"Мұғалімнің құлағын көтеріп": Қоғам белсендісі депутатты сынап, өз шындығын айтты

"Мұғалімнің құлағын көтеріп": Қоғам белсендісі депутатты сынап, өз шындығын айтты
Қоғам белсендісі Берік Жүсіп Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов туралы сыни жазба жариялап, депутаттың қазіргі көтеріп жүрген мәселелерін "мұғалімнің құлағын көтеру" деп бағалады деп жазады Democrat.kz.
 
Өз жазбасында Берік Жүсіп: «Ертеңі үшін есек те қайғырады» депті қазекең. Дәу де болса көтерген жүгінің батпандығына орай айтылған болар. Бір білсе нәті мұғалім атаулы білу керек мұның жайын. Ал, енді мен сырты сыпайы Асхат ініме таңғалайын дедім.
 
Кейінгі кезде мұғалімдердің құлағын көтеруі көбейіп кетті. Апам да аң-таң, мен аң-таң! Түсінбедік, кейде мұнысы «Маған бұйырмаған көтеншек боғымен піссіннің» керіне де ұқсаңқырап кетеді. Кейде, әрине. Бәлкім олай емес те шығар? Жаңадан болған ҚР Оқу ағарту министрінің қадамына ел болып қуана қойып едік. Бұрын басқарған саласы болған соң өзі сияқты есті жігіттер қолдау білдіретін шығар деп те ойлағанбыз әуелде. Жоқ, олай болмай шықты, тасада тұрып тас ататындар өз алдына, Асхатжан ашық айқас алаңына шыққан сияқты. Бұл қалай?
 
Біріншіден, ол ғой жолы жіңішке қарындас. Оны айтасың, қызмет тұтқасын ұстағаны кеше ғана. Оған дейін «бір кемеде» едің. Егер кісі танысақ, жұмыс қарқынын тым жаман бастаған жоқ.
 
Әрбір ісінен, сөзінен, қимыл, әрекетінен кәсіби маман екені көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда: Қазақстанның бас мұғалімі лауазымына әбден лайық тұлға, біреулер «жолы жіңішке» деп қазақылыққа салынып жүрмесе.
 
Құдайға шүкір, әзірге елдің көзін шел баса қойған жоқ. Қай нәрсені де көріп, біліп, аңысын аңдап отыр.
 
Екіншіден, бұл — Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының таңдап қойған кадры емес пе? Бұрынғы экс-министрдің, қазіргі халық қалаулысының мына әрекеттері қарындастың қыр ізін бағуды былай қойғанда, Тоқаевтың таңдауын тас-талқан етудің әрекетіне ұқсаңқырамай ма? Білмедім, бәлкім әркімнің өз міні өзіне байқалмайтын шығар, бірақ сырт көзге бадырайып-ақ тұрады екен.
 
Әзірге тым әрілемей-ақ қояйық. Есті жігіт қой, айналасына қарар, ой қорытар. Әйтпесе, білдей халық қалаулысына абына беру дұрыс бола қоймас.
 
 Көше кезбесінің осы аядағы былапыт лебізін күнде естіп жүрміз. Ал «Arisinfo KZ» «Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыру мәселесіне қатысты пікір білдірді» дегенде көзіміз шарасынан айналып түсе жаздағаны рас.
 
 Сонда не көрдік дейсіз бе? «Оның айтуынша, педагогтарды басылымдарға күштеп жаздыру заңға қайшы», — депті олар да, жерден жеті қоян тапқандай. Мұның несі жаңалық? Әлде мұғалімдер оң-солын білмейтін, тек айтқанға көніп, айдаумен ғана жүретін біреу дегілері келе ме? Өткенде халық қалаулысының сол мұғалімдерге қаратып айтқан бір лебізінен арызды қайда жазу керектігі жайында «пайдалы кеңестер» беріп жатқанын естіп, сонда бір жағамды ұстап, ішімді тартып едім.
 
Жалпы, мен соңғы кезде, министрдің қызметіне қаратып айтып жүрген пікірлеріңнен аса бір тілекшіліктің лебін байқап жүрген жоқпын, Асхатжан.
 
Жалпы, қалай ойлайсыңдар, кейінгі кезде біздің «саясат ауылында» жүрген кейбір жігіттер тым майдаланып бара жатқан жоқ па?
 
Иә, мұғалімнің «мұңы» мен «жыры» қанша айтса да түбін көрсетпейтін шыңырау. Мұғалімді күштеу заңға қарсы екенін көзі ашықтарды айтпағанда, жабықтар да біледі. Бірақ мұндай нәрселерді айтудың этикасы былай тұрсын, жеткізудің жолдары һәм саясаты бар емес пе? Мен Жұлдыз Сүлейменованы көрген емеспін, танымаймын.
 
Бірақ жүзіндегі жылылықтың табынан сол қарындастың асыл тегі байқалып тұрады. Ал енді қандауызыңды бұрып, өзіңнен қалған министрлікке қаратып: «Мықты мұғалім Қазақстанның ғана емес, шетелдің газет-журналдарын оқиды. Газеттің ең көп оқырманы мұғалімдер, сондықтан біз манипуляцияға бармауымыз керек. Газет-журнал қызықты болса, мұғалімдер оқиды. Менің өзім The New York Times-ті апта сайын оқимын», — дегеніңе жөн болсын.
 
Байқайсың ба, басты монипулянттың образы өзіңде тұр ғой, Асхатжан. Сонда, сенің асыл ойыңша қазақ басылымдарын жаздыртып, оқитындар мықты мұғалім бола алмағаны ма? Пах, сөз болғаныңа!
 
Өткенде Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр» дегені қайда? «Себебі, — дейді ол, одан әрі сөзін сабақтап, — әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады». Осы уәлі сөз өздерің жайында айтылғаннан сау ма өзі? Әлде сұхбатты оқымадың ба?
 
Бәлкім оқымағансу арқылы Президенттің сөзін жоққа шығарып отыру әдет пе?
 
Одан әрі Қасым-Жомарт Кемелұлы «Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін»деген жоқ па?
 
Олай болса: «Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал жур­налистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын... Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ», — деген тұжырымдамалық пікірін қай жобаға қоямыз?
 
 Асеке-ау, бауырым-ау, сонда мәжіліс депутаты сен не дейсің, ал Мемлекет басшысы — Президент не дейді?
 
Жалпы, осы біз қазақ деген халықты, ұлтымыздың ана тілін, ұлттық басылымдарды менсінбей, ары мен абыройын аяққа таптау деген әдетті қашан қоямыз? Мынау не сөз: «Газет, журналдар қызықты болса?!» Байқайсың ба, (байқасаң бұлай демес едің ғой, соған қарағанда мандаттың буымен байқамай да қалатын болып тұрсың ғой, бауырым), жоғарыдағы күлбілте сөзіңнің ауанымен-ақ мұғалімдерге араша түскен болып күллі ұлттық баспасөз ақпарат құралдарының құнын соқыр тиынға түсіріп, газет, журналдың төңірегінде жүрген барша журналистер қауымын күресінге лақтырып тастап тұрсың ғой.
 
 Жалпы, кім берген сендерге осындай ерекше құқықты, аса құрметті Асхат Аймағамбетов мырза? «Менің өзім «The New York Times-ті» апта сайын оқимын!» Иә, енді не істейік, ағылшын тілінен хабары бар бір халық қалаулысы сөйтеді екен деп, ағылшын тілін білмейтін «екінші сортты» қазақтар қырылайық па түгел?
 
Е, сендер енді сөйтіп құрисыңдар-ау, көп «оқыған» жігіттер. Пәленбай тіл білетін полиглот Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шықпай жүрген жаны…
 
Бәрін айт та, бірін айт, астамшылық деген — осы, Асхат інім. «Үлкен астаудан дәм татқандардың көздері ақиып кетеді» деуші еді.
 
Жалпы, қалай десең де ұлттың болашағын тәрбиелеп жатқан мықты мұғалім біреу зорлап жаздырмай-ақ, өз еркімен газет-журнал оқуы тиіс.
 
Бірақ мұғалімнің мықтылығы, өзің айтқандай, «The New York Times-ті» оқумен өлшенеді десең, онда құрыған жеріміз де тап осы жер екен. Мен сені сырттай бағып, түсі жылы жігіт қой деп жүруші едім. Адамның аласы ішінде екенін айтқан ата-бабаң әулие дерсің осыдан кейін. Солай, інім, «Есек мінген ат сұрамайды, / Балық жеген ет сұрамайды». Қазіргі мұғалім сауатты, көп ақыл сұрай қоймас сіз бенен бізден. Сұраса да, сұрамаса да айтып жатырсың ғой өз білгеніңді. Және солар өз құқығын сенен артық білетініне де сенімдімін.
 
Сондықтан, аттан есек озған, оқтан кесек озған заманда абыройсыздықтың ауылын төңіректей бермейік те. Әйтпесе бәрі білініп, шодырайып көрініп тұр.
 
 «Сұмырай суға тышады, боғы қалқып шығады!» Басқа ештеңе де емес. Әлде шолақ биліктің зеңі жұққан адамдар осылай бола ма екен?",деп сауал тастады. 
 
 
Барлық жаңалықтар