КешYOU-дың қыздары Баян Мақсатқызының туысынан қандай қиындық көрген

0
72

Журналист Динара Сәтжанның шоуына келген КешYOU тобының қазіргі әншілері мен бұрын осы топта ән айтқан қыздар жұмыс барысында тап болған қиындықтар оларды қалай шыңдағанын айтып берді.

Дәлірек айтсақ, шоу-барысында Динара Сәтжан әншілерге «жұмыста Баян Мақсатқызы қатал ма, әлде музыкаға жауапты оның сіңілісі Бағым Мақсатқызы қатал ма» деген сұрақ қойып, келісімшарт аясында оларға директорлары қандай талап қоятынын, орындамаса, қандай жаза болатынын сұрады.

Бірінші болып жауап берген топтың бұрынғы әншісі Ақтобанұр Сейітмағамбет Баян Мақсатқызының алдына небары 17 жасында келгенін айтты.

«КешYOU тобына келген кезде 17 жаста болғамын. Баян Мақсатқызы мен Бағым Мақсатқызы өнердегі ұстаздарымның бірі, осы топқа келуімнің өзі қиын болды. Қорықтым. Басқа қыздар сияқты емес, бойым аласа болды. Алланың қалауымен топқа кірген кезде, таңертең ерте тұру міндет еді. Міндетті түрде таңғы сағат 7-де жүгіру керек. Өзіміздің директорға таңғы сағат 7-8 арасында жүгіргенімізді, қанша салмақ тастағанымызды, не жегенімізді суретке түсіріп жіберетінбіз. Сондай режим болды. Ең қатты есте қалатын дүние – жаңа ән жазар кезде Бағым Мақсатқызынан ұрыс естіп, жылап, күліп алатынбыз. Бағымызға орай, мықты мектептен шықтық. Топтан кетсе де қыздардың бәрі мықты әнші болды. Соның ішінде әрине мен де бармын», – дейді Ақботанұр Сейітмағамбет.

Осы ретте Динара Сәтжан Баян Мақсатқызы қыздармен неше жылға келісімшартқа отыратынын сұрап, келісімшартты өз еркімен ерте бұзғандардың пікірін білгісі келді. Келісімшартты ерте бұзған әнші ретінде Ақботанұр Сейітмағамбет пен Элизат Берікованың аттары аталды. Ақботанұр тұрмыс құрғандықтан, келісімшарттың сомасын күйеуі төлеп бергенін, ал, Элизат келісімшарт аяқталарға небары бірнеше ай қалғанда өз еркімен кеткенін айтып берді.

Сондай-ақ топтағы экс-әншілер сол кездегі директоры қандай талап қойып, қандай айыппұл салғаны туралы әңгіме бастады.

«Бетімізді кәсіби түрде бояу үшін небары 15 минут уақытымыз болады. Осы уақыт ішінде боянып, шашымызды жөндеп, проблеманың бәрін ұмытып, сахнаға күліп шығатын едік. Таңертең ерте жүгіріп, нешеде тамақ ішіп, нешеде вокалға барғанымызды директорға суретке түсіріп жібереміз. Егер суретті кеш жіберсек, айыппұл аламыз», – дейді экс-солист Балжан Бидаш.

«Онсыз да арық қыздар не үшін жүгіреді» деп таң қалған Динара Сәтжанға жауап берген Балжан Бидаш: «ол кезде біз топтың 10 жылдық концертіне дайындалып жаттық, сол кеште ентікпей ән айту үшін біраз жүгіргеміз», – деп жауап берді.

Қыздардың айтуынша, топ директоры әр жағдайға қарай әртүрлі көлемде айыппұл салып отырған. Осы топта 2019-2024 жылдары ән айтқан әнші Назым Әбілдина болса бір кезде айыппұл алғаны соншалық, Балжан Бидаш екеуі жалақысыз қалғанын еске алып, күлді.

«Қызық болғанда, Балжан екеуміз бір кезі ай соңында жалақысыз қалдық. Бірақ, 17-18 жастағы кезіміз болғандықтан, «жарайды» дедік», – дейді Назым.

Қыздардың айтуынша, ол директордың аты Назым Басқынбаева және ол қазір топтың директоры емес.

Ал «жұмыста Баян қатал ма, Бағым қатал ма?» деген негізгі сұраққа қатысты қыздардың әрқайсысы жеке-жеке пікір білдірді. Дегенмен, бәрінің ойы бір жерден шығып, олар:

«Біздің сыртқы сұлулығымызға Баян Мақсатқызы жауапты болса, музыкалық қабілетімізге Бағым Мақсатқызы жауапты болды. Сондықтан, екеуі де өз саласында өте талапшыл», – болды дейді.

Мысалы, экс-солист Элизат Берікова екі продюсердің де талабы орынды әрі олар үшін өте пайдалы болды дейді. Сөз арасында ол Бағым Мақсатқызынан қалай сөгіс естігенін есіне алды.

«Шын мәнінде, әрқайсысы өз жұмысында қатал болды: Баян Мақсатқызы біздің киімге, биге, сыртқы образымызға жауапты болса, Бағым Мақсатқызы таза музыка жағына жауапты болды. Әрине, маған оңай болған жоқ. Бір кездері Бағым Мақсатқызы мегі студиядан қуып шығып, «саған жалақы жоқ» деді. Өйткені, мен ол кезде түк білмейтінмін. Қиын болды. 2015 жылы мен «Лашын» деген группада ән салдым. Бұл менің алғашқы тәжірием еді, ән айта алмаймын. Студияның микрофоны қалай жұмыс істейтінін білмеймін. Бағым Мақсатқызының міндеті ауыр, талабы қиын болды. Өзі айтқан әнін маған қайтала дейді. Мен оны қайтара алмаймын. Бір рет тырыстым, екі рет тырыстым, ақыры қолымнан келген жоқ. «Сен немене, топассың ба, кет» деп мені қуып шықты. Әрине, жыладым. Бірақ, өзімді қолға алып ән айта бастадым. Негізінде, бұл жақсы сабақ. Және менің ойымша, «сен кішкене дайындалып ал, сосын ән айтып кетесің» деп сені алдағаннан қарағанда, осылай бетіңе айтып, сені шыңдағаны әлдақайда жақсы», – дейді ол.

Ал, топтың қазіргі әншісі Диана Қожагелдина болса, Бағым Мақсатқызының алдына барарда «валерьянка» ішіп алатынын жасырмады.

«Мен қыздардың айтып отырған сөздерімен келісемін. Яғни, әдемілік жағына толықтай Баян Мақсатқызы жауапты. Қазір біздің осы жерде әдемі болып отырғанымыз Баян Мақсатқызының арқасы. Ол кісі тіпті біздің тісімізге дейін қарайды. Ал, ән жағына, әр нотаға түсу жағына Бағым Мақсатқызы жауапты. Негізі екі продюсер де ұрыспайды, бұны біз сабақ ретінде, кеңес ретінде қабылдаймыз. Бірақ мен студияға кірер кезде «валерьянка» ішіп аламын», – деп күлді Диана.