Қазақстанның жаңбырлы ел болуы кімдерге зиян?

0
831

1) Арал теңізін құтқару қоры мен осы бағыттағы шетелдік бірәз ұйымдардың гранттарын(қаржыларын) алып “игеріп” отырған топтар үшін зиян. Өйткені олар Тәуелсіздік алғаннан осы кезге дейін көптеген жобалар жасап, соларға қаржы алып келді. Өзгерген бірдеңе бар ма?

Ешқандай өзгеріс жоқ. Ең есте қаларлықтары “Кіші Арал” жобасы мен “сексеуіл егіп құмды тоқтату” жобасы болды.

“Кіші Арал” жобасы байырғы Аралдың бір шетінде болсын әйтеуір су қорын жинақтауға үлесі болғанымен, бүкіл Аралдың бұрынғы аумағына әсері жоқ. Оны спутник фотоларынан көріп көз жеткізе аласыздар.

Ал екінші жоба — құм мен тұзды сексеуілмен ғана тоқтатамыз деу… орысша айтсақ “имитация бурной деятелности” дегенге саяды. Өйткені, құр сексеуілмен сол аймақтың экологиялық, әлеуметтік, экономикалық, ауылшаруашылық ахуалын жақсартуға ешқандай пайдасы жоқ, тек кішігірім аймаққа арналған локальді тірлік.

Бұл жерде заңды бір сұрақ туады. Аралды жаңбырмен толтыра аламыз ба?

Менімше дәл аралдың үстіне жаудыра бергеннен толтыра алмауымыз бек мүмкін.

Бірақ, Арал суға толмай ақ айналасына үнемі жаңбыр жауып тұратын болса, ол жақтың табиғаты онсызда жасылдана түседі. Экологиялық ахуалы жақсарады. Сексеуіл түгілі басқа да өсімдіктер өсе бастайды табиғи жолмен ақ.

Ал төбедегі келтірген топтарға жаңбырдың зияны — олар өздерінің “жеп отырған нанына” айырылады. Бөлініп жатқан қыруар грант қаржыларынан айырылады.

(Бұл мәселеге соңында қайта ораламын. Әзірге келесі “қарсылық ошағына” көшейік)

2) Біздің елдегі бұған дейінгі қуаңшылық жылдарында “қуаңшылықтың алдын алуға” арналған әртүрлі жобаларды Үкімет дайындаған. Солардың бірі — елімізде әртүрлі деңгейдегі су қоймаларын салу. Осылай көктемгі жаңбыр мен қар суын жинап алып, оны ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге пайдаланып отыру.

Ия, жақсы жоба. Бұрыннан келе жатқан классикалық әдіс. Бұл жобаға шамада 300-350 млрд теңге қаржы қаралған деген әңгіме бар (Нақты санын журналисттер зерттеп жаза жатар).

Осы жобаның біздің экологиямызды жасылдандыруға әсері қаншалықты деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Иә, ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға пайдасы бар жоба. Бұған қосымша тамшылап суару жүйелерін енгізіп жатыр. Ол да жалпылама қолданыста болмаса да, “жоқтан бар” болып тұрғаны рас.

Теориялық тұрғыдан барлық жерімізді үнемі осылай сумен қамтамасыз етіп тұруға болады. Ал практикада — әзірге ауылы алыс.

Өйткені бұл әдіспен тек суармалы жерлерге егілетін дәнді дақылдарға ғана қолдана аламыз. Яғни жалпылама ауылшаруашылық жерлердің бәрін қамти алмаймыз. Тек егістік жерлерді ғана қамтуымыз МҮМКІН.

Онда да болашақта бәрі “кітаптағыдай” жүзеге асып жатса. Ал мал жайылым жерлері ше? Өзге мақсаттағы жерлер ше? Оларды қалай жасылдандырмақпыз?

Бұл жоба негізінен көктемгі жауын мен қар түсіміне байланысты болғандықтан, жылда керекті мөлшерде су қорын жинап отыра аламыз деп ешкім кепілдік бере алмайды.

Өзім таудың баласы болғандықтан таудағы мұздықтардағы қар мен жауынның жылдағы мөлшері азайып бара жатқанын көзіммен көріп жүрген адаммын. Ол жайында мен ешқандай ғалымның қортындысына мұқтаж емеспін.

Таулы аймақтың өзіндегі шөптер жаз айының ортасында ақ қурап кетеді шаңы шығып. Амалсыздан барлық мал 8 ай бойы қолдан азықтандыратын болғандықтан, таулы аймақтардың өзінде мал бағу тиімсіз кәсіпке айналған. Бұл мәселені шешуде жоғарыдағы “су қоймаларын соғу” жобасы қауқарсыз.

(Бұл мәселеге де соңында қайта ораламыз)

3) Біздің ел, әсіресе халық ең көп шоғырланған оңтүстік аймақтар тұщы суға өте мұқтаж аймақтар. Біздің өңірге келетін негізгі су көздері трансшекаралық өзендер. Әсіресе Сырдария өзені арқылы келеді.

Бұл өзен Қырғызстан арқылы Өзбекстанға өтіп, одан соң ғана бізге келеді. Ол өзеннің бойына көршілеріміз қаншама су қоймаларын соғып тастап бізді сумен қысып келеді. Аралдың тартылуының да негізгі себебі осы. Біздің өзімізде осы өзеннің бойына екі бірдей су қоймамыз бар.

Көршілеріміз үшін бұл өзен бізді өздеріне мұқтаж етіп ұстаулары үшін, белгілі бір саяси-экономикалық мәселелерде өздерінің бізбен саудаласатын “күзірлері” ретінде қолданады. Сен амалсыздан айтқандарына көнесің.

Өйткені осы өзеннің бойында Түркістан облысының жартысынан көп халқы орналасқан. Ал Қызылорда қалқы түгелдей осы өзеннің бойында. Әрі біздің көкөніс пен мақта, мал азығын дайындауға пайдаланатын жерлер мен егістік алқаптарымыз осы өзеннен су алады. Жалпы 4-5 млн халқымыз осы өзенге мұқтаж.

Сондықтан сен Өзбекстанға жалынышты күн кеше берерің анық. Оны дамбалар соғу арқылы шешеміз деу — күмәнді іс.

Негізі халқаралық заңдар бойынша осындай мемлекет аралық өзендердің суын пайдалануда, сол өзеннің ең соңғы бөлігінде орналасқан ел шешуші дауысқа ие болады.

Яғни сол өзеннің жоғарғы жағындағы кез-келген ел өз жерінде су қоймасын соғуы үшін, өзеннің соңғы келетін елінің рұхсаты болмаса соға алмайды. Оған соңғы елдің келісімі керек. Бұл халаралық бекітілген заң.

Осыған дейін бізде бұл саламен түбегейлі айналысатын дербес министрлік болған емес. Мысалы Өзбекстанда Су шаруашылық министрлігі әуелден бар.

Олар барлық су көздерін пайдалану мен керек жерлерге жеткізіп, сақтаумен айналысып келді. Су мәселесіндегі кез-келген елмен келісім сөздер жүргізе алады. Өз ұстанымдарын қорғай алатын.

Ал бізде КазСуШар деген бір комитет пе, сондай бірдеңе ғана болды. Оның өзі экология министірлігіне, әлде ауылшаруашылық министрлігіне қарайтын бір комитет қана. Енді өзіңіз ойланып көріңіз.

Көрші елдің министрі мен біздің бір комитет басшысы келіссөз жүргізіп жатса, келіссөздер тең дәрежеде өтуі мүмкін бе?

Министрдің қол қоюға құзіреті жететін келісімдерге біздің комитет басшысының құзіреті жетеді ме?

Керісінше, комитет басшысы өзі қарайтын министрліктің бір орынбасарына тәуелді, оған дәлелдеп болғанда ол орынбасар министрге дәлелдеуі керек болады.

Осы арада не комитет басшысы ауысып, не министрдің орынбасары, не министрдің өзі ауысып кетсе ше? Кім сонда табандап тұрып елдің мүддесін келіссөздерде қорғайды?

Өстіп жүргенде бұл комитетті басқа бір министрліктің құрамына ауыстырып жіберсе ше?

Қысқасы біз осылай жүргенде Өзбекстан елі өздерінің барлық “іс-әрекеттерін” заңдастырып, салатын қоймаларын соғып алды. Енді ештеңе істей алмайсың. Осындай тек сумен айналысатын Су министрлігі керек бізге деп бұған дейін бірнеше рет жазғанбыз.

Осы жақында ғана Президентіміздің жарлығымен арнайы ағынсумен айналысатын министрлік құрылды. Бұдан былай есеміз түгенделе түсер деген үміттемін.

4) Біздің суға тәуелсіз болғанымызға көршіміз Ресейге де тиімсіз. Өйткені Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Тәжік елдерін өзінің “Ықпал ету аймағы(сфера влияния)” санайтыны белгілі.

Бұл аймақты өзіне кіріптар етіп ұстап отыру үшін, әр елде бір “мұқтаждық” орнатып оны “ұзын қолмен” сырттай басқарып отыруға әлеуеті жетіп артылады.

Әсіресе біздің елді қысып ұстап отыруға барын салады. Осының алдындағы Қырғыз-Тәжік, Тәжік-Өзбек, Өзбек-Қырғыз шекаралық аймақтарындағы қақтығыстарға қарасаңыздар негізінен осы су көздеріне байланысты болып жатқанын көресіз.

Ал одан да терең үңілсеңіз Ресейдің “ұзын қолын” байқауға болады. Яғни Ресей осы елдерді кез-келген уақытта қолдан қақтығыстар орнату арқылы соғыс жағдайына жеткізе алады. Одан біздің ел де тікелей-жанама зардап шегетіні анық.

Егерде Қазақстан ғылыми технологиялар арқылы суға деген тапшылығын азайтатын болса, немесе Сырдариясыз да өз-өзін қамтамасыз ете алатын болса, онда көршілеріміз бен оның артында тұрған Ресей секілді алпауыттардың бір қысымынан құтыламыз.

Бізді “кең тұсаумен” ұстап отыру саясатының бір жібін үземіз. Бұл көршілерімізге, олардың артында тұрған Ресейге ұнамасы айдан анық. Сондықтан олар бізді ағын суларға мұқтаж етіп ұстауға барын салады.

5) Әлемдік империялар, әсіресе АҚШ елдері Ресей мен Қытайға қысым көрсету мақсатында Орта Азияда дүрбелең туғызып, соғыс ашқысы келсе осы су мәселесін қоздырып барып істейтіндері анық. Ондай жоспарлары дайындалып, өз сағатын күтіп сөреде тұрғанына ешқандай күмәнім жоқ.

Болашақтағы соғыстар бұдан былай осы су көздері үшін болатыны анық. Ал біздің елдегі барлық ірі өзендер көрші елдерден ағып келеді. Олар сені сумен ақ қысып барыңды алады болашақта. Оның үстіне таудағы мұздықтар азайып жатыр жылдан жылға.

Әлемдік алпауыттар Орта Азияда су үшін соғыс отын тұтандырып оны Ресейге қарай бағыттағысы келген болса, ол отқа Қазақстан да міндетті түрде орануы керек. Егерде біздің еліміз ағын суға мұқтаждығы болмаса, оны қалай қосады бұл соғысқа?

Қазақстансыз Ресейге қарай дүрбелеңді жеткізу мүмкін емес. Демек біздің елдің тұщы суға деген мұқтаждығын ұстап тұруға әлемдік империялар да мүдделі.

ҚОРТЫНДЫ:

Қазақстанда жаңбырдың көп болуына

1) “Аралды құтқару” секілді шетелдік әртүрлі гранттардың “нанын жеп жүрген” майда-пашақтар “пендешілікпен” қарсы;

2) Өзіміздің 300-350 млрд теңгені су қоймаларына деп бөлдіріп алып “игергісі” келіп отырған мүдделі топ қарсы;

3) Бізге жіберетін ағын сулары арқылы бізді өздеріне кіріптар етіп ұстап отырғысы келетін көршілеріміз қарсы;

4) Біздің суға деген мұқтаждығымызды керек деңгейде ұстап отыру үшін, біздің мұндай технологияларды игеруімізге Ресей қарсы;

5) Түбінде Ресей мен Қытай секілді алып екі империяның ортасында соғыс тудыру үшін керек деген ниетпен АҚШ бастаған өзге империялар қарсы.

Кешелі бері бірден лап ете қалған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясына қарсылар кімнің пәрменімен “өре түрегелгендері” маған белгісіз. Кімнің пәрменімен қарсылық компаниясы басталса да, олардың артында кім тұрғанын біздің ҰҚК түбегейлі тексеруі керек.

Өйткені бұл өте маңызды. Тапсырыс өзіміз жақтан болса “жарасы жеңілдеу”. Әртүрлі саяси шешімдердің әсерінен болуы ықтимал. “Өз бо…мыз өзімізге дәрі” дегендей.

Ал мұндай компанияның артында сыртқы күштер болатын болса, күштік құрылымдар жақсылап жұмыс істеуіне тура келеді. Өйткені тапсырыс орындаушылар өздері “біліп-білмей” еліміздің болашағына кесірі тиетін істермен айналысып жатуы бек мүмкін. Ақыға істеп жатқандар болса, жазаларын аямай беру керек. Мемлекеттің мүддесі тұрғанда менде дос жоқ.

Ал қазіргі “Жаңбыр адамы” аталып кеткен Алтай Айнабек деген жігітке байланысты ештеңе айта алмаймын. Оны алаяқ деп көрсетіп, тарихын қазбалап жатқандар бар екен. Оған өзі жауап бере жатар.

Бұл жігітке байланысты өз ұстанымым — алаяқ болмаса атамнан ары. Алтын сатумен айналысқан болса өз шаруасы. Бастысы әлемде осындай технология бар екенін елге жеткізді.

Ол арқылы еліміздің тозып жатқан млн-даған га жерлерін жасылдандырып ұстап тұруға болатынын жеткізді. Ешкімді осы мәселеде ақшасын алып алдап кеткен жоқ. Үкіметтен 36 млрд теңге сұраса, ол соншалық сұмдық қаржы емес мемлекет үшін.

Көп болса қазіргі 3-4 мектептің қаржысы. Оның жанында түкке тұрғысыз ЛРТ-ға да салып жатыр емес пе есебі жоқ қаржыны. Бір грамм пайдасы жоқ футбол деген пәлеге құртып жатыр емес пе, кіл шетелдік легионерлерді жинап алып өзге елдердің екінші дивизионынан жеңіліп жүрген.

Егер үкімет оған сенбесе, қаржысын беріп арнайы комиссия құрып “байлап қойсын” қасына. Не проблема?

Сосын, керек емес кезде шаруаға қолайсыз болып жатыр деп жатқандар да бар. Оларға айтарым — жасанды бұлтты жасағандай, бұлттарды ыдырататын да технологиялар бар. Керек жерге барынша бұлтты сығып алатын да технологиялар бар.

Бірақ ол үшін “Байрактар” секілді дрондарды ұшыратын аэродромдар керек әр жерден. Метеостанциялар мен АШ министрлігінің қай жерлерде қандай дақылдар егілгендігі мен оларға қай кезде жаңбыр керектігі жайлы мәліметі керек. Соған байланысты графигі керек дегендей. Мұның бәрі үкімет араластпай бітпейтін тірлік.

Түнеу күні осы жігіт Министрлікке хат жолдадық, жауабын күтіп отырмыз деп жазғаны бар еді. Шамасы сол хаттың жауабын бермес бұрын белгісіз бір күштер алдын ала “қаралау науқанын” жүргізіп жатуы да мүмкін.

Рүстем ӘШЕТАЕВ,

Шымкент қалалық “Қоғамдық кеңес” өкілі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.