Мұғалім робот емес, адам екенін ұмытпайық
Қазір бүкіл әлеуметтік желідегі ата-аналар тобында “каникулда бала қайда болады?” деген сауалға жауап алынуда. Өзіміз де оқушының ата-анасы ретінде бұл сауалға “бала жанымда, қалада болады” деп жауап бергенбіз. Сөйтсек, бұл сауалнаманың астары біз ойлағандай емес екен.
Мәселе мынада екен, каникулдың кезінде де оқушы мектепке баратын болса, мұғалім оқушысы үшін бәрін жинастырып тастап, сол баланың оқу-тәрбиесімен айналысуға тиіс. Сіз бір нәрсе түсіндіңіз бе? Сонда қалай? Мұғалім каникул кезінде онсыз да бітпейтін қағазбасты жұмысын, қала берді жеке өмірін шетке ысырып қойып, дәл каникул кезінде “мектепке келгісі келетін” оқушысымен отыруы керек пе?
Осы мәселеге байланысты әлеуметтік желіде қазақстандық белсенді мұғалім Айнұр Сабыр жазба қалдырды. “Тәрбиенің бәрін мектепке артып қойғаннан, үйінде аяғының астындағы қоқысты иіліп алмайтын балалар өсіп келе жатыр. Қазір желпілдетіп, ана мектеп, мына мектеп деген желеумен мұғалімдерге баланың әке-шешесін қосып тәрбиелетіп қойды.
Ең сорақысы каникулда да тоқсан тоғыз сылтаумен ата-ана мен баланы мектепке сабылтып қойды. Каникулда мен балаларымды мектепке жібергім келмейді. Үйде істейтін шаруа көп. Бірігіп соны ыңғайлаймыз. Балаға жауапкершілік арту, айналасын жинату, шаруаны сеніп тапсыру да тәрбиенің бір түрі. Ол каникулда мектепте не істейді? Біреудің әңгімесін тыңдап қайтып келе ме?
Ондай әңгімені күнде естіп жүр. Күнде ести бергеннен өзі істеп көрсін. Шаруаға аралассын, жауапкершілікті сезінсін. Мұғалімі де баладан бір сәт демалсын. Өз балаларына уақытын бөлсін, келесі тоқсанның жұмысын жоспарласын. Мектептің іші де тазарсын, бөлмелер тазалансын, ауасы желдетілсін, балалар қиратқан дүниелер жөнделсін, жардағы оқушылардың аяқ ізі тазартылсын…” деп жазады Айнұр Сабыр.
Демалыс кезінде ата-ана өз баласының жауапкершілігін мойнына алмаса, сонда ол бала қашан отбасылық тәрбие алмақ? Қала берді, ресми демалыста баланың мектепте не ісі болуы мүмкін? Ал мұғалім каникул кезінде шығармашылық жұмыспен айналыспаса, қай уақытта білімін жетілдіруге уақыт табады?
“Мұғалім оқушыға 7/24 жауапты” деген түсінікті осылай сыналап енгізу әдісі басталғаны ма?Мұғалімнің робот емес, кәдімгі сіз бен біздей адам екенін ескермесек, болашақта мұғалім болатын адам таппай қалармыз, қалай ойлайсыз?
Самал МӘДИ,
Democrat.kz.
Фото ашық дереккөзден алынды.