Білім саласындағы былықтар: Ұстаздар биік беделінен қалай айырылды?

0
613

Қорықпағанда, тағы не бүлінер екен деп қорқамыз. Ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен қорқамыз.

Үнемі жаңаны жоққа шығара беретіндей көрінетін шығармыз. 2000-2012 жылға дейін 12 жылдық білім бағдарламасын талдадық, ғалымдардың зерттеулерін, әдістемелерін оқыдық”12 жылдық білім беру” деген журнал шығып тұрды.

Бірақ 2012 жылы аспаннан түскендей жаңартылған бағдарлама пайда бола кетті. І,ІІ,ІІІ деңгей курстары ашылды. Оқыдық.

Жаңартылған бағдарламаны қабылдаған соң , жұмыс жасай бастадық. Басымызға жүздеген әдіс толды. 45 минуттың әр екі минутында жаңа әдіске салдық. 1-тапсырмада “Миға шабуыл” қолданып өткен сабақты пысықтадық.

2-тапсырмада ресурс беріп, тақырыбын идеясын талдадық. Одан ұққанын түрлі ойындар арқылы анықтадық. Ұттық па? Ұтылдық. Қызық болса, қызық болған шығар бірақ не оқушының сауатын дамытпады, не тілін байытпады.

Алғашқы екі-үш жылда сөз бен сөздің қосымшалар арқылы байланысатынын ұмыттық. Соңғы жылдарда сөйлемнің қалай құрылатынын ұмыттық. Ұтпадық. Ұтылдық.

Қазақшаны қойып химияны, физиканы, биологияны ағылшынша оқыттық. Қаншама қаражат жұмсадық. 30 оқушының 1 пайызы ғана ағылшын тіліндегі биологияны меңгерген шығар, меңгеретін де түгі жоқ еді.

Одан артыққа жетпедік. Шығарған қаражат шығыны ақталмады. Оқушы есерсоқ бола бастады. Шаласауатты мұғалімнің ағылшыншасына оқушы күлді.

Одан ағылшынша сол пәнді жақсы түсінетін оқушы қалыптастыра алмадық. Осы кезеңдегі оқушының сауатсыздығы сонша, өз өмірін бағаламайтын болды.

Білуге ұмтылмайтын болды. “Мұғалімде оқушы стандартты 100 % меңгеруі тиіс пе? “ деген ұғым пайда болды, өйткені жасалған бағдарлама бойынша, өзі Блумның білу, түсіну деңгейі ұмыт қалған Стандарттың 20% -ын оқушы меңгерді, қалған 80% оқушы нені қалай жасайтынын білмей сандалып қалды.

Шиыршыққа құрылған білімнің жүйесі шиыршықталмады десек те болады. Бұрын алаңсыз жұмыс жасайтын мұғалім жаңағы шиыршықтан қалып қалған ғылымды толықтырмаса, оқушысы шала білім алатынын түсінді, өзінің бар тәжірибесі мен білгенін қолданып, бұл қиындықты шешудің жолын іздеді.

2012 жылдан бері бағдарлама басқа, оқулық басқа екенін жақсы білесіздер. “Оқулық неге қате?” деген сұраққа, “Оқулық-ресурс” деп ақталғандар ұтты.

Оқулық қайта жасалмады. Толықтырылған, өңделген болды. Бірақ қазақ тілі физика, биология, физкультура мен сән салонына арналды.

Грамматика үзіп-жұлынған, грамматикалық тақырып өткен соң, оқулықтан соған лайықты тапсырма таппай сандалып қалдық, ресурсын өзіміз дайындадық.

Дайындау әдістемесі де ұсынылмады. Бір сөзбен айтқанда, мұғалімдер әдістемесіз, жоғарыдан берілген тапсырманы айна қатесіз қайталап беруші “копиралды машинаға” айналды.

Оқушы мен ата-аналың алдында мұғалім беделден жұрдай болды. Баласының жазуындағы қатені түзетпеген соң, ата-ана да мұғалімнің біліміне күдікпен қарады.

Мұғалімдердің кейбірі бұрынғы диктанты мен мазмұндамасын аңсады. Жаңартылған бағдарламаның құқайынан шаршаған мұғалімдер өздеріне ыңғайлы “бағдарлама жасап” алды.

Журналды жаңартылған бағдарлама бойынша толтырады. Өз бағдарламасымен білім береді (Авторлық бағдарлама іспетті).

Пәндік олимпиаданың қалалық кезеңіне барғанда бір әріптесім “Жаңартылған бағдарламаны меңгеріп, керемет білім бергенімді қайтейін. Оқушым 3-орын да алмады.

Сабағында сөйлем талдатып, ескі бағдарламамен оқытатын мұғалімнің оқушысы Республикалық олимпиадаға өтті” деп күйінген.

Қысқасы Жаңартылған бағдарламаның жетілмеген жері күллі мұғалімді шаршатты. Енді мына Жаңа стандарттағы дүниелер, әсіресе “пәндерді кіріктіріп оқыту” идеясы оқушыны толық ақымақ, мұғалімді мүлде жынды жасайды.

Мұның ғылыми негізі болса, алдыңғы бағдарламаның жетістігі мен кемшілігіне мониторинг жасалар еді. Білім берудегі жылт еткен мақаланы қалт еткен жазбаны құр жібермейтіннің бірімін.

Қолданыстағы бағдарламаның жетістігі мен кемшілігі туралы мақаланы, ғылыми талдауды оқымадым. Жаңа Стандартқа енгелі отырған жаңалықтардың ғылыми негзін де еш жерден таппадым.

Талдауға ұсынылған дүниенің де басы бар, аяғы жоқ. Бір түсініксіз тұжырымнан екінші түсініксіз тұжырым жазылғаны дүниені ұсынған екен оқып шықтым. Тіпті, глоссарийі де жоқ.

Бұрынғы және жаңа редакциясы деп кестеге орналастырылған екен. Ең қорқыныштысы 2012 жылдан бері шала берілген білімді толықтыратын дүниені таппадым.

Қысқасы министр ауысқан сайын Стандарт пен Бағдарлама ауыстырудың қажеті жоқ. Белгілі бір топ бағдарлама түзіп жатқан сияқты.

Әр жерден мұғалімдерге хабарласып “5-сыныпқа оқытуға лайықты тақырыптар берсін” деген алашапқын бұйрықтар келіп жатыр.

Бұл анау Бағдарлама жасамақ топтың құрамындағы “Білгіштің” жасап отырған амалы. “Мұғалімдермен талдадық, мұғалім қатыстырылды” демек қой. Бұл деген оқушының соры ғой.

Жаңа Стандарт пен Жаңа бағдарлама ақша қымқыру амалы үшін жасалған шала-шатпақ дүние.

Біріншіден, “Кіріктірілген пәндер” -ді оқытатын мамандар даярланған жоқ. Биолог биологияны білсе де химияны төңкеріп бере алмайды. Мұндай маманды екі айлық курс дайындап шығара алмайды.

Екіншіден, ұлттық негізі қазақ әдебиеті мен тілі 10-11 сыныпта оқытылмайды. Ал өзге тілдерге бөлінген сағат, оқытылатын пәндердің көптігі сонша — ұлттың тілі мен әдебиетін жоқ қылып жойып жібереді. Мемлекетке зор қауіп төніп тұр.

Үшіншіден, кіріктірілген пәннің тиімді екендігі ғылыми дәлелденбеген, оны оқыту әдістемесі туралы айтпай-ақ қойайық.

Осыны дәлелдеп берген ғалымға бас иіп, ерінбей оқып, қолымнан келген көмегімді беріп, бірге жұмыс жсар едім.

Барлық дүние оқушы үшін жасалуы керек. Оқушыға лайықты жасалған дүниені оқымадым.

Әйтеуір бірдеңе жаңалық жасау үшін әлденелер құрастырылғаны рас. Осыдан соң өтірік мақтағандарға сене бермеңігендеріңіз жөн.

Оның дұрысы мен бұрысын оқушы алдында тұрған, қолмен ұстаған біз сияқтылардан сұраңыздар. Бүгін түсініксіз дүние , болашақта да түсінікті болмайды. Жетілдіресің бе, дұрыс жетілдір.

Мира БАРКАЗАТҚЫЗЫ, білікті ұстаз.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.