Мүгедек баланы қорлаған тәрбиешілер қылмыстық жауапқа тартылады

0
114

Қызылорда қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақшаның тәрбиешілері сөйлей алмайтын, мүгедектігі бар баланы дәретін ұстай алмай қалғаны үшін дәретханаға қамап қойған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл оқиғаны баланың анасы баяндап берді. Оның айтуынша, баласының диагнозы бар. Баласы «Үркер» деген мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған топқа барады екен. Баласы дәретханаға барғысы келетінін айта алмай, үлкен дәретін бұтына жіберіп қойған.

«Бұл топта мүмкіндігі шектеулі бала көп. Балам үйге келіп, қолды-аяққа тоқтамай жылады. Әттең, тілі жоқ, айта алмайды. Оны апайлары туалетке қамап қойғанын топтағы сөйлей алатын балалар аналарына айтып барыпты. Сондай ата-ананың бірі маған телефон соғып, айтып берді. Бірден балабақшаның камерасындағы видеоларды көріп, көзім жетті. Құзырлы органдардан осы балабақшаны тексеруін сұраймын. Оның басшысы орнында отырмайды, жаңадан ашып жатқан екінші балабақшасында жүреді», — дейді жан ақайын айтқан ана.

Бұл жағдайға қатысты комментарий берген Қызылорда қаласының білім басқармасы тәрбиешілерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Аталған факт бойынша тексеру өтті. Балабақша қалада орналасқан. Ондағы осы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде көзделген 140 бабы 2 бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалған. Тергеп-тексеру өтіп жатыр», — деп хабарлады басқарма.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.