Еркекті ерттеп мінетін әйелдер — қоғамда агрессия тудырады

0
40

Еркекті ерттеп мініп, күйеуді қолбала қылуды қою керек, құрбылар! Өткенде пәтерді көруге бір жас жігіт келді. Үйленгеніне көп болмаған 1-2 баласы ғана бар, жас отбасы.

Әуелі әйелі жазып бастады маған, жексенбі күні таң атпай: «Тәте, сізде анау бар ма, мынау бар ма?», — деп. Мың қырық бес сұрағына шыдамым жеткенше жауап бердім.

Жақсы, кешке күйеуім барып көреді деді. Келді күйеуі. Келгеннін қайтейік, құлағы телефонда болды, ар жақта әйелі бағана маған қойған сұрағын күйеуіне қойып мыжып жатыр.

Өзім құрбыма өтініш айтып, кешкісін 15-20 минутқа кірген ол тықыршып барады. Енді аяғын шешер-шешпес үйді кезіп, қала берді 30-40 минут телефоннан босамаса, кімнің де болса ығыры шығады ғой.

«Не алам демейді, не жоқ, ұнамады» демейді. Ақыры төзімім таусылды да, жігітке звондадым. «Інім, айналайын, не болды, аласың ба, алмайсың ба, айтсай, бізде уақыт тар», — деп.

«Мен әйеліммен сөйлесіп жатырмын ғой», — деп міңгір-міңгір етеді онысы. Араға 10-15 минут салып тағы хабарластым, тағы сол жауап.

Сосын жыным келді де, «Бауырым, сен еркексің ғой, шешімді сен емес пе қабылдайтын, не ол бір сағат болды ғой әйеліңмен сөйлескеніңе. Алсаң ал, болмасс, басымды қатырма», — дедім.

Сөйтсем, үндемей үйден шыға жөнеліпті әлгі жігіт. Күні бойы оны күтіп, кешке тағы бір жауабын күткен еңбегіміз бір тиын болды.

Айналайын, әйелдер-ау, ұнатпайтындарың бар, күйеулеріңді бір нәрсе таңдауға жібермесеңдерші. Оны текке әуре қылып.

Сіздердің айтқандарыңызбен ғана жүрсе, ол өзіндік пікірі жоқ, ештеңені кесіп, шешіп айта алмайтын езге айналмай ма? Ондай еркектің қоғамда қайдан құны болсын?!.

Әрине, отбасы болған соң ақылдасу керек. Бірақ дүкенге жұмсап, памперске дейін алдырып, сосын оны ұнатпай, «қолыңнан түк келмейді», — деу ақылдасуға жатпайды ғой.

Үйінде үні шықпаған еркектің қоғамда әмірі жүрмейді. Керісінше, ашушаң, әйел атаулыны жек көретін болады.

Әйелдің бәрі оған жөні келсе, жұмсағыш, қолданып қалуға құмар жаратылыс боп көрінеді. Қоғамда агрессияның көбеюіне осылай өзіміз әсер етіп жатқан сияқтымыз кейде.

Тек күйеу ғана емес, ұлымыздың да кішкентайынан көріп келе жатқаны осы ғой.

Мариям АБСАТТАР, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.