Арыстанбек Мұхамедиұлының түрмеде аштық жариялағаны рас па?

0
111

Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бұрынғы мәдениет министрі, ұлттық музейдің бұрынғы басшысы «Арыстанбек Мұхамедиұлы аштық жариялады» деген жазбаға жауап берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде тараған ақпарат

Бұрынғы шенеунік Мұхамедиұлы колонияда аштық жариялағаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды. ҚАЖД оны жоққа шығарды.

«Сотталушы аштық жариялағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол тамақ ішеді, мұны бейнебақылау камераларының жазбалары растайды. Одан шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Сонымен қатар, белгіленген тәртіпке сәйкес сотталған адам ұялы телефон ұстай алмайды», — деп мәлімдеді облыстық департаменттің баспасөз қызметі өкілі.

ҚАЖД елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Мұхамедиұлы кім, ол не үшін айыпталды?

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы — Ұлттық музейдің бұрынғы директоры, мәдениет және спорт экс-министрі.

2024 жылы 29 ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлы төрт бап бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды:

  • «Алтын адамның шеруі» көрмесін өткізу кезінде ақша жымқырғаны үшін;
  • лауазымдық өкілетін теріс пайдалану;
  • «Дипломат» қонақүйіне байланысты рейдерлік үшін;
  • пара беруге әрекет жасағаны үшін.

2024 жылы тамызда экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты үкім қайта қаралды. Алайда сот кінә дәлелденгені туралы сот қорытындыларымен келісті. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ деп тапты.