Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауы қалай жүзеге асырылып жатыр, қандай нақты қадамдар жасалып, қандай мәселелер шешімін тапты? Бұл сұраққа бірнеше саланың маманын сөзге тартып, пікірлерін білдік.
Экономист Жанна Адамбекқызы: "Өздеріңіз де білесіздер, былтырғы мемлекеттік бюджеттің түсімі жоспардан төмен болды. Бюджеттегі проблема әрине, халықтың әлеуметтік тұрмысына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты президенттің Жолдауы, бір жағынан, экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және нақты секторды қолдауға бағытталса, екінші жағынан, әлеуметтік әділеттілік мәселесін көтеруге мәжбүр болды.
Елімізде экономиканы әртараптандыру және инвесторларды көбірек тарту бағытында соңғы екі жылда үлкен жұмыстар атқарылды.
2024 жылдың алғашқы он айында шамамен 16,3 млрд доллар инвестиция тартылып, ондаған жаңа жоба іске қосылды. Үкімет бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін әкімшілік кедергілерді азайтып, құқықтық кепілдіктерді күшейтті.
Әлемдік нарықта сұранысқа ие бағыттар металлургия, логистика, жаңартылған энергетика, көлік және ауылшаруашылық салалары басты назарға алынып, инвесторларды да осы секторға орайластыру жұмыстары оңтайлы шешімін тапты.
Президенттің Жолдауында айтылғандай, Қазақстан көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтіп, Транскаспий бағытын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Экономикалық салада шетелдік инвесторлар мен халықаралық ірі ұйымдар да елімізге айрықша назар салып, инвестиция салуға белсенділік танытуда.
Бүгінге дейін қоғамда ең қызу талқыға түскен мәселе Салық кодексі 2025 жылы қабылданып, 2026 жылдан бастап күшіне енеді деп күтілуде.
Салық кодексіндегі халыққа ең тиімді тармақ табысқа қарай сараланған салық жүйесінің енгізілуі дер едім. Табысты аз табатындар бұрынғыдай төлем жасаса, жоғары табысты азаматтар үшін мөлшерлеме 15 пайызға дейін көтеріледі. Ал қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуі мүмкін, тіркеу шегі төмендетіледі. Арнайы салық режимдері қысқартылып, есеп беру жүйесі жеңілдетілмек.
Осылардың барлығы Президенттің Жолдауында айтылған, берілген тапсырмалар негізінде жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта жалғасын табатын бұл бастамалар ел игілігі үшін жасала береді деп сенемін", дейді.
ИФПР саяси орталығының директоры Айдар Әміребаев: "Орта Азиядағы энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бойынша Қазақстан экономикасы қуатты елге айналды.
Былтырғы жолдауында Президент мемлекеттердің өзара технологиялық бәсекелестігі мәселесіне аса назар аударғаны мәлім. Осыған байланысты еліміздің бірнеше өңірінде өндірісті дамытуға бағытталған 17 жоба іске қосылды.
Оңтүстік Астанаға жақын Алатау қаласының пилоттық жобада жүзеге асырыла бастауы осы сөзіміздің дәлелі.
Алатау қаласының құрылуы Қазақстандағы басқа да моноқалаларға күш беретіні даусыз. Мұнан бөлек Астанада жасанды интеллект Ғылыми орталығының құрылысы басталды. Бұл орталық та Президенттің бастамасымен қолға алынған ең ірі жобалардың бірегейі болмақ.
Президент Жолдауында айтылған тапсырмалар біртіндеп жүзге асырылып жатқанын көзіміз көріп отыр. Алдағы уақытта еліміз іргелі елдерің алдыңғы сапынан көрінетініне бек сенімдіміз", дейді.
Педагог, оқу ісінің үздігі Ергешов Абай: " 2020 жылы жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауда Мемлекет басшысы кәсіби білім берудің маңызын атап өтті. «Кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін мемлекет нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн»,- деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы тапсырмасын жүзеге асыру үшін Үкімет жастарды кәсіби білімге ынталандыру мақсатында қаражатты үйіп-төгіп бөліп, осы бағытта білім алғысы келетін жастарды мемлекеттік грант арқылы тегін оқытып, жатақханамен тегін қамтамасыз етіп, шәкіртақы да бөлді.
Бұл қадам жастар арасында үлкен құлшыныс туғызып, болашаққа деген сенімін арттырды. Жергілікті жердегі (аудан,қала,облыс) әкімдері аймақтарындағы өндіріс орындарында, кәсіпкерлік құрылымдарда, ауылшаруашылығы саласында, құрылыста қажетті мамандықтардың тізбесін жасап, жергілікті кәсіптік білім беруші оқу орындарының мамандықтар бойынша атқаратын жұмыстарын ретке келтіріп, тиісті шешімдер қабылданып, аз уақытта жұмыс жолға қойылды.
2021 жылғы Жолдауында Президент: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді» деді.
Ал, оған дейін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жауапты «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама» қабылданды. Қызылорда облысында тіл мәртебесін көтеру үшін қоғам мен билік бірлесе қимыл жасауда.
Осы жылдың 11 сәуірінде облыста «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту» және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етудің облыстық іс-шаралар жоспары белгіленген.
Осы құжатқа сәйкес, облыста «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру мәселелері тақырыбында облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен арнайы жүргізу тапсырылған.
2023 жылы 4 жоба, яғни «Аймақтағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру», «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірінің лингвистикалық базасын қалыптастыру», кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында тіл туралы заннамаларының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған «Korneki» және «Қаз тест» сертефикаттық тестілеу өткізу жобасы қолға алынды. «Korneki» әлеуметтік жобасы аясында 1223 кәсіпкерлік нысанға тіл туралы заңнамалардың сақталуына зерделеу жұмыстары жүргізіліп,кемшілік анықталған 138 нысан иесіне ұсынып хат жолданған. Оның 128 -інде анықталған кемшіліктер жойылған.
2022 жылы жарияланған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам атты Жолдауында: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі көші-қонға қатысты саясат түбегейлі өзгереді.
Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек.Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деген болатын. Осыдан кейін қандастардың көшіп келуі мен елде тұрақтауына барлық жағдай жасала бастағаны белгілі. Осы мәселені түбегейлі шешуге қатысты Үкіметтің арнайы қаулысы мен елдің көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Елімізде соңғы бес жылда кішігірім өзгерістер емес, керісінше көптеген салада түбегейлі әрі жүйелі бет бұрыс жасалды.Тіпті, соңғы үш жылдың ішінде бүкіл саяси жүйенің құрылымы қайта жасақталғанын көресіз.
2019-2021 жылдардағы саяси реформалар 2022 жылғы конституциялық реформаға ұласып,соның нәтижесінде еліміздегі мемлекеттік институттардың мәртебесі мен рөлі едәуір артты.
Тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланатын болды. 2021-2023 жылдардағы сайлау қорытындысында ауыл әкімдерінің үштен екісі жаңарды. Былтыр алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлап көрдік. Мұндай сайлаулар 2025 жылдан бастап тұрақты өткізілетін болады.
Ең төменгі еңбекақы көлемі екі есеге артты, нәтижесінде 1,8 адамның табысы өсті.Ұстаздар мен дәрігерлердің, ғалымдардың жалақысы көбейіп, олардың әлеуметтік қорғау шаралары күшейді.
Ең бастысы– реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын біржолата өзгертіп, ұлттың саяси менталитеті өсті, азаматтық белсенділігі артып, тұрғындардың елдік мәселелерге еркін араласуы жүзеге асуда" дейді.
Алматылық көп балалы ана, зейнеткер Салима Айдарханқызы: "Президент Жолдауын жыл сайын арнайы көріп, маңызды тұстарын қағазға түртіп алып отырамын. Әр Жолдауда айтылған дүниелер мен берілген тапсырмалар ақырындап болса да, жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, білім саласына қатысты Президент Тоқаевтың мектеп жетіспеушілік мәселесін шешуге бағытталған тапсырмасының нәтижесінде қазір еліміздің бірнеше өңірінде "Жайлы мектептер" ашылып, балаларымыз жаңа заманауи талаптарға сай білім ошағында сабақ оқып жатыр.
Әлеуметтік мәселелерге қатысты да алға қойылған жоспарлар іс жүзінде нәтижесін көрсетуде. Көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, зейнеткерлердің зейнетақысы мен бюджет қызметкерлерінің жалақысы жылдан жылға артып, халықтың күнкөріс деңгейі көтерілді", дейді.