Ұшақ апаты: «Болған жағдай көз алдымнан кетер емес»

0
1092

Азаттық тілшісі Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшыраған ұшаққа алғашқы болып көмекке жеткендердің бірімен сөйлесіп көрді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Эльмира болған жағдай көз алдынан әлі кетпей тұрғанын айтып, жылап қалды.

«Ұшақ жарылды. Жарылған сәтте бізде автобуспен бардық. Көмекке басқа көліктерде келіп жатты. Біз ұшақтың бөлінген артқы бөлігінен адамдарды шығарып жаттық. Басқы бөлігі өртеніп жатыр. Барлығының да сау тамтығы жоқ. Көмек сұрап жатыр. Сол сәтте кішкентай қыз бала шығып, «анамды құтқарыңызшы, анам іште қалды» деп жылап келді. Мен сол жердегі жасөспірім қыздарды құтқарып жүрдім. Солардың маған жалынып жылағаны көз алдымнан әлі кетпейді. Бұл қорқыныштан мен қашан айығамын? Өз аяғымен жүре алатын жолаушыларды тоңып қалмасын деп, көлікке отырғыздық. Киімдері жұқа. Бізден кейін жедел жәрдемде келді. Өмірімде бірінші рет мынадай жағдайды көрдім, өз қолыммен ұстадым адамдарды. Болған жағдайдың бәрі көз алдымнан кетпейді», – дейді ол.