Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың "мектеп директоры қызметінде екі жылдан артық отырмауы керек" деген сөзіне қатысты белсенді ұстаз Жұлдызай Көшімбекқызы өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Жұлдыз Сүлейменова екі жыл сайын мектеп директорын ауыстыруды сөз етті. Екі жылда нәтиже бермесе оны алып тастау керек деді.
Өзі министр ретінде екі жылда қандай нәтиже көрсетеді, оны көрерміз. Ал мұғалімдер әдеттегідей жаңа министрді мақтап, құйрығына көпшік қойып іскер директор бір жылда мектепті жарқыратады деп постар салуда. Енді тыңдаңдар!
Білім инемен құдық қазғандай. ҰБТ-да балл жинап грант ұтып алу да, мектепті жарқырату да білім сапасы емес. Білім мүлде басқа дүние. Білім 2×2=4 екенін жатқа білу емес, білім неге нәтиженің 4 болатынын немесе cos90=0 екенін жай есте сақтау емес, оны дәлелдей білу. Бір жылда сапалы білімге барлық сынып бойынша қол жеткізбейсің, тек жаттанды білімнің пайызын көтересің. Егер мұғалім білім берудің түпкі мақсаты грант ұтып алу деп түсінсе, ондай мұғалім білім бере алмайды.
Грант ұтқандар жыл сайын мемлекет бөлген санға тең. Ол 22 мыңның айналасында, бірақ Қазақстанда сапалы білім деңгейі 3% шамасында ғана десем, артық болмас.
Білімді баланың саналы қабылдауы үшін әдістеме мен көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Білімді Қазақстанда арнайы мамандандырылған бірлі-жарым мектептер ғана береді. Қалғандарыныкі білім берді деген аты.
Білім берудің не екенін мен Алматыда Республикалық физика-математика мектебінде жұмыс істегенде түсіндім. Білім беру - грант ұту емес! Білім беру- балалардың білімді үздіксіз және қомағайлана жұтуына, саналы түрде өзіне керек екенін түсінуіне әкелу, осы дәрежеге балалардың санасын жеткізу. Бұл түсінік біздің мектептердің 98%-ында жоқ! Болуы да мүмкін емес, өйткені алдыңдағы баланың бәріне бірдей сапалы білім қажет емес. Бала тұрмақ, тіпті мұғалімдер білімнің не екенін әлі ұққан емес.
Алдыңдағы 25 бала 100 % білімді игеріп шықпайды. Сондықтан лақпаңдар! Бір жылда, екі жылда білімді көтеріп, 100% сапа алмайсыңдар. Нағыз білім сапасы тәжірибеде 22-25%-дан аспайды, яғни әр пәнді алдыңдағы 100 оқушының тек 22-25-сі ғана игеріп шығады, оның өзінде мықты материалдық база, әдістеме және оқушыларды 10-нан бөліп оқытсаң ғана.
Барлық оқушы барлық пәнді үздік меңгеруге қабілетті емес. Әнші, биші бала математиканы меңгере алмауы мүмкін. Тіпті математиканы жақсы меңгерген бала физика мен химияны, қоғамдық ғылымдарды меңгермеуі мүмкін. Білім сапасы көптеген факторларға тәуелді. Өте күрделі жұмыс. Сен қабілеті, тәрбиесі, білімді қажет ету деңгейі әртүрлі адамдармен жұмыс істейсің. Бұдан басқа ондаған факторлар бар.
Біздің мектептер пайыздық цифрға тәуелді, сондықтан оны көтеріп жазу әлі актуалды. Ол қаламның ұшындағы, компьютердің пернетақтасындағы шаруа. Бірақ нағыз білімнің қандай болатынын білесің бе?
Білімді беру бар, бойға сіңірту бар және білімді алу бар, бойға сіңіру бар. Білім мә саған, мә маған деп тарататын кәмпит емес.
Біздің шуылдақтар министр түшкірсе де жақсылыққа балап, жағымпазданып шуылдап кетеді. Түшкірікпен бірге вирус тарайтынын мүлде білмейді", деп
жазды Жұлдызай Көшімбекқызы.