Белсенді педагог Айнұр Сабыр мектептегі сынып жетекшіліктің жұмысы тым қиын екенін, қағазбастылықтың салдарынан мұғалімнің тіпті өз отбасына көңіл бөле алмайтынын айтқан еді. Соған қатысты танымал педагог Дана Рау өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Белсенді ұстаз Айнұр Сабырдың сынып жетекшілері жинақтап, толтыруы үшін қаншама құжат толтыратынын, ал комиссия келерде сол құжаттардың бәрін дайындап, қаттауы керек екенін, мұнан бөлек, сынып жетекшілігіне артылатын жүктің шамадан тыс ауыр екенін айтқанын жазған едік.
Ал белгілі педагог Дана Рау дәл осы мәселеге қатысты:
"Айнұр Сабыр салған постына комментарий жазып едім. Жасырып қойды ма, әлде алып тастадыңыз ба, өзіңіз біліңіз. Бірақ мына жауабыңызға жауап бермеуге болмады.
Әдетте, сөз жарыстыратын әдетім жоқ еді, бірақ намысыма тиді.
Айнұр Сабыр, айналайын мен солай 30 жыл еңбек еттім мектепте. 90-жылдары тіпті елдің баласының қамы үшін мектепте түнейтінбіз қазандық қатып қалмасын деп. Компьютер жоқ, қағаз жоқ, интернет жоқ, тіпті жиһаз тапшы болғанда, ақша жоқ болғанда амалын тауып мектепті көркейтетінбіз.
90-жылдардың аласапыранын көрген біздерге қазіргі мұғалімнің жұмысы шынымен айналайын. Бос уақытымызда сол балалармен сенбі жексенбісіне қарамай серуендегеніміз үшін ақша сұрамақ түгелі миымызға кіріп шықпайтын.
Балаларды дайындайтынбыз. 10000 теңге дейсіз бе? Менің кезімде тіпті тиын болатын. Есептегенде сол кезде төлейтін ақшасы 1 балағы тиынмен шығатын.
Емтиханға дайындайтынбыз. Бір тиын ақша сұрамай.
Олимпиадаға жарыса дайындайтынбыз. Миымызға кіріп шықпайды ақша төле деп айту. Солардың барлығын растау үшін қағазды қолмен толтырамыз. Сонда қағазды сұратты деп айту да миымызға кірмейді. Өйткені ол менің мұғалім ретінде кәсіпқойлығымның артқанының дәлелі деп білетінбіз.
Сабақ жоспарын жазбау (ҚМЖ) тіпті миымызға кірмейтін. Өйткені завуч қалаған уақытында міндетті түрде тексеруі мүмкін. Ол менің сабақты өткізгенімнің дәлелі.
Бақылау жүргізбеу аралық (БЖБ) немесе қорытынды (ТЖБ) ол да миымызға кірмейді. Өйткені ол оқушыларымның, менің жетістігімнің өлшемі.
Үйірмелер, қосымша сабақтар, түрлі іс-шаралар, жарыстар - қалыпты нәрсе болатын.
Сондағы алатын жалақымыз сол кездегі есеппен $50 шамасында. Соның өзін жылдап ала алмаған уақыттар да болады. Ауылда жүргесін білінбей шулатуды да білмейміз. Көппен көрген ұлы той деп.
Кейін 100-ге дейін өйтіп бүйтіп көтерілді. Бірақ қымбатшылық құнсыздандыра берді. Күнкөріс үшін 2 ставкаға дейін сағат алған күніміз болған. 2 ставканы бергені үшін уақыт жоқ, төленбейді деп айтуға да ауызымыз бармайтын.
Қазіргі мұғалімдер сабағын береді де жүре бередіғой.
Мұғалімдер жаппай мектепті тастап ала сөмкені арқалап кеткенде де мектептен кетпедік.
Тарих тұрмақ мұғалім болмағасын орыс тілін де, неміс тілін де, географияны да оқытқанбыз. Күні-түні дайындалып, білгенімізді жеткізіп, білмегенімізді баламен бірге үйреніп...
Бүгінгі күнгі жаңа буын педагогтер қайдаааа, өз сабағы, бойынша да артық сұрақ қойсаң, адастырып жібереді ғой. Білгеніңді ұмытасың. Немесе пәлесінен аулақ деп құтыласың.
Ақталайын деп жазған жоқпын. "Әуелі дегесін", барлық еңбегім көз алдымнан өтіп, ақ көбік боранда мектептің қазандығы үшін көмір іздеген әріптестер есіме түсті.
Қағаз сатып алу үшін қолдан бұйымдар жасап жәрмеңке өткізген әріптестерім еске түсті. Ансамбль құрып, күні-түні дайындалып ауыл тұрғындарына 50 тыиннан өткізген концерттер есіме түсті.
Қалалық жерде де шаммен, далада пеш құрып тамақ пісірген, қалың тонмен отырып сабақ өткізген, айлап жалақы алмаса да мектептен кетпеген әріптестерім есіме түсіп кетті...
Сол кезде мектептен кетпей, өз мамандығына адал болған барлық әріптестерімнің алдында бас иемін.