«Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстарындағы жағдай жаға ұстатады» деді сенатор

0
189

Сенат депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп бүгін жоғарғы палатының жалпы отырысында депутаттық сауал жолдай отырып, Қазақстанда ерте босанатын оқушы қыздардың тағдырын сөз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы, Қазақстанда кәмелет жасына толмай бала көтеретін қыз балалардың саны көбейіп кеткеніне алаңдаған ол Сенатта нақты статистиканы мәлім етті. Айта кетейік, бұған дейін біз де әр өңірдің денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдай отырып, ең соңғы мәліметтерді жариялаған едік.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне тоқталсақ, соңғы бес жылда 15-18 жастағы жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші шамамен бір жарым есеге артқан. Бұл пандемия кезінде басталған. Бірақ, соңғы төрт жылда бір қарқынын сақтап келеді. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5094 босану фактісі тіркелген. Бұл сол аралықта босанған жалпы әйелдердің 1,3 пайызы», — деді Нұртөре Жүсіп.

Ең бастысы, Нұртөре Жүсіп мына фактіге қатты назар аудартты: қаладан қарағанда ауылда тұратын жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік екі есеге көбейген.

«Жеті бірдей өңірде, әсіресе, оңтүстік, батыс аймақтарда туу көрсеткіші өте жоғары. Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарындағы деректер жаға ұстатады. Бұл жердегі балалар арасындағы туу көрсеткіш ауылда да, қалада да өте жоғары», — деді Нұртөре Жүсіп.

Осы мәселелерді ескерген депутат оқу-ағарту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінен халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып тез арада ерте жүкті болатын қыздардың жағдайына ведомствоаралық талдау жүргізуді сұрады.