Әке-баласынан, бала-әкесінен безген қоғамға айналдық
Қарттар үйінде түсірілім кезінде айтқан қызметкерінің әңгімесі ойымнан кететін түрі жоқ. Қанша күн, түн өтті. Санамда “неге, қалай?” деген сұрақтар мазалайды.
Түсірілім кезінде бозбала жұмысымызға қызықты ма, арбасын сүйретіп жанымыздан бір елі қалмады.
Сол мекеменің қызметкерінің айтуынша анасы перзентханада кіндігі кесілген күні одан бас тартыпты. Аяқ-қолы сал туған бозбала 17 жылдан бері шешесін көрмеген. Түрін де, есімін де білмейді. Анасы іздемеген.
Бірақ әкесі бар деді әлгі қызметкер. Асқар таудай азамат мүгедек ұлын ұмытпаған деген бір ауыз сөз санамды сілкіп алғандай болды. Аллаға шүкір деп, қуандым.
Қауқарсыз, қорғансыз сәбиін тастап кеткен анасына қапалы жәутеңдеген жетімнің жанарындағы мұң, түпсіз терең көзқарасы мені түңілдіріп тастаған еді.
-Әкесінің басқа отбасы, бала-шағасы бар. Ай сайын баласына су, булочка, печенье әкеліп, пенсиясын бір тиын қалдырмай сыпырып алып кетеді. Бұл бала әкесінің бір сағат жанында болып, жылы сөз естігеніне мәз болады. Ол кеткеннен кейін әкеме қоңырау шаламын , сөйлесемін деп бізден көмек сұрайды. Хабарластық. Мені мазаламаңдар, сендерге шағым жазамын деп айқайлап берді. Ал баласының есепшотына жәрдемақы түскенде Қарттар үйінің есігін қағады. Мұнда қариялардың балалары бар, бәрі зейнетақысын алып кетеді,-деп қызметкер күрсінді.
-Жазира, анау қарт кісі жылап тұр. Ұлы мен келіні ме, қызы мен күйеу баласы ма, мына кісімен бір сағат сөйлесті. Екеуі мына атаның қолынан бір затты алғаннан кейін артына қайырылмай зытты.
Ал ақсақал тапжылмай солар жаққа қарап, көзінен жасы төгіліп жатыр. Жүрегім ауырып кетті, -деп Қарттар үйінің сыртында осы оқиғаны көзбен көрген көлік жүргізуші Ринат аға . Қарт әкенің жылағаны жүрегін шымырлатқан болар.
Өкінішті жағдай. Мүгедек баласының ақшасын алып, сөйлесуге уақыт таппаған әкенің аз-маз ақша үшін құлқынның құлы болып кеткеніне қаным қайнады.
Әке-шешесін Қарттар үйіне өткізіп, сол жердегі ел-жұрттың көзінше шімірікпей зейнетақысын қалтасына сүңгітіп кететін мейірімсіз ұл-қыздары бұл жалғанда қалай алаңсыз жүр?
Ең жақын адамдарының махаббатының құны зейнеткерлерге, мүгедектерге төленетін жәрдемақы, зейнетақының 30% екен.
Ұятсыз, намыстан жұрдай масыл туыстары сол қаржы бөлінбесе тастанды әкесін, шешесін немесе баласын іздеп келе ме?
Қарттар үйін паналаған ақ шашты аналар мен аталарымыздың 70% жуығы жалғызбасты емес. Біз неге қатыгез болып кеттік?
Жазира БЕГАЛЫ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.