Олжас Бектенов Абай өңіріндегі өнеркәсіптің дамуымен танысты
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Абай облысының индустриялық дамуымен танысты. Отандық кәсіпорындарға, атап айтқанда ірі машина жасау өндірістеріне және қаптама материалдар мен цемент шығаратын зауыттарға барды.
Олжас Бектенов «Қазполиграф» ЖШС өндірістік қуатын аралап көрді. 83 жылдық тарихы бар ең көне комбинат тамақ өнеркәсібіне арналған қаптамалардың барлық түрін жасайды.
Жыл сайынғы өндіріс көлемі қағаз және картон ыдыстардың, полимерлі пленкалардан жасалған престелген және қаптама бұйымдарының шамамен 35,5 мың тоннасын құрайды.
Барлық ассортимент қазақстандық азық-түлік өндірушілер арасында үлкен сұранысқа ие, сондай-ақ көрші елдерге экспортталады.
«Біздің зауыт 1941 жылдан бері жұмыс істейді, мұнда 700-ден астам адам еңбек етеді. Біз орағыш материалдар, гофрленген қаптамалар, тамақ өнеркәсібіне арналған жапсырмалар және басқа да өнімдер шығарамыз.
Біз пленка, пергамент, фольга, эколин сияқты материалдарды қолданамыз. Өнімдерді Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға жеткіземіз», — деді «Қазполиграф» ЖШС сыртқы экономика жөніндегі директоры Қайрат Омарғалиев.
Премьер-Министр өңірдің және жалпы республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысты. Абай облысы көкөністерге, ұнға, макарон және ет өнімдеріне деген өз қажеттілігін толық көлемде жабады (сиыр еті бойынша – 229%, құс еті бойынша – 151%). Өткен жылы өңір ет өндіруді 3%-ға (83,8 мың тоннаға дейін) және сүт өнімдерін өндіруді 2,4%-ға (289,6 мың тонна) ұлғайтты.
Премьер-Министр сонымен қатар «СемАЗ» ЖШС машина жасау зауыты және Семей машина жасау зауытына барды. Үкімет басшысына кәсіпорындардың технологиялық желілерін дамытудың ағымдағы қызметі мен алдағы жоспары туралы баяндалды.
Анықтама: Биылғы қаңтар-маусым айларында Абай облысында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 895,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішімен салыстырғанда ұлғайды (2023 жылы 673,6 млрд теңге).
ЖӨӨ-дегі (жалпы өңірлік өнімдегі) өнеркәсіптің үлесі 3 айда 41%-ды құрады. Сондай-ақ осы жылы өңірде өнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандар саны — 26,5 мың адамға өсті.