Бұрын мұғалім сыйлы болатын, ал қазір ше?
Мұғалімді сынайтындар көп. «Бұрын мұғалім сыйлы кісі болатын»,- дегенді де көп естиміз, көп айтамыз. Қазір неге олай емес?
Бұрын жатаған ғана, саманнан тұрғызылған шағын мектептер сол елді мекен үшін киелі орын болып есептелетін. Мектепке ашу шақырып, кінә артып ешкім келмейтін. Кішілікпен имене басып, тек балаларына рұқсат сұрауға ғана келетін ата-аналарды көретінбіз.
Ата-аналар жиналысына да келгендер мұғалімдермен сыпайы сөйлесетін. Осы қарапайым әдептен неге айрылып қалдық? Ата-аналардың дәрежесі өсіп кетті ме, мұғалімдердің дәрежесі төмендеп кетті ме?
Бұл екеуі бірігіп, болашағымызға жауапты болғандықтан, өз орындарын ешуақытта төмендетпеуі тиіс қой. Сонда қазіргі біздің қоғамдағы мектеп пен ата-ана арасындағы жік неден туындап отыр?
Мұғалім қандай болуға тиіс? Кеше немерелерімнің мектебіне, ата-аналар жиналысына бардым. Осы сұрақ қойылды. «Мейірімді, білімді, еңбекқор, төзімді» болуға тиісті екенін көпшілік айтып жатты. Ойланатын мәселелер өте көп…
Мен де осы сұраққа өз көңілімнен жауап іздеп отырдым. Екі немеремнің мұғалімдерін көрдім. Түйген ойым: Мұғалім өзіне-өзі сенімді болуы керек. Өзіне, өзінің мамандығының киелі қасиетіне сенім болуы керек. Ол сенім оның дауысынан, қимыл, әрекетінен, сөздерінен анық байқалып тұруға тиіс.
Ол сенімділік балаларға ауысатыны анық. Өзіне сенімсіз мұғалімнің әр қимылы, әр сөзі, дегбірсездене орынсыз жүрген жүрісі балаларға кері әсерін тигізеді. Мұғалім, ең алдымен, өзін сенімге тәрбиелеп алу керек. Мұғалімнің жүзінен абыржып, алаңдаушылық байқалмауға тиіс.
Жүрек түкпірінде сенім орныққан жанның жүзінде өз-өзінен жылылық нұры байқалады. Сол жылу бүкіл аудиториядағы балаларға жетеді. Өз сенімін тәрбиелеп алған мұғалім беретін сабағын да жақсы меңгеріп, балаларға сеніммен жеткізе алады.
Сеніммен берілген білім балалар көңіліне де нық орнайды. Менің байқағаным, кей мұғалімдерде осы сенім жетіспейтін сияқты. Бұл сенімсіздік қайдан, қашан пайда болғанын өзін-өзі зерттеп, ойлануы қажет-ақ. Жас кезінде тәрбиеде кеткен кемшілік болуы мүмкін.
Тағдырдың қатаң тауқыметі салған жүк болуы мүмкін. Сенімсіздік мұғалімнің бар қызметінде кедергі келтіреді. Мұғалім сыныпқа жеке өміріндегі бар ауырлықты сыртта қалдырып, сеніммен мұғалім болып кіруі керек.
Бұл айтуға оңай. Бірақ халық баласының тағдырына жауапты тұлға міндеті мойнында тұрған әр мұғалім өзімен-өзі күресе жүріп, бойына нық сенімді қалыптастырмаса болмайды.
Өзіне сенген сенімді жан кез-келген қиындықтан жол тауып шыға алады. Алдындағы бар баланың жанына да сенім ұялата алады. Сенімділікті қаталдықпен, өзімшілдікпен, бірбеткей (бетпақтықпен) ауыстыруға болмайды.
Сенімділік — алдыңа қойған мақсатыңа жете алатыныңа өзіңді сендіру, тәрбиелеу, дамыту, жетілдіру. Сенімді мұғалімнің әрбір айтқан сөзі — аксиома, оған дәлелдің керегі жоқ. Соған лайық оның дауысынан да сенім күші көрініп тұруға тиіс. Ол айқай емес, сенім мен мейірімге суарылған жағымды дауыс .
Мектепте қазір арнаулы психолог мамандар жұмыс істейді. Олар, әрине, балалар үшін. Бірақ сол балалармен күніне кездесетін, тікелей оқу үдерісінде бірге еңбек ететін мұғалімдер болғандықтан, сабақ басталмай тұрғанда мұғалімдермен сұхбаттасып, егер бойларында сенімсіздік нышаны байқалса, оны жеңу жолдарынан қажетті кеңестер берсе болар еді.
Әр мұғалімнің психологиялық әлсіз тұстарын анықтап, солармен жұмыс жүргізуіне кеңес беріп отырса. Оны тек өзіне ғана ескертіп, оған тек достық көмек ұсынар еді.
Қазіргі мынау ми қайнатқан шұбар қоғамда бәріміздің де жүйкеміз орнында емес. Ерке бала, өз міндетін мұғалімге артып қойғысы келетін өзімшіл ата-ананың ортасында жүрген мұғалімдердің бейнеті өте ауыр, мойындаймын.
…Мұғалімдер маған ренжімес, тек көпті көрген тәжірибелі көз байқап қалғанын айтып отырмын. Атын атап, түсін түстеп еңбегін жоққа шығарудан аулақпын. Жаңа оқу жылы табысты өтуіне тілектеспін, сенімді болыңыздар.
Жанымгүл КАМАЛҚЫЗЫ.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.