Мемлекет жастардың тағдырына «талақ» айтты

0
204

Қазір түнде, кешқұрым көшеге шығатындардың ішінде еркектер сиреген заман. Бұрын “бірге-бір”, “жекпе-жек”, “құласа, орнынан тұрғызу”, “бастан теппеу” деген жазылмаған ережелер болатын.

Кейін “құның бір оқтық” деген лепірме шықты. Жастықпен біраз төбелеске қатыстым. Әйтеуір, түрлі текетірестерде жігіттер бір-бірінің құнын жалқы оқпен өлшеген болып әупіремдеп жататын.

Бос сөз ғой, солардың көбі шүріппені басуды да білмейді, шынтуайтында.

Кейін тағы бір тұрпайы тренд шықты: Жабылу…

Қазіргілер шибөрі секілді жабылады. Бірге-бір шақырсаң, ығып кетеді.

Біздің бозбала кезіміз ашық жекпе-жектен жабылу үрдісіне өтіп жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. Біз Көше социологиясының қалай құбылғанын ішінен көріп, ішінен бақыладық.

Ауылдамыз,.. тоқсан алтылар жаңа жыл кешінде менің ағама жабылды, соңында шетінен жекелей таяқ жеді. Бірінің жағы сынды, бірі өз досының жамбас етіне пышақ сұғып алды. Сонда мұндай бейшаралыққа баруына не көрінді дейсіз ғой…

Сол баяғы қызғаныш. Ағамның абыройы асқақтап, ауыл жігіттер арасында сыйлы болып кетті. Аналар б*қ сасып, елеусіз қалған. Содан… содан жаңа жыл кешінде ұйымдасқан түрде жабылады ғой.

Алайда жымысқы тырманыстарынан түк шықпаған.

Жабылудың негізгі себебі — ішкі сенімсіздік.

Жабылудың астарына үлкен психологиялық күйреу, моральдік құлдырау жатыр.

Жабылу — еркек жынысты болып туғанымен, психологиялық дамуы сасық өлекше жейтін жебірлердің мақамында дамыған мақұлықтық жетілудің жадағай түрі, қоғамға, қоршаған айналасына, тіпті өзіне-өзін мойындата алмаудан туған сенімсіздік, мерез індет.

Қазір біздің қоғамда бәрі өз ойына келгенін істей береді. Бірақ мұның түпқазығын, әлеуметтік себебін тануға ұмтылатындар аз.

Бірінші себеп — қоғам бетімен кетті.

Қоғамдық тәртіпті жүйелеп тұратын заңда қауқар жоқ. Заңды кез келген қылмыскер ребус секілді шешіп, үстінен аттап-бұттап жүре береді.

Екінші — білім ошақтарындағы жалпысапаның төмендеуі. Білім алу тұтас идеяға, публикалық мүддеге айналмаған қоғамда мақұлықтық сана дами береді. Білімсіз қоғамның бір белгісі — тұрғындардың өз елі, өз жерінде көшеге шығуға қорқуы.

Үшінші — мемлекеттің жастарға, жастар тағдырына “талақ айтуы”. Талғардағы баланы өлтірген жігіттердің жұмыссыз бос жүргеніне, спорт залға бармайтынына, қызбен дұрыс сөйлесе алмайтынына, бетімен лағып жүргеніне мен сенімдімін.

Біздің қоғамда жастар өзін қажетсіз, маңызы жоқ кеңістік сезінеді. Amanat-тың “Жастар рухы” тұтас жастардың көрінісін бере алмайды.

Біздегі жастарың жиынтық көрінісін көргіңіз келсе, шалғай ауылдарға барыңыз. Шегу мен ішу, нашақорлық салтанат құрып тұр (Қаладағы шырттай киініп, жаттанды, жылтыр сөз айтқан бірді-екілді жағымпазға таңданбаңыз, ішке, өңірге, аударға қарай өтіңіз, сонда елдегі тұтас картинаны көресіз).

Жалпы, қасіретті біз өз-өзімізге жасап жатырмыз. Ұлт іштей өзін-өзі құртып жатыр. Басқа ештеңе емес…

Дастан ҚАСТАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.