"Бұл масқара емес пе?": Білікті ұстаз министр Жұлдыз Сүлейменоваға өткір сауал жолдады

"Бұл масқара емес пе?": Білікті ұстаз министр Жұлдыз Сүлейменоваға өткір сауал жолдады

Қазақстандық мұғалімдердің еңбекақысына қатысты тағы бір мәселе көтерілді. Білім саласындағы шешімдерді сынға алған Сұлтан Сүлеев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей үндеу жасап, ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткілді қайта қозғады, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде білім саласындағы мәселелерді көтеріп жүрген білікті ұстаз Сұлтан Сүлеев сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы көлемін сынға алып, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға үндеу жолдады.

Оның айтуынша, бүгінде 15 оқушыға дейінгі сыныпқа жетекшілік еткен мұғалімге 4256 теңге, ал оқушы саны 15-тен асқан жағдайда 8512 теңге төленеді.

Автор бұл айырмашылықтың қисындылығына күмән келтіреді.

«4256 теңге.

Класс жетекшілік үшін төлейтін жалақы. Класында он бестен жоғары болса екі есе төлейді 8512 теңге. Осындай баға қойғандардың басы істемейді ғой деймін. Он төрт баламен он бес баланың арасынан қандай айырмашылық тауып сондай баға қойды екен? Бір балаға бола. Ал 4256 теңге қай жыртықты жамайды. Класс жетекші табу қазір проблема болып тұр», — деп жазды Сұлтан Сүлеев.

Ол сынып жетекшілігінің мұғалімге жүктейтін жауапкершілігі мен атқаратын жұмысының ауқымы төленетін қосымша ақыға сай келмейтінін алға тартады.

Сынып жетекшісі оқушылардың сабаққа қатысуын қадағалайды, ата-аналармен байланыс орнатады, тәрбие жұмыстарына жауап береді. Сонымен қатар түрлі ұйымдастыру шараларына, есептер мен құжаттарды рәсімдеуге уақыт жұмсайды.

Сұлтан Сүлеев мұғалімдердің осы міндетті атқаруға құлықсыз болуының себебін де еңбекақы мәселесімен байланыстырады.

«Ешкім класс алғысы келмейді. Жұмысы өте көп екені белгілі. Комментарийде әріптестер жазатын шығар, класс жетекшінің мойнына не іліп қойғанын.

Бірінші класта мұғалім оқушымен әжетханаға бірге кіреді, қағазын қолға алып. Естіп шок болдым», — дейді ол.

Жазба авторы сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы төлеу мәселесі бұған дейін де көтерілгенін еске салды.

Атап айтқанда, ол бұрынғы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сынып жетекшілігі үшін төленетін ақыны үш есе көбейту туралы бастамасын сөз етті.

«Екі жыл бұрын Ғани министр класс жетекшілікті үш есе көбейту туралы әдемі бастама көтеріп еді. Орнынан кеткен соң ол туралы ешкім де еске алмайды», — деп жазды Сұлтан Сүлеев.

Оның пікірінше, бастаманың жүзеге аспай қалуының бір себебі — бюджеттен қосымша қаржы бөлінуінің қиындығы.

Автор бұл мәселеде бұрынғы министрдің бастамасын да еске алып, сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақыны көбейту қажеттігін алға тартады.

«Жұлдыз Сүлейменова ханым, неге Үкімет алдында қорғамайсыздар?»

Сұлтан Сүлеев жазбасының ең өткір тұсында қазіргі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей сауал жолдайды.

«Жұлдыз Сүлейменова ханым. Класс жетекшінің жалақысын көтеру туралы мәселені неге көтермейсіздер? Үкімет алдында неге қорғамайсыздар?

4256 теңге масқара емес пе?» — деп сұрайды ол.

Автор мұнымен шектелмей, білім саласындағы басшылықтың ұстанымына қатысты да сыни пікір білдірген.

«Қазір рахат. Ешкім ештеңе сұрамайды. Білім саласында бәрі окей дейтін шығар?» — деп жазды Сұлтан Сүлеев.

Осылайша, оның үндеуі сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы көлемін ғана емес, педагогтердің еңбегін бағалау мәселесін де қамтыды.

Мұғалімнің сабақ беру міндетінен бөлек атқаратын сынып жетекшілік жұмысы үшін төленетін қаражат жеткілікті ме? Оқушы санына байланысты белгіленген төлем айырмашылығы қаншалықты негізді? Бұрын көтерілген қосымша ақыны арттыру бастамасы неге жүзеге аспады?

Сұлтан Сүлеев министрге жолдаған үндеуі арқылы осы сұрақтарға назар аудартты.

Енді мәселе Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақыны қайта қарау жөніндегі ұстанымына тіреліп отыр.

 

Барлық жаңалықтар