«Заңсыз «Мақсатты мектеп» жобасымен мұғалімнің басын қатырып отырсыздар!» деді Айман Сағидулла

0
1884

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс ауылдық мектебінде 2024 жылғы 21 қазан күні өткен «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты жиын нақты, тұшымды жауабы жоқ сұрақтарға толы өтті деп жазады Democrat.kz.

“Мақсатты мектеп” жобасы заңсыз ба? Заңды болса, дәлел құжаты бар ма? Жоба неге талапқа сай алдын-ала талқылаудан өтпеді? Аяқ астынан пайда болған “түсіндірме жұмысының” негізгі мақсаты қандай?

«Мақсатты мектеп» жобасы — заңсыз» дейді ұстаз

Ернұр Дәуенов «Мақсатты мектеп» жобасының заңды күшіне  қатысты 2023-2024 жылы қабылданған Үкіметтің қаулысы барын, ол құжатты мектеп басшылары арқылы жолдайтынын айтып: «Әріптестер, мен де бұл жерде тұрып жалған ақпарат бере алмаймын. Үкіметтің қаулысы — министрліктің бұйрығынан да жоғар. «Нысаналы мектеп», курс болады, тест тапсырады деген абзац бар, мен оны сіздерге жіберемін»,- деді. (Төмендегі видеода)

Ал белсенді ұстаз Айман Сағидулла  — «Мақсатты мектеп» жобасының заңдық күші жоғын, заңсыз жобаны талқылаудың да қажетсіз екенін айтты. «Заңмен бекітілмеген «Мақсатты мектеп» жобасымен сіздер мұғалімнің басын қатырып отырсыздар», — деді белсенді мұғалім.

Сондай-ақ Айман ұстаз жобадағы тестте кездесетін әдепке жатпайтын, заңға томпақ келетін сұрақтарға да тоқталды.

«Мақсатты мектеп» — заңсыз жоба. Біз заңсыз жобаға қатыспаймыз», — деген белсенді мұғалім Қазақстан мұғалімдерінің құқығын бұзбауды талап етті.

Мұнан бөлек, белсенді ұстаз өз сөзіне дәлел ретінде тиісті заңдардан арнайылап, дәлелдерін де алға тартты. (Төмендегі видеода)

 

Интернет заманында өз сөзіңді дәлелдеу үшін әрі кетсе, 2-3 секунд қана керек. Телефонды ашып, керек дүниеңді тауып, «отправить» деген түймені баса салуға болады.

Неге екені белгісіз, министрлік өкілі Ернұр Дәуенов сөзіне дәлел келтіру үшін олай етпеді. «Мақсатты мектеп» жобасының заңдылығын дәлелдейтін құжат мәселесі осылайша кейінге ысырылды.

Депутат Жұлдыз Сүлейменованың «кез келген жоба алдын-ала талқылануы қажет. Ал талқыланбаған жоба — заңсыз саналады» деген сөзіне қатысты Ернұр Дәуеновтің берер жауабы болмаған сыңайлы, сұрақ тағы да шетте қалып қойды.

Мұнан бөлек, дәл қазір «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты еліміздің бірнеше өңірінде мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Бұл жерде Оқу ағарту министрлігінің «түсіндірме жұмыстары» өз-өзін заңсыздандырып тұрған жоқ па? Алдын-ала жоспарда бекітілмеген кездесу ұйымдастыру, бұл жиын үшін Астанадан — Алматыға келу, мектепте шаруасы әлдеқашан біткен мұғалімдерді сағаттап күттіру, сосын осындай жиын өткізу — Қазақстанның қай заңына сәйкес жасалды?

Қызмет бабымен жолға шығатын әрбір қызметкерге бюджеттен қаржы бөлінетінін ескерсек, онда ел қазынасының ақшасын жұмсап келген бұл жиында неге министрлік өкілі «Мақсатты мектеп» жобасының заңдылығын дәлелдейтін құжаттарын ала келмеген?

Бұл жерде бір нәрсені назардан тыс қалдырдық. «Мақсатты мектеп» жобасы басталғалы үш айға жуықтады. Ал «түсіндірме жұмысы» неге дәл қазір басталды? Әлде шенеуніктердің Астанадан ат арытып келуіне мұғалімдердің ашық хаты себеп болды ма?

Себеп — ашық хат болса, Ернұр Дәуеновтің «Мақсатты мектеп» жобасын заңды құжатпен дәл осы жиында дәлелдеп, көрсете алмауын қалай түсінбек керек?

Аяқ астынан «пайда бола қалған» түсіндірме жұмысының негізгі мақсатының не екенін Оқу ағарту министрлігі де, сол министрліктің сойылын соғып отырғандар да жақсы білсе керек.

Ал былайғы  жұрт соңғы екі күнде  «Мақсатты мектеп» жобасының заңсыз екеніне, білім сапасын арттыруға мысқалдай үлес қоспайтынына, мұғалімді бос шаршату екеніне тағы да көз жеткізе түспеді ме, қалай ойлайсыз?

Дайындаған — Меруерт ХУСАИНОВА.

Фото, коллаж және видеолар Democrat.kz. сайтыныкі.