Синоптиктер мамыр айына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Жалпы алғанда, ел бойынша ауа райы әдеттегіден жылырақ болады, деп жазады Democrat.kz.
Мамырда Қазақстанның көп бөлігінде орташа температура +14…+19°C шамасында болады. Оңтүстік, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыстың кей өңірлерінде +20…+24°C дейін көтеріледі. Таулы аймақтарда +12…+14°C болады.
Жауын-шашын көлемі нормаға сай, бірақ Қызылорда облысы, Ұлытау облысы, сондай-ақ Қарағанды облысы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы өңірлерінің кей бөліктерінде өте аз болуы мүмкін.
Астана қаласында мамырдағы ауа райының орташа температурасы +16,1°C болады. Ай ортасында температура күрт ауытқиды. Кей күндері күндіз +30°C-қа дейін жылынса, басқа кезеңдерде салқындап, түнде үсік жүруі мүмкін. Жауын-шашын мөлшері – қалыпты деңгейде.
Ал Алматы қаласында орташа температура +19°C болады. Екінші онкүндікте ауа температурасы күндіз +33…+38°C-қа дейін жетуі мүмкін. Ай бойы жаңбыр, найзағай, екпінді жел, кейде шаңды дауыл сияқты қауіпті құбылыстар болуы ықтимал.
Шымкент қаласында орташа температура +21,4°C болады. Екінші онкүндікте аптап ыстық күтіледі. Күндіз +39…+44°C-қа дейін жетуі мүмкін. Кейін температура төмендеп, ай соңына қарай қайта құбылады.
Жалпы, мамыр айында Қазақстанда жылы ауа райы басым болғанымен, температура жиі ауытқуы мүмкін.