Салафиттердің сұрқия саясаты: "Микс жамағаттың" жанталасы нені білдіреді?

Салафиттердің сұрқия саясаты: "Микс жамағаттың" жанталасы нені білдіреді?
Бүгінгі қазақ қоғамында дін тақырыбының маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Алайда, жалпы діндарлықтың артуы мен қоғамдық талқылаулардың аясында біз байқай бермейтін, бірақ ұлттық бірегейлік пен мемлекет тұрақтылығына зор қауіп төндіретін жасырын үдерістер жүруде.
 
Қазіргі таңда қауіп ашық уағыздан емес, қоғамның ішіне тереңдеп енген жасырын стратегиялардан келіп отыр.
 
Мәселен, теріс діни ағымдар ашық уағыздан гөрі экономикалық тұрғыдан тамыр жаю арқылы өз ықпалын күшейтуде. Сонымен қатар, дәстүрлі ханафизм атын жамылған, бірақ түпкі мақсаты радикалды топтармен бірдей «деобандизм» сияқты жаңа ағымдар күш алуда.
 
Бұған қоса, түрлі жамағаттардың әлеуметтік алаңдарда араласуы радикалды идеялардың оңай таралуына жол ашатын қауіпті «микс жамағаттарды» қалыптастырып жатыр.
 
Осы постты жазудағы мақсат – діни кеңістіктегі осы жасырын трансформацияларға қоғам назарын аудару, олардың ықтимал қауіптерін талдау және ұлттық құндылықтар мен қауіпсіздікті сақтау үшін тереңірек түсініктің қажеттілігін көрсету болды.
 
Қазіргі таңда көптеген радикалды топтар, әсіресе сәләфилік жамағаттар, өз идеологиясын таратудың жаңа, экономикалық жолына көшті. Бұрынғыдай ашық уағыз айтып, өздеріне назар аударудың орнына, олар қоғамның әлеуметтік-экономикалық осал тұстарын пайдалана отырып, өз қатарларын толықтыруда.
 
Бұл топтар мұқтаж жандарға жұмыс тауып беру, пайызсыз несие ұсыну, бизнес ашуға көмектесу арқылы өздерін қайырымды қауымдастық ретінде көрсетеді.
 
Мысалы, ауылдық жердегі жұмыссыз немесе қаржылай қиындыққа тап болған азамат олардың қатарына идеология үшін емес, әлеуметтік көмек үшін қосылуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе сол ортаның ықпалына толықтай түседі.
 
Бұл – «дауыл алдындағы тыныштық», себебі олардың түпкі мақсаты – демографиялық өсім арқылы саяси күшке айналып, болашақта теократиялық мемлекет құру идеясынан бас тартпаған. Осылайша, экономикалық көмек діни идеологияны таратудың тиімді құралына айналып, бұл топтардың қоғам ішінде терең тамыр жаюына мүмкіндік беруде.
 
Сәләфилік ағымдармен қатар, Қазақстан үшін дәстүрлі ханафи мазхабының атын жамылған «деобандизм» сияқты жаңа, қауіпті бағыттар күш алуда.
 
Бұл ағымның өкілдері өздерін ханафи мазхабын ұстанушылар ретінде таныстырғанымен, олардың идеологиясы мен мақсаттары біздің дәстүрімізге мүлдем жат. Қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі Ислам жергілікті мәдениетпен, салт-дәстүрмен біте қайнасып, саясаттан аулақ, рухани бағыт ұстанды.
 
Ал Оңтүстік Азиядан (Пәкістан, Үндістан) тамыр тартатын деобандизм сол елдердің консервативті мәдениеті мен саяси идеяларын бірге ала келіп, біздің дәстүрімізге қайшылық тудырады. Олардың да түпкі мақсаты – халифат құру.
 
Мұның ең айқын мысалы – Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысы. Олар билікке жету жолында идеологиялық айырмашылықтарына қарамастан, сәләфилік-жиһадтық топтарды өз туының астына біріктіре алды.
 
Бұл тарихи тәжірибе осындай топтардың ортақ саяси мақсат үшін бірігіп кету қаупінің жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан, ұлттық қауіпсіздікті сақтау үшін ханафизмнің дәстүрлі формасы мен оның атын жамылған радикалды үлгілерін ажырата білу аса маңызды.
 
Әртүрлі діни көзқарастағы адамдардың ортақ әлеуметтік алаңдарда тоғысуы идеологиялық шекараларды жойып, радикалды көзқарастардың таралуына қолайлы орта тудыратын «микс жамағаттардың» пайда болуына алып келуде.
 
Бұл үдеріс қайырымдылық қорлары, жекеменшік мектептер мен балабақшалар сияқты жерлерде белсенді жүруде. Мұндай ортада дәстүрлі мұсылмандар, сәләфилер, деобандизм өкілдері бір-бірімен етене араласып, олардың отбасылары мен балалары бірге уақыт өткізеді.
 
Мысалы, дәстүрлі мұсылман отбасы «діни тәрбие алсын» деген ниетпен баласын сәләфилік бағыттағы адам ашқан жекеменшік балабақшаға беруі мүмкін.
 
Алайда, мұндай аралас ортада көбіне харизматикалық және белсендірек идеология, яғни радикалды бағыт басымдыққа ие болып, дәстүрлі құндылықтардың «шайылуына» әкеледі.
 
Бұл «микс жамағаттар» – сырт көзге білінбейтін, бірақ қоғамның рухани иммунитетін әлсіретіп, жастардың санасын улайтын жасырын қауіп көзі.
 
Сонымен, радикалды топтардың экономикалық көмек арқылы қоғамға тереңдеп енуі, дәстүрлі Ислам атын жамылған жаңа ағымдардың қаупі және түрлі идеологиялардың араласуынан туындайтын «микс жамағаттар» – осының барлығы бүгінгі Қазақстанның діни ахуалындағы күрделі шындықты айқындайды.
 
Ендігі жерде тек ашық қауіп-қатерге жауап беру жеткіліксіз. Біз осы жасырын стратегияларды түсініп, қоғамымыздың рухани және мәдени иммунитетін күшейтуіміз керек.
 
Бұл – шынайы дәстүрімізді қауіпті еліктеулерден ажыратып, ұлттық құндылықтарымызды бірінші орынға қоюды талап етеді. Болашағымыздың тұрақтылығы – бүгінгі сын-қатерлерді дер кезінде көріп, оған қарсы тұра білуімізге тікелей байланысты.
 
Жазба авторы Нұрсұлтан ҚАРАЖАН.
Барлық жаңалықтар