Қыз алып қашу, табалдырыққа кемпірдің жатуы, ақ жаймасын аңду - жабайылық, надандық

Қыз алып қашу, табалдырыққа кемпірдің жатуы, ақ жаймасын аңду - жабайылық, надандық

Түркістан облысындағы "қыз алып қашу" оқиғасына қатысты түрлі пікір мен өз бастарынан өткен оқиғаларды айтқан жұрт "табалдырыққа жататын кемпір", "ақ жайма төсеу", "бақытсыздықпен қорқыту" жағдайларына байланысты қызу пікір жазуда деп жазады Democrat.kz. 

Қыз алып қашудың көбінесе оңтүстік өңірде жиі кездесетіні жасырын емес. Құқықтық мемлекет Қазақстанда күні бүгінге дейін өрімдей жас қыздарды жолда көлікке күштеп тығып, әйел етуге алып қашатындар қатары әлі азаймады.

Заң барын, алып қашу дегеннің "адам ұрлау" бабымен түрмеге қамалатынын білмейтін дәрежеде білімсіз болу мүмкін бе? Мүмкін емес дейін десек, неге "қыз алып қашу" жабайылығы тоқтамай тұр?

Өткен аптада қоғамды дүр сілкіндірген Түркістан облысындағы қыз алып қашу оқиғасына қатысты журналист Ләйлә Сұлтанқызы: "Алып қашуға дәті барған … баласы-ай. Бәрін соттаймыз ба не істейміз? Амал нешік… Тоқтау айтпаған ата-анада айып бар! Табалдырыққа жатып, қарғыс айтқан кемпірде айып бар! 

Ақыл айтпаған ДОСТАРДА айып бар! Қарсылықпен орамал таққан әйелдерде айып бар! Біреудің қайғысын - қуаныш көріп келген жұртта айып бар! "Простыня" тексеретіндері есіме түссе, тіпті күйіп кетем деп жазды.

Журналистің бұл жазбасына қатысты:

"Бәрі сол сауатсыздықтың, қараңғылықтың кесірі. Бізде солай келгенбіз, құдай шүкір өніп өсіп отырмыз деп жеңгелер талай қызды машинадан сүйреп түсіргенін көріп өстік.. Бірақ сол 2000-жылдарда қалған шығар десем әлі бар екен. Алып қашқан жігітті, анау әйелдермен бірге соттаса, сонда машинадан сүйреп түсіретін жеңгелер есін жияр".

"Қыздың артынан қуғыншы келмейінше , қыздың қасына жатуға да рұқсат жоқ негізі, тем более 17 жасар қыз ,кәмелетке толмаған. Соны қашан ұғады екен "южандар" 

"Жұмыстағы бір келіншек, келесі бөлмеде отырып "простыня" күтеміз деген..." Деген пікірлер жазуда. 

Қыз алып қашуда орындалатын әдеттің бірі "кетем" деген қыздың жолын табалдырыққа жатып, бөгейтін кемпірлердің әрекеті. Осындай кезекті жабайы әрекетке қатысты:

"Баяғыда алыс ауылда табалдырықта жатқан кемпірдің басынан бір теуіп, үстінен дәрет сындырып тастаған кластас құрбымыз бар. Асқар таудай ағалары барып, алып қашқыш әулетті далдұлын шығарып сабаған болатын. Құрбымыз шашы жалбырап, шабалаңдап жүрген кемпірді кетер алдында жамбастан жақсылап тұрып тепкенін айтқанда, айызымыз қанады. Қазір бақытты, сүйген адамына қосылған, бала-шағасы, стоматологиялық клиникалары бар. Қырғауылда коттеджде тұрады. Бақыт үшін күресейік, еш сынбаңыздар деп жазды  танымал экономика сарапшысы Айбар Олжай. 

Айбар Олжайдың бұл жазбасына қатысты:

"Босаға мен жаулықтың киесі деп отырғандар, адам, қыз тағдырынан асқан киелі не бар?? Какой то шүберек жапты екен деп, өмір бойы қаламаған адаммен тұру керек па? Мен он жылдан бері тұрмыстағы әйелмін. Бірақ жүріп жүргенде күйеуіме айтатынмын. Болды, жүріп жүрмін ғой деп алып қаша салсаң ерегіскенде қалмаймын, айтпады деме! Мәселе үйленбей тұрып, менің келісімімді, еркіндігімді таптағанда деп". 

"Анау табалдырықта жатып алатын кемпірдің үстінен аттап өтуге болмайды.Сол үшін үстінен езіп, омыртқасын сындырып кетіңдер". 

"Кемпірдің үстінен өтуге болмаса, сальто жасаңдар, қыздар. Немесе мостикқа тұрып алып, соларға қарай жүгіріңдер"

"Ол кемпірде не қасиет бар? сонша қорқатын? қарангылык қой, ведьма мыстан нан қорқу деген! Жас қыздар қарангы болмандар! Баба яга ол ертегі! оны Үлкенді сыйлау мен шатастырмандар! Үлкен кісі ешқашан дана аулие ешқашан Жастарга кедергі болып Бақытын байламайды! Үлкеннің де үлкені бар! "

"Мені де кезінде алып қашқан, сол кезде білмейм ол дұрыс па жоқ на эмоциях ақ орамалды алып етігіммен басып тастағам, бүкіл әулетін боқтап, сотпен қорқытып, бәрімен төбелесіп шыққам, еш өкінбеймін бірақ кейде орамалды баспау кк па еді деп ойланам..."деген пікірлер жазылуда. 

Қалай десек те, әлеуметтік желіде "ұят болады", "бағыңды теппе", "алып қашқан күйеуіңмен бақытты болуың мүмкін", "көз жасы ұрады", "кемпірдің қарғысы тиеді" дейтін ескі түсінікке құрылған, шындыққа жанаспайтын тыйымдарды алға тартып, малтасын езетін адам өте аз. 

Бұл да болса, қоғамның біртіндеп көзі ашылып, жаңа дәуірге сай өмір сүруді бастағанын көрсетіп жатқандай, қалай ойлайсыз?

Дайындаған Хақназар САДЫРХАН.

Барлық жаңалықтар