Құранда садақаны мешітке бер деп айтпаған

0
406

Жыл сайын Ораза айы кезінде халық пітір-садақаны мешітке апарып береді. Орта ғасырдағы араб жұртының дәстүрі бойынша қалыптасқан пітір-садақа жан басына 2 кг бидай немесе соның құны болып белгіленген. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) да осы дәстүрден ажырамай, биылғы пітір-садақаны 640 теңге деп белгілепті.

Негізі Құран бойынша, кедей-кепшік, жетім-жесірдің күнкөрісі үшін берілетін садақаның мөлшерін әрбір мұсылман өзі анықтайды, ешқандай тариф міндеттелмеген (2:219).

Құранда садақаны мешітке апарып, молданың қолына беру (немесе жәшікке салу) жөнінде еш жазылмаған. Керісінше, садақаның жетім-жесірге, кедейлерге, жол азабын тартып келе жатқан жолаушыларға тікелей берілуі қадап айтылған (2:271) (9:60).

Егер әлеуметтік жағдайы нашар адамдардың ішінде садақа берушінің туыстары кездессе, онда ол қайырымдылықты бірінші кезекте соларға жасауы тиіс (2:215), (17:26).

Анығында,бай, әл-ауқаты жақсы адамдар күнкөрісі қиындап кеткен отбасыларға шама-шарқынша тікелей көмек берсе, ЖАРАТУШЫНЫҢ ризашылығына бөленеді.

Кедей-кепшік, жетім-жесірлер және күнкөрісі қиындап кеткен отбасы мүшелеріне пітір-садақа беру міндет емес. Қайта ашығып отырған бала-шағасының аузынан жырып алып басқаға көмектесу Құранға, яғни Исламға қайшы.

Бай, дәулетті азаматтар пітір-садақасын мешітке емес, ашыққан отбасыларға бергені және көмектің көлемі 640 теңгемен шектелмегені жөн. Миллиардерлер миллиондаған сомадағы садақа беруіне болады, шектеу жоқ.

Құран бойынша, пітір-садақа Ораза және Құрбан айт кезінде ғана беру шарт емес, оның мерзім аралығы көрсетілмеген, игі шараны дәл қазір, кез келген уақытта бастай берсе де болады.

Пітір-садақа азық-түлік түрінде таратылмағаны, әрбір отбасының есепшотына ақша түрінде аударылғаны жөн.

Қаржылай көмегімізді әділдік пен шындықты көксеп,еліміздің жарқын болашағы үшін қанды қаңтарда шеруге шығып,жазықсыз оққа ұшқан батырларымыздың отбасыларына,жараланған Һәм түрмеде жатқан қазақтарға берсек,Жаратушыға ұнайтын шынайы ізгі іс-әрекет болар еді.

Сол үшін қолы ашық,жүрегі мен пейілі кең, дархан мінезді жомарт қазақтар қайырымдылықтарыңызды қанды қаңтар қырғынының бейкүнә құрбандары,оқ тиіп жараланғандар және жазықсыз түрмеде отырған қаракөз қазағымның есепшотына аударсаңыздар деп өтініп сұраймын

Тұрарбек Құсайынұлының

Facebook парақшасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.