Қабір қазудағы түрлі ерекшеліктер себебі неде?

0
849

Шымкенттің жанында Сайрам тұрғын алабы бар. Сонда бір жекжат қайтыс болып, жаназасында болдық. Жаназадан соң шұбырып мазаратқа бардық. Марқұмды көміп жатқанымызда әудем жерде біреу өсекті жіберіп тұр.

Мынау мазарат, бейіттің басы, артық сөз айтуға болмайды деп тұрған жоқ. Сондағысы: “Масқара, бұлар адамды өзбекше көмеді екен, мынау өзбекше қабір” деп соғып тұр. “Сандырақтамай тыныш тұр” дейін десең, әруақтар жатқан жер.

Шындығында қабір ешбір ұлтқа тиесілі емес. Әр жерде қабір жер жағдайына байланысты қазылады.

Шымкент жақта жер жынысы — топырақ. Сондықтан шұңқыр қазып, оның екінші жағынан үңгіп қабір бөлмесін қазса тұра береді.

Ал құмды жерде олай істей алмайсың. Өйткені құм сусып төмен түсе береді. Сол себепті бір шұңқырдың ортасынан екінші шұңқыр қазылады.

Оған да түсіністікпен қарауға болады. Қабірдің мұндай түрі тек бір өңірде емес, сона-аау Таяу Шығыстағы бірнеше мемлекетте де бар.

Ал кейбір таулы жерде аяқ асты тастақ болған соң қаза алмайды. Сондықтан тау қабырғасын үңгіп, бөлме істеп, ішіне марқұмды жатқызып, сыртқы есігін таспен қалайтын өңірлер де кездеседі.

Былтыр Түркіменстаннан көшіп келген бір азаматпен сөйлесіп қалдым. Оның тұрған ауылы дарияның жағасында екен.

Жер қазса су шығатындықтан, жер бетіне бір адам сиятындай қыштан қабір тұрғызылып, марқұм соған жатқызылатынын айтты.

Әлбетте бұл сол өңірдің бәрінде бірдей атқарылатын іс емес. Әлгі азамат мұның тек өз ауылындағы жайт екенін тілге тиек етті.

Қысқасы, әр жерде қабір жер жағдайына қарай дайындалады.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен.