманның ағысына итере салу жақсылыққа апармайды.

Ұлға да, қызға да тәрбие керек және уақытында, бала кезден. Жаһанданудың қаңсығын таңсық көрмей, өз тамырына байланып, содан су ішкен ұрпақ өнеді. Оның болашағы жарқын.

Жанар ШАМЕЛЬ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.

Тегтерәйелқоғам