Пәкістан қорғаныс саласын дамытуға бар күшін салып жатқан ел. Ол Үндістаннан ХХ ғасырда үш мәрте жеңіліс тапты. Бхутто «Үндістан ядролық бомба жасап шықса, біз тек қана қара нан жеп, қара су ішетін кедейлікке тап болсақ та, дәл сондай қаруды жасап шығуымыз керек» деген еді.
1980-ші жылдары Пәкістан ядролық қаруға қажетті қадамдарды жасап жатты. АҚШ оны білді, бірақ көз жұма қарады. Себебі АҚШ Пәкістан арқылы Ауғанстандағы КСРО-ға қарсы соғысушы жасақтарды қолдап отырды. 1990 жылы ғана АҚШ Пәкістанмен әскери байланысын азайтты.
1998 жылдың мамырында Үндістан ядролық сынақ өткізді. Артынша Пәкістан бірнеше жерасты ядролық жарылыспен жауап қатты.
Сол Пәкістан басқа да қаруын дамытып жатыр. Мысалы, ұшақ жасау бағдарламасы. Оны Қытаймен бірлесе іске асыруда. JF-17 ұшақтарын Қытаймен бірлесе жасауда. Өзге елдерге сатады. Әзербайжан сатып алуда. Орта және алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды да шығарады.
Өткен жылы Үндістан мен Пәкістан қарулы қақтығысқа түсті. Аз ғана уақытқа созылған шиеленісте Пәкістан Үндістанның бес бірдей ұшағын атып түсірді. Бұл Батыстық әскери салада қызу талқыланған оқиға болды.
Әзербайжанның сатып алған қаруын, біздің елдің де сатып алуына болады негізі. Кеше президент Тоқаев мемлекеттік сапармен Пәкістанға аттанды. Мемлекет басшысын әуежайдан осы елдің премьер-министрі Шахбаз Шариф күтіп алды. Президенттің ұшағы Пәкістанның әуе кеңістігіне енгеннен бастап Пәкістанның Әскери әуе күштерінің ұшақтары ілесіп ұшып жүрді. Солардың арасында Пәкістан тарапы өздері жасап шыққан ұшақтар да бар.
Бүгін екіжақты келіссөздер жүріп жатыр. Саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтуға қатысты келісімдер жасалуда. Кездесу барысында сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы қарым-қатынасты тереңдету мәселесі де сөз болған екен.
Ресми кездесулерден бөлек «Қазақстан – Пәкістан бизнес-форумы» өтеді. Оған президентпен бірге жергілікті кәсіпкерлер де қатысады. Бірқатар құжатқа қол қойылмақ.
Пәкістан халқының саны 230 млннан астам. Алайда екі елдің арасындағы тауар айналымы 100 млн долларды әрең құрайды. Бұл тым аз деген сөз. Тауар айналымын ұлғайтуға логистикалық инфрақұрылымның жоқтығы кедергі келтіріп келеді. Логистикалық жобаларды күшейтуге Пәкістан да, Қазақстан да мүдделі.
Әсіресе Ауғанстан арқылы өтетін дәліздерді салуға мүдделі болып отыр. Сәйкесінше Астана да, Исламабад та Ауғанстанның тұрақты болуын қалайды. Тұрақсыз аймақ арқылы логистикалық жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес.
Пәкістан арқылы оңтүстік Азияға шығуға болады. Ондағы порттар арқылы Үндістанға және Үнді мұхиты жағалауындағы елдерге шығу мүмкіндігі бар. Осы мәселелер келіссөздің басты тақырыптары десек те болады.
«Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін талқыладық. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамытуды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілетуді қарастырдық. Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол бағытын іске асыру перспективасын талқыладық», - дейді президент.
Карачи порты арқылы Пәкістанның сыртқы саудасының 60 пайызы өтіп жатыр, ал Гвадар порты болашақта Таяу Шығыс, Қытай және Орталық Азия тауарлары үшін маңызды хабқа айналуы ықтимал деген болжам бар.
Дегенмен әңгіменің басына қайта оралсақ, жабық форматта Пәкістанның әскери өнімдерін алу және қорғаныс саласындағы әріптестікті арттыру бойынша да сөз болады деп үміттенемін. Ондай әңгімелер ашық айтылмайтыны түсінікті.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, саяси сарапшы.