«Қыздарын тірідей көметін қауымға айналып кетпейік» дейді зейнеткер-педагог
Таяуда Democrat.kz. сайтында қыз тәрбиесіне қатысты материал жарық көрген еді. Ол материалда қыздарға діни дәріс беретін апайдың «еркектерді қастарыңа жолатпаңдар» дегенге саятын тәрбие үлгісі айтылды.
«Бұл — әйелге өз бауырын жау етіп көрсету емес пе?» деп аталатын бұл мақалада діни оқу орнында 8-9 жасар қыздарға оқытушы апайдың «үйде ешқандай еркекпен, ағаң, ағаңның достары болсын, ешкіммен оңаша қалма» деген тәлімі расымен де адамға кереғар ой салмай ма?
«Ұл мен қыз тәрбиелеп отырған кез келген ата-ана қызына осылай деп тәрбие бергені дұрыс» дейтін пікір бұл мақалаға аз жазылмады. Дұрыс, дейік. Қызымызды зорлықтан қорғаудың бір жолы — осы дейік.
Алайда бұл жерде біз ең басты дүниені шет қалдырып отырған сияқтымыз. Діни пайыммен қыздарымызға осылай тәрбие беру арқылы ұлттық санамызды өшіріп, ұлттық құндылығымызды қолмен буындырып отырған жоқпыз ба?
Қазақ ұлты қызына Ислам келген соң қырық үйден тыйым сала бастағанын бәлкім, жоққа шығарарсыз. Алайда дін келгенге дейінгі қызын төрге шығарған, қыздары ат үстінде ойнаған, қажет болса, жауға бірге шапқан тарихи деректерді қалай жоққа шығарамыз?
Дінмен қосақталып келген әйелдерге қатысты түрлі тыйымдар мен кемсітулер санамызға сіңгені сондай, 21 ғасырда қызымызға»ағаңмен, әкеңмен оңаша қалма» дейтін деңгейге түскеніміз қалай?
Қыздарды осылай қоритын жағдайға қалай жеттік? Өткенге көз салып, ойланып көріңізші. Қарындасын қызғыш құстай қорғаған қазақтың еркектері тоқал-талақ дегеннің айналасынан шықпайтын, етек аңдыған ұсақ пендеге қашан айналды?
Алысқа бармай-ақ, 1986 жылғы желтоқсанда азаматтарымызды ашындырған ең басты жағдай — алаңда қыздарға көрсетілген омондардың қорлығы емес пе еді? Қаракөздерімізді қорғаймыз деп атылып шыққан боздақтарымыз сол кезде бірі ажал құшып, бірі түрмеге қамалмады ма?
Ал қазір біз «еркек атаулымен оңаша қалма» деп қызымызды қорып отырмыз. Неге? Бұл қору қашан, қалай басталды?
Қазақ қызын еркек атаулыдан соңғы 15-20 жылда қоруды бастады.
Бұған — санасын дін жаулаған кей еркектердің етек аңдуы себеп болды. Ал етек аңду үрдісі — діндегі еркекке берілген үстемдіктің арқасында келгенін ақылы бар кісі анық түсінсе керек-ті.
Байқасаңыз, жүкті болып қалған қызды да, пәктігінен айырылып қалған қызды да — қоғам кінәлі етуге әдеттенді. Сондайда «қыздар бетімен кетті, тыйым салу керек» деп аттандап шығатындар да аз емес.
Қыз өзі асылып, өзі жабысып тұрса да, оған «қой, бұлай болмайды» деп айтатын ақылы жоқ еркек көбейгенін неге сөз етпейді ешкім?
Нәпсісін басқара алмайтын еркектің көбею себебін неге ақтарып, қарастырмайды ешкім?
Сақалдары сапсиып таңнан кешке дейін еркектің күш-қуатын арттыратын дәрілерді жарнамалаған дүмшелерді неге ешкім кінәламайды?
Талақтан қолы босамай жүрген дүмше еркек туралы неге ешкім жақ ашып, сөз айтпайды?
Себебі, қазіргі қоғамда діни түсініктің үстемдік алғаны сонша, кей еркектер жалғанды жалпағынан басып, көшедегі қыздарды зорлап, артынан бар кінәні қызға артып кете беруді әдетке айналдырды.
Қазақ үйдегі еркек кіндіктіге «ол сенің — қарындасың, әпкең. Сен оған қорған болуға тиіссің. Қазақтың әр қызы — сенің қарындасың» деп, атадан қалған ұлы тәрбиені ұлға бермейінше, діннің көлеңкесінде қаншама қыздарымыз өз бауырынан зорлық-қорлық көргені көрген.
Үйдегі ұлға салатын тыйымды көбейтпесек, ұлдың тәрбиесін дұрыстамасақ, күндердің күнінде қыздарын тірідей көметін қауымға айналып кетуіміз бек мүмкін. Дүмшелердің де ең басты арманы — осы.
Сол себепті де олар «үйде әкеңмен, бауырыңмен оңаша қалма» деп үйретеді. Солай үйрету арқылы қарындасты — ағасына, қызын-әкесіне жауластырады. Қазақтың қызы әкесі, бауырларына арқа сүйеуге тиіс. Ал ол үшін — ұлдарымызды қолдан әулие етуді қойып, қатаң тәрбиеге алуымыз керек.
Айдарбек ҚАСЫМБЕК, зейнеткер — педагог.
Арнайы Democrat.kz. үшін.
Фото көрнекілік үшін.