Ширктің “атасын” мұсылмандар жасап жүрген жоқ па?
Қазақстандағы Ислам дінінің өкілдері мұсылмандар біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыздың көп элементтерін “ширк” деп, жанталаса тыйым салуды әдетке айналдыруда.
Келіннің үлкенге иіліп сәлем салуы, жеті шелпек пісіру, домбыра тартып, ән салу, көз моншақ тағу… айта берсек, осындай дүниелердің бәрін қазіргі өзін мұсылман санап жүрген қауым “Аллаға серік қосу” деп барынша тыйым салып, әлеуметтік желілерде осыған қатысты түрлі уағыздарын айтады.
Алайда сол Ислам дінінің өкілдері өздері сенетін діннің нағыз ширкке құрылғанын біле ме? Мысалы, мұсылмандар буддизм сеніміндегілерді “кәпірлер” дейді, ал өздері реинкарнация туралы ашық айтады.
Буддизмде өлген адам қайта тірілетіні туралы, яғни реинкарнация туралы айтады. Исламда да дәл солай, өлген адамды жерге көмген сәтте қайта тірілетіні, сұрақ-жауап алынатыны, Барзақ әлемінде қиямет күнін күтіп жататыны айтылады. Олай болса, буддистер де дұрыс жолда емес пе?
Он шақты жыл бұрын Жаркенттегі әулие ағашты “ширк” деп мұсылмандар өртеген-ді. Алайда Меккедегі қара тасқа саусағын тигізу үшін мұсылмандардың қалай жанталасатынын көрген боларсыз? Жаркенттегі ағаш пен Меккедегі қара таста айырмашылық бар ма? Екеуі де Алланың жаратылысы ғана емес пе? Әлде Меккедегі қара тас Алланың өзі ме?
Сондай-ақ Құранның әр сүресінде Алла мен Мұхаммедтің есімі қатар айтылады, неге? Алла жалғыз дейді де, оның жанында міндетті түрде пайғамбардың аты бірге айтылады. Тұтас Құранда Мұхамедтің аты Алладан гөрі көп екенін білесіз бе? Неге? Ал ең бастысы, Құранның авторы кім? Алла ма, Мұхаммед пайғамбар ма? Егер екеуінің бірі автор болса, неге ешбір Құранда аттары көрсетілмейді?
Қазақ халқы туған-туысының қабірінің басына барып, дұға оқып, ол жерді тазартып тұрады. Алайда кей мұсылман мұны да құп көрмейді, өліден тілек сұрайды дейді. Алайда өздері “Алланың үйі” деп өздері соққан мешітті әспеттеп, сол жерде дұға оқып, тілек тілейді. Ештеңеге мұқтаж емес Аллаға жерде үй соғудың қажеті бар ма? Әулие-әмбиенің басына барып, дұға бағыштап, алақан жаю — ширк болса, мешітке барып, тілек тілеу — ширк емес пе?
Келесі нәрсе — қазіргі мұсылмандардың шоқша сақал қойып, әйелдердің хиджабқа орануын айтар болсақ, бұл да адамға табынудан туындаған үрдіс емес пе? “Пайғамбардың сақалы болған”, “Пайғамбар балағын түріп алып жүрген” деген түсініктің арқасында қазір біздің мұсылмандар жаппай сақал қоюды әдетке айналдырды.
Пайғамбар сақал қойса, қойған шығар, бірақ саған Алла тарапынан “дәл пайғамбар сияқты киін, сол сияқты сақал қой” деген бұйрық болмады ғой? Олай болса, пайғамбарды пір тұтып, соған еліктеп, соған ұқсау үшін сақал қою — астыртын пендеге табыну үлгісі емес пе? Ал әйелдердің хиджабқа орануы — араб халқының ұлттық киіміне деген асқан сүйіспеншілік пе? Ұмытпаңыз, кез келген асқан сүйіспеншіліктің соңы табынуға апаратын тіке жол.
Қазақтың жеті шелпегін, домбырасы мен ән-күйін ширк дегендер Қағба тасын сүюді неге ширк демейді? Ал ең сорақысы, күні кеше ғана Шымкенттегі мешіттің ашылуына келген Тоһаның қолын сүйген мұсылмандардың әрекеті пендеге табыну емес пе? “Ол көрсетілген құрмет” деп жалтарады дүмшелер.
Олай болса, келіннің иіліп сәлем салуы — үлкенге құрмет, шелпек пісіру, зиратқа бару — аруаққа құрмет, ән, айтып, домбыра тарту — рухани жанға деген құрмет.
Самал МӘДИ, Democrat.kz.
Фото интернеттен алынды.