Бишімбаев қызметте сыйлы адам болған ба?
Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тағы бір дерек белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2013 жылы Бишімбаев басқарған “Бәйтерек” холдингінің бұрынғы қызметкері Марат Шыналиев экс-шенеуніктің қарамағында болған жылдары қандай мәселелермен бетпе-бет келгенін баяндап берді. Ол айыпталушымен бір жылдай жұмыс істеген. Айтуынша, сол кезеңде-ақ Бишімбаевтың жағымсыз мінезі мен түсініксіз әрекеттерін байқаған. Осы тұста экс-қызметкер 2015 жылғы оқиғасын сөз етті.
“Адамдар әдетте бұрынғы жұмыс берушілері жайлы жақсы пікір айтады немесе жай ғана үнсіздік танытады. Бірақ бұл жолы жағдай басқа.
2015 жыл. Жиналыс 15:00-ге жоспарланған.
Холдингтің басшылық құрамы алдын ала жиналды. Барлығы 20-ға жуық адам еді.
15:30, төраға жоқ.
16:00, әлі жоқ.
Барлығы күтіп отырды. Оның мұндай қылығына көпшілігінің еті үйреніп кеткен еді. Себебі ол жұмыс барысында Age of Empires III ойынын бір-екі сағаттап ойнап отыра беретін. (Бұл әзіл емес)
Сағат 16:00-ден өте аппарат басшысы кіріп, “Жиналыс болмайды, тарқай беріңдер” деп шығып кетті. (Айтпақшы, ол кейінірек басқа жұмыс орнында парамен ұсталды, өте жағымсыз адам).
Сағат 17:00-де бір сілтеме жіберді: мен конференц-залға кірдім, ешкімді көрмедім, барлығы кетіп қалғанына ашуландым.
Кездесу сағат 23:00-ге жоспарланыпты.
Ал сол күні сағат 23:00-де шын мәнінде жиналыс болды. Бір топ адам кешке дейін күтті. Сосын кешке дейін ешқайда алаңдамай әрі асығыстық танытпай жиналыста отырды.
Бұл адамның психопатиясына қатысты айтылған бір ғана шағын оқиға.
Ал “Бәйтеректе” жұмыс істеген бір жылдың ішінде мұндай жағдайдың бірнешеуі орын алды.
Сол кезде-ақ Бишімбаевқа ем алу керек еді. Ал енді тым кеш.
Мен үшін өмірдегі ұятты жағдай — бұл осындай әрекеттерге бей-жай қарап, төзімділік танытып, үнсіз қалуым деп айтар едім. Себебі мұны мемлекеттік сектор үшін қалыпты жағдай деп ойлап келіппін. Неліктен бұлай болғанын түсінбеймін. Өйткені олар аз мөлшерде жалақы төледі, ал мансаптық өсу күмән тудырды. Бұл жай ғана осылай болуы керек сияқты көрінді.
Мен Бишімбаевпен бір жыл жұмыс істедім. Ары қарай шыдамым жетпеді”, — дейді Шыналиев.
Еске салайық, Бишімбаев жемқорлық жасады деген айыппен 2018 жылы наурызда 10 жылға түрмеге кесілген болатын. Сол кезде оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырылған еді.
Нақтырақ айтсақ, «Бәйтерек» холдингінің экс-басшысы болған кезде күмән тудыратын істермен айналысқаны туралы хабарланған болатын. Тергеу материалдарына сәйкес, Бишімбаев холдинг директоры ретінде Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысына жауапты болған кезінде мердігерден ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен 2017 жылдың 10 қаңтарында ұсталады.