«Нысаналы мектеп» жобасы жалғасын табуы керек» дейді қоғам қайраткері
Астанадағы Ы.Алтынсарин академиясында «Мақсатты мектеп» жобасына арналған жиын өтті деп хабарлайды Democrat.kz.
Сол жиынға «қоғам қайраткері» ретінде қатысқан Нұргүл Әбілдинаның төмендегі Facebook жазбасын назарларыңызға ешбір өзгертусіз ұсынуды жөн санадық.
«ИТ ҮРЕДІі, — КЕРУЕН КӨШЕДІ (постқа айналған комментарий)
Нысаналы мектептен — нысаналы мұғалімге дейін, нысаналы мұғалімнен нысаналы сабаққа дейін
Ел ордасы — Астанада — 18 қараша күні өткен жиын өз нәтижесін береді деп есептеймін.
Еліміздің түпкір-түпкірінен келген мамандар педагогиканың әр түрлі салаларының өкілдері болса да, олардың айтқан сөздерінен, пікірлері мен ұсыныстарынан нені байқауға болады?
Барлығы да отандық білім беру саласының жанашырлары, құрдымға кетіп бара жатқан, күйреуге шақ қалған оқу-ағарту ісінің ең өзекті проблемасын белсенді түрде шешуге атсалысуда..
Ең бастысы, бұл жиында ешқандай да «официоз» белгілері байқалған жоқ, жаттанды, жауыр болып кеткен штамп сөздер де айтылған жоқ.
«Мақсатты (нысаналы) мектептер» жобасы егжейлі-тегжейлі талқыланып, сын пікірлер де көп айтылды, алайда сын пікірлер жалаң түрде айтылған жоқ, ізінше құнды ұсыныстар да айтылып жатты.
Бұрынғы министрдің кезіндегіндей алдын ала дайындалып қойған спектакль болған жоқ, басынан аяғына дейін шынайы «тікелей эфир» форматындағы кездесу өтті.
Ашық микрофон әдісі кеңінен қолданды, пікірін айтқысы келетін қатысушылардың барлығы өз мүмкіндіктерін құр жіберген жоқ.
Түстен кейінгі жұмыс «ой қозғау» кезеңіне көшті, қатысушылар екі топқа бөлініп, аталмыш жобаны жақсартуға бағытталған нақты іс-әрекеттер мен шараларды талқылай отырып, оларды ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салып, нәтижесінде ұсыныстар жасады.
Жиынның қорытынды бөлімінде барлық қатысушылар қайтадан конференц-залда жиналып, екі топтың атынан спикерлер сөйледі.
Алайда тақырыптың өзектілігіне байланысты болар, өздігінен белсенділік танытып, тағы пікір қосамын деген педагогтер табылды. Сөйлеймін дегендердің барлығы сөйледі, және барлығының уәжі тыңдалды.
Пікірлер алуан болғанымен, қорытынды шешім бірдей, бәріне ортақ болды: «Мақсатты мектеп» жобасының пайдасы орасан зор, бұл бастама елдегі білім сапасын арттырудың ең тиімді жолдарының бірі».
Бұрын мен елде білім беру ісінің жанашырлары жоқтың қасы деп ойлайтынмын, кешегі күні елорда төрінде өткен алқалы жиын көңіліме сенім мен үміт сезімдерін ұялатты. Білімді, білікті, отансүйгіш, намысшыл ұлт ұстаздарын көрдім мен бұл жиында.
Популист, демагог, пиар мен хайп қуған экс-министрдің дәурені өтті өзімен бірге, кетті құрдымға. Ал енді қанша тыраштанса да, қол шоқпарларын оңды-солды жұмсап, ақпараттық шабуылға қанша айдаса да, «Демократ» сайтындағы серісін де, перісін де айтақтаса да, оның жымысқы әрекеттерінен түк те шықпайды.
Өзі де өзін баптап, өсірген «Ескі Қазақстан» командасымен құрдымға кетеді.
«Керуен көшеді» демекші, бұл орайда мен өркениет керуені туралы айтқым келеді.
Соңғы үш жарым жылдың ішінде, нақты айтқанда 2019 — 2023 жылдың қаңтар айына дейін республиканың оқу-ағарту саласын экс-министр Асхат Аймағамбетов басқарған уақыт) мынадай үдеріс орын алған-ды: оқушылардың білім сапасының көрсеткіштерін, мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жасыру, жоғары жаққа, билік өкілдеріне, президентке жалған, шындыққа жанаспайтын, фальсификацияға толы ақпараттар беріліп отырған.
2023 жылдың қаңтар айының басында Аймағамбетов орнынан кетіп, білім саласын басқару тізгіні қазіргі министр Гани Бейсембаев -тың қолына тигеннен кейін ахуал өзгере бастады.
Біз айтып кеткендей, Аймағамбетовтің кезіндегі өршіп, тамырын білім беру саласының барлық сатыларында (бала бақшалардан бастап жоғары оқу орындарына дейін) тамырын терең жіберіп, арамшөптей жайылған коррупциямен күрес басталды
Ол туралы мен өз постарымда көп жаздым, ал осы орайда мына жайтты қайталап жазғым келеді: білім сапасының нәтижелерінің көрсеткіштері күрт төмендеуінің ең басты себебі осы — білім саласын аузын арандай ашып айдаhардай жалмаған коррупция.
Облыстық білім басқармаларының жемқор басшылары парақор мектеп директорларын тағайындаса, директор креслосына жайғасқан (кейбір региондарда ол креслоның таксасы — 4 мың $ болса) ондай директор қандай мамандарды жұмысқа алады, кімдерді кетіреді, риторикалық сұрақ, әрине!
Осындай ахуалдың салдарынан мектептерге сауатсыз, біліксіз, мәдениет деңгейі төмен мұғалімдер легі қаптап келе бастады.
Кәсіби дәрежесі сын көтермейтін педагогсымақтан сапасыз білім алған оқушы алысқа бармады, ішкі рейтингте қандай әдемі баға қойып, көзбояушылылыққа жол берсе де, сырттан келген халықаралық тестілеу жүйесін алдау қиын болды, Қазақстан мектептері PISA қорытындысы бойынша әлем рейтингінде ең соңғы орындардың қатарынан табылды.
Бұндай ұят жағдайды президенттен жасыру мүмкін емес еді… Байқаған шығарсыздар: екі жыл қатарынан Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Токаевтың Жолдаулары 1 қыркүйек — Білім күні мерекесімен тұспа-тұс келеді. Бұл кездейсоқтык емес, әрине!
Білім сапасы күйреген елдің болашағы жоқ! Бүгінгі таңда өркениет көшіне ілесе алмай келе жатқан отандық білім беру саласы басқа елдерден алты жылға қалып келе жатқан көрінеді!
Білімсіз ұрпақ ертеңгі күні ел болашағы үшін жауап бере ала ма, әлде еліміздің тарих сахнасынан біржола жоғалуына себепкер бола ма? Өте қорқынышты сауал! Оған жауап беру үшін алдыңғы күні біз, білім саласының жанашырлары, Астанада жиналдық.
«Нысаналы мектеп, Мақсатты мектеп», жобасы — Тамара Дуйсенованың ойлап шығарған дүниесі емес! Бұл жоба президенттің тікелей тапсырмасы бойынша, «Баршаға ортақ сапалы білім» ұлттық баяндама аясында жасалған жоба.
Мақсаты — білім сапасын арттыру, және ішкі рейтинг пен сыртқы рейтингтердің арасындағы алшақтықты жою.
«Мақсатты мектеп» жобасына қарсы шығып, ашық хаттан түк шықпағаннан соң петиция жазуға көшкен шолақ белсенділерге айтарым:
«Сендер бұл жобаны тоқтата алмайсыңдар! Білім беру саласының тағдыры, елдің болашағы, қыл үстінде тұрғанда, сендердің кертартпа сөздерің ешкімге ақыл бола алмайды…
Ұлттық білім беру жүйесінің жағдайына, шын мәнінде, жандарың ашитын болса,
18 қараша күні сол алқалы жиында табылатын едіңдер. Айтар уәждерің болмаған соң, келмедіңдер! Шындық — осы! Қалғаны — құр далбаса сөз!»
Автор: Нұргүл Әбілдина, ардагер ұстаз, қоғам белсендісі, ұлт жанашыры, бүгінгі күннен бастап Balzhigit Torybay — дың өзі таңдап алған (асырап алған))) өкіл әжесі.
Балжігіт, балапаным, жасы келіп қалған әжеңді ұятқа қалдырма, орысша пікір жазбай-ақ қойшы.
Өзім әжең ретінде саған орыс тілінен репетитор болып, тегін сабақ беруге әзірмін)))…
Фейсбукті ашып қарасаң, сауатсыз ұстаздардың сауатсыз жазылған жазбаларын оқып, шошисың!
Сондықтан да «Нысаналы мектеп» жобасы жалғасын табу керек: «Нысаналы мұғалім», «Нысаналы сабақ» жобалары форматында … Керуен көшеді, оны тоқтата алмайсыңдар!», — деп жазған Нұргүл Әбілдина сөзінің соңында «Aqorda ҚР Премьер-Министрі ресми сайты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі / Антикоррупционная служба РК ҚР Бас прокуратурасы / Генеральная прокуратура РК ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС Karin Erlan Ерлан Кошанов Асхат Жұмағали Ермурат Бапи Жұлдыз Сүлейменова Мереке Амангелдіқызы» деп жазбасын тегтеумен аяқтапты.
Фото автордың парақшасынан алынды.
Редакциядан: Автор өз жазбасында Democrat.kz. сайтын да атап өтіпті.
«Мақсатты мектеп» жобасының кесірінен биылғы 1 қыркүйектен бүгінгі күнге дейін миллиондаған оқушы тиісті деңгейде білім алмай отыр. Себебі, әлгі жобаның тестін тапсырам деген мұғалімдер сабақтарын тастап, орталыққа кеткенде, оқушылары қараусыз қалуда немесе басқа пән мұғалімнің қарауында қалып отыр.
Бұл мәселені министрлік өкілі Ернұр Дәуенов те жоққа шығармағаны, «проблеманы шешеміз» деген сыдыртпа жауаппен құтылғаны туралы қолымызда видео дәлеліміз де бар.
Бәлкім, «қоғам қайраткері» болғанымызда, біз де ауызға не салса, соны шайнап, жұта берер ме едік, кім білсін?! Алайда Democrat.kz. ақпараттық порталы қазақ қоғамының надан, сауатсыз болып қалуына түбегейлі қарсы! Сол мақсатта да білім саласындағы былыққа қатысты мақала жазуды үдетпесе, тоқтатпайды.
Бір күн сабақ оқымаған бүгінгі миллиондаған баланың келешекте миллиондаған «қоғам қайраткері» болатынын болжау үшін Нострадамус болудың керегі жоқ.
Сайттың «перісі, әрі серісі» ретінде айтарымыз — министр — мәңгілік емес. Ал бүгін оқушылардың обалын, ата-аналардың қарғысын арқалаудан қорықпағандар «Мақсатты мектеп» жобасын әрі қарай мақтап отыра берсін, қарсы емеспіз.
Құрметпен, Democrat.kz. ақпараттық порталы.