Бұл емтихан кімге қандай пайда береді?
5-10- сыныптар арасында қазақ тілінен өткізіліп жатқан емтихандардың мақсаты қандай? Осындай сауал биыл ұстаздар арасында көптеп қойылуда деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы.
Биыл бүкіл мектептің 5-10 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсыруда. Оқу ағарту министрлігі “Қазақ тілі бойынша емтихан оқушылардың пәндік бағдарламалардың мазмұнын МЖМС (тыңдау, ауызекі сөйлеу, оқу, жазу) сәйкес жазбаша және ауызша нысанда меңгеруін бағалау мақсатында өткізіледі” деп мәлімдеген-ді.
Ал әлеуметтік желіде пән мұғалімдері таңнан кешке дейін жүріп жатқан бұл емтиханның негізгі мақсатын анықтай алмауда.
“Емтихан өткізуді жоспарлағанда нені мақсат тұтқан?
27-28 мамыр өткіздік, тексердік,құйдық. Екі күн таңертең мектепке кіргеннен кешке дейін отырып,аяқтап шықтық. Шаршадық, шаршағанымыз өзімізге олжа, өткен сыныптардың бағасын күнделікке тиянақтап құйдық. Бізді, мұғалімдерді, қойшы, неге көнбей жатырмыз?!
Бірақ… осы емтиханнан оқушыға келер пайда бар ма?
Күні кеше ғана ТЖБ тапсырған оқушыға дәл сондай форматтағы тапсырманы қайта орындату кімнің идеясы екен?
Тапсырманы өзіміз дайындаймыз екен, форматын өзгертуге құқық берілгені дұрыс па деп қалдым. Жаппай ТЖБ форматында емес, диктант, мазмұндама, мәнерлеп оқу, өз ойын, көзқарасын білдіру (ауызша) тапсырмалар болса, оқушыға қызықты әрі пайдалы болар ма еді. Қалай ойлайсыздар?” деп жазды Света СЫДЫКОВА атты ұстаз.
Осы жазбаға орай пікір білдірген мұғалімдердің сөзінен ұққанымыз, министрлік тарапынан жүктелген бұл емтихан “мұғалімді зорықтырудың” кезекті тәсілі сияқты.
“Қазақ мектебінде қазақша сайрап отырған баладан емтихан алғанша, өзге тілде білім алып жатқан оқушылардың мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеруге неге бағытталмады бұл емтихан?”, “Қазақ тілі мұғалімдерін бір жаңа шыққан роботпен шатыстырып алған-ау!
Таңғы 8 ден кешкі 18:00 ге дейін емтихан алу, бағалау, хаттама, күнделік….арасында жыл бойы оқымай,1 күн емтиханда жұлқынған ата-аналармен сөйлесу. Отбасымызға, бала-шағамызға қарауға шама болмай жатқан түріміз бар” деп пікір білдіруде ұстаздар.
Емтиханға қатысқан оқушылар (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді) сынақ барысында смартфондарын қолданып, тиісті жауаптарды емін-еркін көшіргенін айтты. Сондай-ақ оқушылар бірдей қалам қолданып, емтихан тапсырған. Неге? Себебі әлдеқалай қате болса, түзету үшін сияқты.
Бірер күн бұрын ғана оқушының ТЖБ-да тапсырған сынағын қайталап “емтихан” деген атпен қайта тапсырту кімге қандай пайда берді? Кім кімді алдады? Әлде бұл да бюджет қаржысын “қарпып” қалудың кезекті бір әдісі ме?
Бұл емтихан қазақстандық оқушылардың мемлекеттік тілді білу, оқу, жазу деңгейін анықтап беруге септігін тигізді ме? Әлде “өтті” деген белгі ұрылып, игерілген қаржының есебін жабу үшін басылған мөр болды ма?
Меруерт ХУСАИНОВА,
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.