2027 жылдан бастап бала күтіміне берілетін төлем өзгереді: Аналар нені білуі керек?

2027 жылдан бастап бала күтіміне берілетін төлем өзгереді: Аналар нені білуі керек?

Қазақстанда бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік төлем тәртібіне маңызды өзгерістер енгізілмек. Енді аналар жұмысқа ерте шыққан жағдайда да ай сайынғы төлемнен айырылмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа талаптарды және әлеуметтік төлемнің қалай есептелетінін түсіндірді, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда ресми жұмыс істейтін аналар сәбиі дүниеге келгеннен кейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Бұл қолдау бала туған күннен бастап тағайындалып, бір жарым жасқа толғанға дейін жалғасады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, яғни табысынан әлеуметтік аударымдар жүргізілген азаматтар ала алады.

Егіз немесе одан да көп бала дүниеге келген жағдайда әлеуметтік төлем әр балаға жеке тағайындалады.

Ай сайын қанша ақша төленеді?

Әлеуметтік төлемнің мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы 24 айдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы көлемінде есептеледі.

Мысалы, әйелдің соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысы 300 мың теңге болса, оған ай сайын 120 мың теңге әлеуметтік төлем есептеледі.

Алайда осы соманың 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.

Демек, аталған мысалда әйелдің қолына ай сайын 108 мың теңге түседі.

Әлеуметтік төлемді есептеуде табыстың ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылған.

2026 жылы есепке алынатын ең жоғары айлық табыс 595 мың теңгені құрайды. Ал 2027 жылдан бастап бұл көрсеткіш 770 мың теңгеге дейін өседі.

Осылайша 2027 жылы төлем есептелетін табысы белгіленген жоғарғы шекке жеткен аналарға ай сайын 308 мың теңгеге дейін әлеуметтік төлем есептелуі мүмкін. Міндетті зейнетақы жарнасы ұсталғаннан кейін қолына түсетін ең жоғары сома 277 200 теңгені құрайды.

Жұмысқа шықса да төлем тоқтамайды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін ең маңызды өзгерістердің бірі – ананың жұмысқа қайта оралуына байланысты.

Жаңа тәртіпке сәйкес, әйел бала күтіміне байланысты демалысын аяқтап, жұмысқа шыққан жағдайда да бір жарым жасқа дейінгі әлеуметтік төлемді алу құқығын сақтайды.

Яғни ана баласы алты айға толғанда жұмысқа оралса, әлеуметтік төлемді бала бір жарым жасқа толғанға дейін ала береді.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, бұл өзгеріс әйелдің жұмысқа қашан оралатынын өз бетінше шешуіне мүмкіндік береді.

Әлеуметтік төлемді енді кім рәсімдей алады?

2027 жылдан бастап тағы бір маңызды талап күшіне енеді.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік төлемді алу құқығы анасына бекітіледі.

Ал анасы қайтыс болған жағдайда төлемді баланың заңды өкілі рәсімдей алады.

Бұл өзгеріс 2026 жылғы 11 маусымда қабылданған №306-VIII заңда көзделген.

Министрлік жаңа тәртіптің мақсаты ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту екенін түсіндірді.

Жұмыс істемейтін аналар ше?

Ресми жұмыс істемейтін және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын азаматтар үшін бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.

Ол республикалық бюджеттен төленеді және мөлшері отбасындағы баланың кезектілігіне байланысты белгіленеді.

Ал әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемнің мөлшері азаматтың әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына қарай есептеледі.

Егер қордан есептелген әлеуметтік төлем тиісті мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен төмен болса, төлем сол деңгейге дейін толықтырылады.

Әлеуметтік төлемді қалай рәсімдейді?

Бала күтіміне байланысты төлемге сәби дүниеге келген күннен бастап 18 ай ішінде өтініш беруге болады.

Құжаттарды бірнеше жолмен рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Бала тууы тіркелгеннен кейін ақпараттық жүйе әлеуметтік төлем алу құқығын автоматты түрде тексереді. Құқығы расталған азаматқа төлемді рәсімдеу туралы қысқа хабарлама жіберіледі.

Сондай-ақ өтінішті электрондық үкімет порталы, банктердің ұялы қосымшалары арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып беруге болады.

Биыл 504 мың адам әлеуметтік төлем алған

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы он айында бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді 504 мың адам алған.

Оларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы 287 миллиард теңге төленген.

Өтініш берген азаматтардың шамамен 95 пайызы әлеуметтік төлемді электрондық қызметтер арқылы рәсімдеген.

Осылайша 2027 жылдан бастап бала күтіміне байланысты әлеуметтік қолдау тәртібінде екі маңызды өзгеріс болады: төлемді алу құқығы анасына бекітіледі және оның жұмысқа оралуы әлеуметтік төлемді тоқтатуға негіз болмайды.

Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Барлық жаңалықтар