Экс-имам Түркістандағы еврей қорымын қорғап қалмақшы

0
423

«Демос» қоғамдық қорының төрағасы Тұрарбек Құсайынов Аида Балаева басқаратын министрлікті сотқа бергені бұған дейін жазылды.

Себебі министрлік құрамындағы «Анализ және ақпарат орталығының» жауапты қызметкері Нағима Туматаева ФБ әлеуметтік желісінде Украина президенті Зеленскийді «неблагодарный актер», «умник-еврей» және тағы басқа жағымсыз сөзбен сипаттап, есесіне Ресей президенті Путинді «Путин человек от бога….» деп жазған.

Қазақстанда орыстар да, украиндер де, еврейлер де жеткілікті. Белсенді Т.Құсайынов «министрліктің жауапты қызметкері Н.Туматаева бұл сөзімен ұлт және дін араздығын қоздырды» деп санайды…

Соттың алғашқы отырысы өтті. Процесс кезінде судья арызданушыдан «Туматаеваның постынан Сіз қалай жәбірлендіңіз…» деп сұрағанда Тұрарбек Құсайынов «мен де иудеймін..» деген.

Бұл сөзге министрлік тарапынан сотқа қатысып отырған жауапкер шенеунік мырс етіп күліпті. Шындығында, бұл күлетін сөз емес. «Демос» ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайынов иудаизмнің бір тармағы нұқизмнің өкілі.

Ол еврейлердің қасиетті кітабы Тәуратқа алақанын қойып тұрып, үш раввин (Хаим Гольдберг, Моше Бернштейн, Авраам Калифа) құралған Раввиндер сотының (Бейт Дин) алдында ант берген және ол құжат мөрленген (скринді қараңыз).

Нұқшылар – Нұқ пайғамбардың кемесінде болған адамзаттан тарадық деп санайтын иудаизмнің бір тармағы – Бин Нұқ. Олар да басқа иудейлер сияқты Ибрахим мен Мұса пайғамбарға да иман келтіреді.

Нұқшылардың ұлты еврей болуы міндет емес, басқа ұлт өкілдері де «Раввиндер сотының» алдында ант берсе Нұқ пайғамбардың үмбеті бола алады. Өзбектің эстрада жұлдызы Фаррух Закировтан кейін Орталық Азияда иудаизм-нұқизм наным-сенімін қабылдаған ұлты қазақ Тұрарбек Құсайынов болып тұр.

Сондықтан оның «наным-сеніміме нұқсан келтірді» деп иудаизм дінін ұстанатын қазақстандық еврейлердің құқығының сақталуын талап етуге қақы бар.

Нұқизм өкілі Тұрарбек Құсайынов бұған дейін де иудаизмге қарсы өшпенді насихат жасаған дінкештердің әлеуметтік желідегі подкастарын жою жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне арызданған.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) мен жүйедегі имам-уағызшылар ылғи қорғаштап сөйлейтін министрліктің жауапты шенеуніктері нұқизм өкілінің бұл талабын орындамай отыр.

Мұның бәрі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін түсіріп, адам құқығы сақталмайтын ел ретінде сипатауға жол ашады.

Өткен аптада өзін сопылық тариқаттың өкілі санайтын бір діндар Қазақстанның рухани астанасы статусын алған Түркістандағы еврей қорымын басқа жаққа көшіру мәселесін көтерді.

Бұған дейін журналист Төреғали Тәшенов те Түркістандағы еврейлер қорымын көшіру жөнінде сол кездегі облыстың екі әкіміне хат жазды. Ол хатында «Алматының Райымбек көшесінде жасыл-желекті жерде орналасқан еврей қорымында жөйіттердің бір әулиесі жатқан көрінеді, соған әлемнің әр түкпірінен иудейлер кеп табынып жатады екен.

Сол секілді, Қожа Ахметтің нақ жанындағы еврей қорымынан да жөйіттің бір әулиесі табылып, түбінде бір жағына мұсылмандар, бір жағына еврейлер тәу ететіндей, ортасына Палестинадағыдай қабырға тұрғызылып жүрмесе болғаны да…» деген…

Енді, Түркістан Қазақстанның рухани астанасы болған тұста, Астанада өтетін Әлемдік діндер сиезінің қарсаңында осы түйткілді мәселені тағы да діншілдер қоздатты. Сондықтан Тұрарбек Құсайынов Түркістан қаласы әкіміне хат жолдап, Түркістандағы еврей қорымын тез арада қорғауға алуды өтінді.

Себебі 70-жылдардың ортасында сол қорымдағы бір мазар байқаусызда бұзылғанда ұзындығы – 26 м, ені 60 см теріге жазылған ежелгі Тәурат табылған. Ол тарихи құнды ескерткіш деп танылып, Мәдени мұраларды қорғау қорына берілген-ді.

Бұл қорымда Бұқар еврейлеріне қатысты көптеген мәлімет, көптеген құнды дүние болуы мүмкін.

Қоғам белсендісі Т.Құсайыновтың еврей қорымын қорғап қалу жөніндегі ұсынысына Түркістан қаласының әкімі немесе Мәдениет және ақпарат минстрі құлақ аса ма, аспай ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Белгілісі – қазақ қоғамында антисемиттік ауанның күшейіп бар жатқаны халықаралық ұйымдарды алаңдата бастады. Мұны Ақорда біле ме екен…

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Фото көрнекілік үшін.