Зарлап қалған халықтың обалын кім көтереді?

0
124

Үлескерлерді зар қақсатып, пәтерге салған ақшасын оңды солды шашқан құрылыс компанияларының крышасы кім? Не алған үйі жоқ, не салған ақшасы жоқ зарлап қалған халықтың обалы кімге? Қалай ғана жұрттың баспанаға деп салған ақшасын жеке бас пайдасына жаратады?

Миллиардтарды қылғытқан, биыл 66 жасқа келген Игорь Жаков не себепті 6 жылға ғана сотталды?

«Ақ қашып, қызыл қуып» дегендей алағай да бұлағай 1993 жылы Игорь Александрұлы «FONT» ЖШС құрып бастады. Кейіннен бұл ЖШС-ның құрылтайшылары «Building Group» ЖШС және Игорь Жаков болды. Нақтырақ айтсақ 1997 жылдан бері осы компанияны басқарып келеді.

09.06.2005 «Building Service» ЖШС болып құрылып, тіркеледі. Құрылтайшысы Жаков пен «FONT» ЖШС. Қалай қалай құбылады,ә? Үш компания да бір-бірімен тығыз байланысты, үшеуі де Жаковқа қарайды.

Ең қызығы, «Building Service» ЖШС менеджерлері болып:
2005-2008 жылдары — Нұрғазиев Мұрат Аршанұлы, 2008-2011 жылдары — Дауренбеков Валерий Ахатович, 2011-2013 жылдары — Жаков Игорь Александрович, 2013 жылдан қазіргі уақытқа дейін қайтадан — Нұрғазиев Мұрат Аршанұлы.

Осы компанияны құрып алған Жаков не істейді? Дұрыс айтасыз, халықты лақтыруды бастайды. Адамдар тобымен алдын-ала сөз байласу арқылы қылмыстық жоспар құрып, өзіне сеніп тапсырылған ақшаны иемденеді. Шот-фактураларды, аударымдарды қабылдау актілерін беру арқылы серіктестіктің бухгалтерлеріне нұсқаулар беріп, кассалық есеп айырысу операцияларына түзетулер енгізіп, есепке алу құжаттарының телнұсқасын беріп, «Тау-Көктем» тұрғын үй кешенін салуға арналған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырады да өзіне алып алады.

«Тау-Көктем» тұрғын үй кешенінен үй аламыз деп, дәмелері дамбалдай болған үлескерлер «Building Service» ЖШС-нің кассасына ақша салған. Ол ақшаны Жаковтың қалтасына өз қолдарымен салғандарын сезбейді де.

Ал, Жаков қайтеді? Ол Aston Martin, Maserati, Porsche Cayenne, Mercedes Benz, Lexus секілді қымбат жаңа көліктер, Ulysse Nardinдегі ​​Шыңғысхан секілді қымбат сағаттар мен Vertu сияқты қымбат телефондар алады.

2004 жылғы 8 маусымда «Building Group» ЖШС мен «Grand Hotel Tien-Shan» ЖШС арасында «Grand Hotel Tien-Shan» қонақ үй кешенін қайта құру жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт түзіледі.

2006 жылы Жаков Сәрсеновтермен жоғарыдағы қонақүйді қалпына келтіру үшін жеке қарым-қатынасы негізінде оларға жалпы сомасы 230 миллион теңгеден асатын (сол кезде шамамен 2 миллион доллар) 3 пәтер тіркейді.

«БТА-Инвестстройгрупп» ЖШС-ның сол кездегі басшысы Тимур Қонақбаев «Building group» ЖШС-мен «Тау-Көктем» тұрғын үй кешеніне бетон құю, такелаждық жұмыстар, тіректерді орнату және қасбеттік қабырғаларды арматурамен қаптау кірпіштерін қалау жөнінде келісімге қол қояды.

Дәл осы уақытта дәл осы «БТА-инвестстройгрупп» ЖШС тапсырыс беруші ретінде «Building Group» ЖШС-мен Алма-Арасан шатқалында Көк-Шоқты ауылында қонақ үй салуға келісім-шарт жасасқан.

«БТА-Инвестройгрупп» ЖШС 602 миллион теңгеге несие алып, ол ақша Қонақбаев пен Жаковтың есеп-шотына аударылады.

Жаков Қонақбаевқа атқарған жұмыстары үшін 2005 жылы 15 миллион теңге тұратын (бастапқы құны 500 000 доллардан астам) Porsche Cayenne Turbo, GT750 AERO III Gembala көлігін сыйлайды.

«БТА-инвестстройгрупп» ЖШС-нің «Нұрбанк» АҚ алдында 4 982 752 230 теңге кредиторлық берешегі бар, ол 4-ші кезекке 916 613 149 теңге және кредиторлар талаптары тізілімінің 5-ші кезектегі 413 069 теңге сомасына енгізілген.
Осы іс материалдарына сәйкес, сол кезде Еговтың анықтамасына сәйкес, Игорь Александрович Жаков «БТА-инвестстройгрупп» ЖШС басшысы, құрылтайшысы Тимур Асылбекұлы Қонақбаев екені анықталды.

Осылайша, заңды күшіне енген сот шешімдерімен «БТА-Инвестстройгрупп» ЖШС-нің «Нұрбанк» АҚ алдында 21 млрд теңге қарызы бар екені анықталып, 4 983 352 267 теңге өндірілді.

Сөйтіп жалғанды жалпағынан басып, миллиондарды тиын, миллиардтарды теңге көрмеген Жаков Игорь Александрұлы ұсталады.

2020 жылдың 08 маусымында Алматы қаласы Медеу аудандық №2 соты «Building Service» ЖШС бұрынғы құрылыс салушысының құрылтайшысы Жаков Игорьға қатысты үкім шығарып, ол үлескерлердің ақшасын иемдену және жымқыру фактілері бойынша кінәлі деп танылып, 2020 жылдың 1 қазанында 6 жылға сотталды. Араға 2-3 жыл салып қайтадан еркіндікке шығып алды. Браво!

ҚР ІІМ! ҚР Бас прокуратурасы!

Мынау не масқара? Халықтың бала-шағаның аузынан жырып жинаған миллиардтарын жеген Жаков небәрі 6 жылға сотталады да, 2-3 жылда шығып алады!

Мемлекеттің өзі алаяқтықты заңдастырып отырған жоқ па? Неге Жаковтың жегенін құстырмайды? Қарапайым жұрттың айыппұлын соңғы тиынына дейін төлетесіңдер ғой. Бұның да дамбалына дейін сыпырып алыңдар!

Әншейінде тауық ұрлаған кедейді 6 жылға соттап, оны мерзімі бітпей түрмеден шығармайсыңдар! Миллиардтарды қылғытқан Жаков неге құспаған?

Неге 6 жылға ғана сотталып, мерзімінің жартысына жетпей шығып алған? Әлде, оған тиісуге Жаковтың көкелерінен қорқасыңдар ма?

Оңғар ҚАБДЕН, журналист.

Арнайы Democrat.kz. үшін.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.