Қыз алып қашу қазір мүлде жоқ па?
Мәжіліс отырысында депутат Баққожаев Анас Ахатұлы “Ауыл” партиясы азаматтарын қазақтың дәстүріне қатысты мәлімдеме жасап, өзінің алаңдаушылығын білдірді деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы.
Депутат қазіргі кезде қыз алып қашу үрдісі жоқ екенін айтып, сауал жолдады.
“90-жылдары кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Қазақстанда экономикалық жағдай қиын болды. Сол кезде қыз алып қашу деген үрдіс пайда болды. Оны қазақтың дәстүрі деп шатастырды. Қазақ құда түсіп, жөн-жоралғысын орындайтын халықпыз.
Бірақ экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты сондай жағдай 90-жылдары болды. Ал қазір қыз алып қашу жоқтың қасы. Себебі еліміз дамыған, өркениетті елміз, дамыған мемлекеттермен теңесеміз дейміз.
Бірақ википедияға қараңызшы, википедия бойынша Қазақстан қыз ұрлау бойынша Эфиопиямен бірдей тұр. Эфиопия қайда, Қазақстан қайда? Осыған байланысты бірінші сұрағым, қызды алып қашу статистикасы шынында қандай?
Егер мәлімет жалған болса, википедияға ресми жазып, Қазақстанды сол тізімнен алып тастау туралы ұсыныс жасайсыздар ма”, – деп сұрады депутат.
“Комитет отырыстарында осыған байланысты бірқатар сұрақ болған, талқылағанбыз. Ондай фактілер бар. Былтыр бір-екі факті болған. Бұрынғыдай емес, халқымыз да өзгеріп келеді. Қыз ұрлау – адам ұрлау. Ауыр қылмыс санатына жатады. Кейбірі жастықпен істеп қояды. Талқылап көрейік”, – деді Ішкі істер министрі.
Ал шындығында елімізде қыз алып қашу үрдісі тыйылды ма?
Басқа аймақтар емес, бұл тақырып көтерілсе, кез келгеннің ойына ең бірінші болып Түркістан облысы оралатыны анық. Неге? Себебі Түркістан облысында қыз алып қашу қалыпты жағдай.
Және де оңтүстіктегі қыз алып қашу дәстүрге сай келісіммен емес, көшеде кетіп бара жатқан қызды көлікке өңгеріп артып, алып қашатын жабайы түрі барын кім жоққа шығарады?
Сондай-ақ өз танымайтын жігітке жар болып, еріксіз босаға аттаған қыздың саны оңтүстікте әзірге азаймай отырғанын министрліктің білмеуі де мүмкін. Өйткені алып қашып келген қыздан бірден қолхат алынады.
“Өз еркіммен келдім. Ешкім кінәлі емес” деген қолхат ата-әже, апа-көке сияқты үлкендердің қысымымен жасалатыны жасырын емес. Қыз алып қашу тоқтатылуын қалаған әрбір ата-ана ең алдымен үйдегі қызына заңды құқығы барын құлағына құйып өсіргені жөн. Сіз бұған не дейсіз?
Фото ашық дереккөзден алынды.