Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шеңберінде орта білім беру жүйесіне ЖИ енгізу мәселесіне назар аударды деп жазады Democrat.kz.
«12 мамыр күні Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Аталған құжат қалай жүзеге асырылуда?»,
— деді Олжас Бектенов.
Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Министрлік тиісті жұмыстар бастағанын баяндады.
Бірінші. 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Құжат белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізіледі.
Кешенді жоспарда мектептердің цифрлық және инфрақұрылымдық дайындығын дамыту; педагог кадрларды даярлау; білім беру процесінде AI-шешімдерді қолдану көзделген.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пилоттық жобаға қатысуға дайын 500 мектептің тізімі қалыптастырылды, оның ішінде 250 шағын жинақты мектеп; 150 жалпы білім беретін мектеп; 100 «Келешек мектептері».
Қазіргі таңда мектептердің цифрлық инфрақұрылымына, жоғары жылдамдықты интернет сапасына, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуіне, кадрлық әлеуетке және білім беру ұйымдарының AI-шешімдерді енгізуге дайындығына талдау жүргізілді.
Екінші. Педагогтерді даярлау. Бүгінде 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде жасанды интеллектіні тиімді қолдану бойынша арнайы оқытудан өтті. Сонымен қатар OpenAI компаниясының GPT-edu платформасын пайдалану үшін 100 мың педагогқа лицензия берілді. Қазіргі таңда мұғалімдер жасанды интеллектіні оқу процесінде белсенді қолданып, оқу контентін бейімдеп тиімді пайдалануда.
Қосымша ретінде, жазғы кезеңде пилоттық мектептердің педагогтерін цифрлық педагогика, заманауи оқыту әдістемелері және білім беру процесінде AI-құралдарын практикалық тұрғыда қолдану бағыттары бойынша кезең-кезеңімен оқыту жоспарлануда. Бұл бастамалар педагогтердің цифрлық құзыреттерін арттыруға, оқыту сапасын жетілдіруге және білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды тиімді енгізуге мүмкіндік береді.
Үшінші. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Кай-Фуд Лидың ұсынымдарын ескере отырып, білім беру процесіне AI-шешімдерді енгізу бойынша жеке жобаны іске асыру жоспарлануда.
І кезең (2026 жылғы 1 қыркүйек – 26 қазан):
қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 10 шағын жинақты пилоттық мектепте жобаны іске қосу;
пилоттық өңірлер ретінде Қызылорда және Павлодар облыстары айқындалды;
апробация 4-сыныптарда «Ана тілі», «Математика», «Цифрлық сауаттылық» және «Жасанды интеллект» пәндері бойынша жүргізіледі.
ІІ кезең (2026 жылғы 3 қараша – 23 желтоқсан): пилотты 50 мектепке дейін кеңейту.
ІІІ кезең (2027 жылғы 8 қаңтар – 24 мамыр): қосымша тағы 300 мектепті қамту.
Төртінші. Сонымен бірге, дербестендірілген оқытуды, бейімделген тапсырмаларды әзірлеуді, білім нәтижелерін нақты уақыт режимінде талдауды және білім алушылардың оқу олқылықтарын уақтылы анықтауды қамтамасыз ететін ұлттық AI-білім беру платформасы енгізілетін болады.
Бесінші. Кешенді жоспардың жеке бөлімі цифрлық қауіпсіздік пен жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану мәселелеріне арналған.
Білім беруде жасанды интеллектіні қолдану стандарттарын, академиялық адалдық тетіктерін, балалардың дербес деректерін қорғауды, сондай-ақ цифрлық білім беру контентіне міндетті сараптама жүргізу жүйесін енгізу көзделуде.
«Бұл – өте маңызды құжат. Президенттің барлық тапсырмасын уақтылы әрі сапалы орындау қажет»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Дереккөз: Үкімет