Оқушы қыздар жүктілігі: Білім мен тәрбиенің жоқтығынан
Таяуда Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жеткіншектер арасындағы жүктілік жайын қозғап, Үкімет басшысына сауал жолдады.
Бір қарағанда, бұл жеке адамның мәселесі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның салдары бүкіл қоғамға әсер ететіні анық. «Ұлтымыздың болашағына алаңдсақ, жасөспірімдер арасында жүргізілетін түсіндіру жұмыстарын жүйелеу қажет» деген сенатордың депутаттық сауалын назарларыңызға ұсынамыз.
Қыз тағдыры – Ұлт тағдыры!
Қыз тағдыры – Ұлт тағдыры! Елімізде ерте жүктілік жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Бұл ұлт сапасына тікелей әсер ететін фактор екені белгілі.
Осы орайда нақты деректерге тоқталғым келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне назар аударсақ, соңғы бес жылда 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Жасөспірімдердің туу деңгейінің күрт өсуі пандемия кезінде басталған. Содан бері өткен төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келеді.
2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану тіркелген. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құраған (2019 ж. – 3 602 жағдай, 0,9%). Осылайша, ел бойынша туу көрсеткіші 15-19 жастағы 1 мың қызға 32,63-тен келіп отыр. Ал ауылдық жерлердегі жасөспірімдер арасында аталған көрсеткіш қаладағы көрсеткіш-тен екі есеге дерлік көп, яғни, тиісінше 44,15 және 24,72.
Біз осы қайда бара жатырмыз? Ұят деген ұғымның өлгені ме? Адамдықты надандық жеңгені ме?
Бұл бірлі-екілі жағдай болса бір жөн.
Еліміздің жеті өңірінде, әсіресе, оңтүстік және батыс аймақтарда жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары. Оның ішінде, Жамбыл (52,94), Түркістан (47,09) және Маңғыстау облыстарындағы (37,7) деректер ерекше алаңдатады. Бұл өңірлерде жасөспірімдердің туу көрсеткіші ауылдық жерлерде де, қала тұрғындары арасында да өте жоғары.
Бұл ретте аталған туу деректері – медициналық мекемелерде жүктіліктің тіркелген фактілері бойынша анықталғанын ескеруіміз керек. Әрбір жүктілік бала тууға әкелмейтінін назарға алсақ, жүктілік жағдайы біз келтірген деректерден әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін аңғарамыз.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр жасөспірімдер арасында жүктілік жағдайларының 10,2 пайызға төмендегені байқалады (2023 жылға қарай). Дегенмен, уәкілетті орган жүктіліктің әрбір жағдайын тіркемейтінін есте ұстаған жөн. Сондықтан деректердің дұрыс есептелмеуінен де осындай динамика қалыптасуы мүмкін.
Жап-жас қыздарды қорлау, тіпті зорлау көбейді.
Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбіне мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалады. Ішінен тынып қыз қалады. Жүректерде сыз қалады.
«Ауруын жасырған өледі» дейді біздің қазақ. Көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болып отыра береміз бе?
Біз бұл проблемаға айрықша назар аударуымыз қажет. Өйткені оның салдары әлеуметтік тәуекелдерге әкеліп соқтырады. Бұл – өте нәзік әлеуметтік мәселе. Бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық.
Сонымен қатар ерте жүкті болған қыз автоматты түрде қауіп-қатер аймағына енеді, білім алу мүмкіндігін жоғалтады, әлеуметтік қайшылықтарға тап болады. Тіпті, суицид жағдайына әкелетін психологиялық көңіл күйге ұшырайды.
Сондықтан осы айтылғандарды ескере отырып, балалар мен жасөспірімдерге аталған мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұлттық деңгейде жүйелеу қажет деп есептейміз.
Бірінші. Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың (UNFPA, UNICEF және т.б.) қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет.
Екінші. Жастар денсаулық орталықтарының қызметіне олардың өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық және медициналық қолдау көрсету жұмыстарының тиімділігі тұрғысынан бағалау жүргізу қажет.
Үшінші. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды. Сонымен қатар зорлық-зомбылық фактілеріне жіті мониторинг жүргізіп, жетесіз жастардың жауапкершілігін күшейту керек.
Төртінші. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек.
Ойнап жүріп, от басты ма?
Ойнақтап жүріп от басып өзінің тұтас тағдырына балта шапқан қыз балалардың жыл санап көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Тақырып жазыла-айтыла жауыр болғанымен, бүгінгі қоғамда өзектілігін жоймай, тіпті жыл санап «балалы болған балалардың» қатары аса үлкен қарқынмен өсіп келеді…
Ерте жүктілік оқиғалары басқа аймақтармен қатар Ақмола облысында да өткір мәселеге айналған. Тек соңғы бес жыл ішінде өңірде 231 қыз баланың аяғы ауыр болғаны туралы ресми ақпарат жария етілді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 2023 жылы кәмелет жасына толмаған қыздардың жүктілік оқиғасының 42 фактісі тіркелсе, былтырғы жылдың алғашқы 10 айында ғана 34 қыз бала жүкті болып қалғаны анықталған. Құзырлы ведомствоның мәліметінше, ерте жастан жүкті болған қыздардың көпшілігі 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер болып шықты.
«2024 жылдың 10 айында 34 қыз бала жүкті болды. 2023 жылдың 10 айында дәл осындай 42 факт тіркелді. Соңғы 5 жылда 231 қыз баланың аяғы ауыр болған», – делінген облыстық Денсаулық сақтау басқармасы БАҚ өкілдеріне таратқан ақпаратта.
Ведомствоның мәліметінен жүктілікті жасырып жасанды түсік жасатқан жасөспірімдердің де күн санап ұлғайып келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, 2023 жылы 2 қыз балаға аборт жасалса, былтыр 6 бірдей қыз баланың жасанды түсік жасатқаны мәлім болған. Сондай-ақ 2023 жылы есепке қойылған өрімдей ғана 40 қыз аман-есен аяқ-қолын бауырына алса, былтыр 28 қыз баланың босанғаны белгілі болды.
Әр санның артында тұтас бір тағдырлар тұрғаны әрі статистикалық көрсеткіштердің жыл санап еселеп өсіп бара жатқаны алаңдатады. Бір анығы, жоғарыда аталғандар тек ресми түрде анықталып, тіркелген шынайы көрсеткіштер. Өкініштісі сол, ойнақтап жүріп от басып, опық жеген жасөспірім қыздардың ешқайда бармастан істі жабулы күйінде қалдырып жатқаны бұл сан әлдеқайда көбірек емес пе екен деген қауіпті ойларға жетелейді.
Көкшетау қаласындағы «Аналар үйі» қоғамдық қоры ресурстық орталығының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова өңірдегі жасөспірімдер жүктілігінің бірнеше нақты себебін атады. Сондай-ақ түйткілді мәселені шешу үшін бірінші кезекте қоғамның, мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің ерекше назар аударуын қажет ететінін жеткізді.
– Өкінішке қарай, соңғы жылдары кәмелет жасына толмай, оң жақта отырып жүкті болып жатқан жасөспірімдердің саны күрт өсіп барады. Көпшілігі, әсіресе студенттер жасырын түрде баладан бас тарту мақсатында перзентханаға барып, елеусіз ешкімге білдірмей кетіп қалып жататын жайлар кездеседі. Ойнақтап жүріп от басып, жүкті болудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, жыныстық сауаттылық деңгейі жеткіліксіз. Көптеген отбасы мен мектептерде жыныстық тәрбие беру тыйым салынған тақырып күйінде қалып келеді. Екіншіден, әлеуметтік факторлар, отбасылардағы төмен күнкөріс деңгейі, отбасындағы қолдаудың жеткіліксіздігі мен ортаның ықпалы да кері әсерін тигізеді. Тағы бір аса маңызды себеп, медициналық және психологиялық қызметтің қолжетімсіздігі болып отыр. Көп жасөспірім қайда барып кеңес алу керегін де білмейді. Біздің аналар үйінде де кәмелет жасына толмай ана атанған жасөспірімдер болды. Қазір жоқ, – дейді Құралай Жұмабекова.
«Аналар үйі» басшысы ерте жүктіліктің себебінен тыс, салдары туралы да ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, жасөспірім қыздардың ағзасы бала көтеруге әзір болмайтындықтан, үлкен шиеленістерге әкеліп соғады. Мұнымен қоса, ерте жүктілік пен ана атану баланың оқуды тастауына, карьералық болашағына балта шабуына және қаржылық тәуелділікке ұшыратады. Сонымен қатар жасөспірім аналар қоғамның талқысы мен психологиялық қысымға ұшырап, эмоционалдық күйзеліске түседі.
«Аналар үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі жағдайды бақылауға алып, өткір мәселені шешу үшін білім беру орындары жыныстық тәрбие мен медициналық кеңеске қолжетімділікті арттыру қажет екенін жеткізді.
Бүгінде құзырлы органдар тарапынан жасалып жатқан шаралар жеткіліксіз деп санаймын. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін мектептерде міндетті жыныстық тәрбие беру енгізілуге тиіс. Жасөспірімдер шынайы ақпаратқа қол жеткізе алуы керек. Мектептерде ата-аналармен жұмыс істеп, оларға да жыныстық тәрбие беру қажет. Қыз балалармен қатар ер балалармен де жабық тақырып жайлы ашық сөйлесу қажет. Кәдімгі репродуктивті денсаулық туралы оқыту жүргізілуі керек.
Сонымен қатар ата-аналар балаларымен маңызды тақырыптарды талқылаудан қорықпағаны жөн. Мемлекет тарапынан жас аналарды қолдайтын әлеуметтік бағдарламалар, оқыту және жұмысқа орналасуына көмек көрсету мәселесі қолға алынуы қажет. Шұғыл шараларға келсек, жасөспірімдерді мектепте ғана емес, мектептен тыс уақыттарда да жұмысты күшейтіп, профилактикалық бағдарламаларды дамытып, ол процеске ата-аналарды да тарту керек, – дейді Құралай Жұмабекова.
Ерте жүктілік көбейді
Атырауда былтыр 127 мектеп оқушысы жүкті болып қалды. Бұл – алып-қашпа әңгіме емес, кәдімгі ресми мәлімет. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы «жабық» ақпаратты растап отыр. Қазір кәмелетке толмаған 92 оқушы қыз жүктілігін аяқтаған. Оның ішінде босанғандары да, түсік жасатқандары да бар.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, оқушы қыздар арасында жүктіліктің көбеюінің бірнеше себебі бар.
«Бұл жерде әлеуметтік, экономикалық проблемалар, мәдени және діни ерекшеліктер, сондай-ақ жасөспірімдердің ерте физиологиялық жетілуі сияқты мәселелер бар. Ата-аналардың балаларға тиісті деңгейде назар аудармауы, отбасындағы ауыр атмосфера, мұның барлығы, сайып келгенде, жасөспірім қыз баланың келеңсіз жағдайға тап болуына себеп болып отыр», – дейді спикер.
Дегенмен алдыңғы жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, Атырауда оқушы қыздар арасындағы жүктілік сәл де болса азайған. Мәселен, 2022 жылы облыста 173 жасөспірім қыз жүкті болған. Оның ішінде 102 жүкті оқушы қаладан, қалғаны ауылдық жерлерден тіркелген. Сол жылы 85 жасөспірім ана атанған. Белгілі болғанындай, оқушылар арасындағы жүктілік мәселесі Мақат және Жылыой аудандарында жоғары болып тұр.
«Біздің қолымыздағы мәліметтер ерте жастан жүкті болу мәселесі көбіне діни сенімді ұстанатын отбасыларда тіркелетінін көрсетіп отыр. Толық емес отбасыларда да мұндай жағдай бар», – дейді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
«Сол себепті жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу үшін ата-аналар, мектеп әкімшілігі және денсаулық сақтау органдары бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізуі қажет. Бұл бағытта жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және ата-аналармен тығыз байланыс орнату маңызды», – дейді маман.
Мамандардың айтуынша, жасөспірім қыздар көбіне ата-аналарынан қорқып, түсік жасатуға мәжбүр болады.
«Мұндай фактор олардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, бедеулікке әкелуі де мүмкін. Сонымен қатар ерте жүктілік жас аналардың психикалық жағдайына да әсер етіп, қоғамға бейімделуін қиындатады. Моральдық және материалдық қиындықтар да үлкен әсер етеді. Бәріне бірдей топырақ шашпаймыз, дегенмен әкесіз өскен қыздар ер адамдардың жылуын іздеп, алданып қалуы мүмкін. Бұл жағдайлар олардың ерте жүктілікке ұшырауына себеп болуы ықтимал», – дейді отбасылық психолог Салтанат Қабақбаева.
Әдетте «мал құлағы саңырау» деп жылы жаба қоятын тақырып, шыны керек, қазақ отбасында талқылана бермейді. Бірақ ұрпақты ата-ана, отбасынан бұрын интернет тәрбиелеп жатқан қазіргі заманда ұлға да, қызға да жыныстық тәрбие беру өзекті болып отырғандай.
Акушер-гинеколог Әйгерім Қайратқызының айтуынша, соңғы төрт жылда Атырау облысында кәмелетке толмаған қыздар арасында жүктіліктің 800-ге жуық жағдайы тіркелген.
«Жүкті болып қалған жасөспірім қыздар көп жағдайда жақындарының қолдауынсыз қалады. «Әке болуға дайын емеспін» деген желеумен жеткіншектің өз жөнімен кететіні онсыз да белгілі. Сондықтан ерте жүктілік қыз балаларға физикалық және психологиялық тұрғыдан қатты әсер етеді. Медициналық тұрғыдан қарастырғанда, ерте жүктілік жасөспірімдердің денсаулығына өте қауіпті. Қыздар жиі қолданатын түсік түсірудің соңы бедеулікпен, кейде тіпті өмірімен қош айтысумен аяқталуы да мүмкін. Сондықтан «менің қызымның басындағы жағдай емес» деп бұғып отырмай, бұл мәселеге тұтас қоғам назар аударуы керек», – дейді акушер-гинеколог Әйгерім Қайратқызы.
Атыраудағы әжелер мектебінің төрайымы Жұмагүл Нәсиқызы бесіктен белі шықпаған қыз балалар арасындағы ерте жүктілік мәселесінің өршуіне отбасындағы тәрбиенің ақсауы кері әсер етіп жатыр деген пікірде.
«Қызға қырық үйден тыйым» деген керемет сөз бар. «Қыз – қонақ» деген халқымыз, оң босағадағы қызын қашанда аялап, әлпештеп, төрінде еркелетіп өсірген. Анасы, әжесі, жеңгесі, одан қалды тұтас рулы ауыл қыз баланың тілеуін тілеп, тәрбиесіне араласып отыратын. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда ана, әже, әке, ата мектебі әлсіреп кетті. Қу тіршіліктің қамымен уақытының көп бөлігін жұмыста, интернетте өткізетін заманауи отбасылар құндылықтардан ажырап барамыз. Өзінің әрқашан отбасына керек екенін сезініп өскен қыз баласы қате қылық жасамайды. Қыз балаға қамқор болып жүретін әкесі, ағалары болса, пайдалануды ойлап тұратын зорлықшылар да жолай алмас еді», – дейді Жұмагүл Нәсияқызы.
Зорлықшы дегеннен шығады, Атырауда осы тақырыпқа қатысты сұмдық жағдай болған еді. Өзін зорлаған ер адамға күштеу арқылы тұрмысқа шыққан 15 жастағы жүкті қыз бала көмек сұрап дабыл қаққан еді. Әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көмек сұраған қыз бала өзін 20 жастағы ер адамның зорлап кеткенін мәлімдеген болатын.
«Зорлық салдарынан жүкті болып қалдым. Кейін шу болмас үшін жігіт күшпен әйелдікке алды. Аяғым ауыр болғанына қарамастан, күйеуімнен әлі қорлық көріп келемін. Анам жүре алмайды, онкологиялық ауруға шалдыққан. Мен күйеуімнен де, оның отбасынан да қысым көріп жүрмін. Кімнен көмек сұрарымды да білмеймін. Жинап жүрген дәлелімнің бәрі телефонымда болатын. Бірақ олар менің телефонымды сындырды. Өзіме жасалып жатқан қысымды қалай дәлелдерімді де білмеймін», – деген еді шарасыз жасөспірім.
Атырау облысының Полиция департаментінде аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқаны хабарланды.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алғашқы тергеу барысында жәбірленуші қажетті сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты. Бұл толық тергеу әрекеттеріне кедергі келтірді. Алайда 25 қыркүйекте әлеуметтік желілерде таратылған ақпарат негізінде тергеу қайта басталды», – деп нақтылады Атырау облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет.
Соңғы төрт жылда оқушылар арасында 800 жүктілік тіркелген. Жоғарыда айтылған бұл қорқынышты статистиканың артында қилы-қилы тағдырлар жатыр.
Дереккөз: Aikyn.kz.
Фото интернеттен.