Санжар Боқаев ісінің толық хронологиясы: 87 миллион теңге 16 ағаш және қойылымға құрылған бейнероликтер

Санжар Боқаев ісінің толық хронологиясы: 87 миллион теңге 16 ағаш және қойылымға құрылған бейнероликтер

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты 2026 жылғы 27 қарашада Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Резонансты істің артында 86,9 млн теңгелік автошеру, кәсіподақтың 42,2 млн теңге шығыны, гранит тақталар, Баум тоғайындағы 16 ағаш және жалған деп танылған бейнероликтер тұр. Сот қандай дәлелдерге сүйенді, қорғау не деді және бұл іс қоғамға ақпарат таратудың жауапкершілігі туралы қандай сұрақ қалдырды, деп жазады Democrat.kz.

Бұл іс бір блогердің тағдыры туралы ғана емес. Ол қоғамдық бақылау мен қойылымның, өткір сын мен көрінеу жалған ақпараттың, аудитория сенімі мен сол сенімді пайдаланудың ара-жігін айқындаған даулы сот процесіне айналды.

Сонымен бірге құқықтық тұрғыдан маңызды бір ескерту бар: 27 қарашада жарияланған үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Демек, сотталушылар мен олардың қорғаушылары үкімге шағым түсіре алады.

Үш сотталушыға қандай жаза тағайындалды

Бірінші сатыдағы сот Санжар Боқаевты алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұрлықты ұйымдастыру, ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп таныды.

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұған қоса, Боқаевқа 10 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі, журналистика, блогинг және жария қызмет саласында жұмыс істеуге тыйым салынды. Ақшаны заңдастыру эпизоды бойынша кінәлі деп танылғанымен, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол да ақшаны заңдастыру бабы бойынша ескіру мерзіміне байланысты жауаптылықтан босатылды.

Ұлан Нүсіпқожаға 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Оған бес жыл бойы осындай жария және медиалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сот Боқаев пен Қалменовтен «ҚазТрансГаз» қызметкерлері кәсіподағының пайдасына 42 177 137 теңгені солидарлы түрде өндіріп алуды ұйғарды.

Тергеуден үкімге дейінгі жол

Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурызда ұсталды. Бас прокуратура сол кезде оның қоғамдық саябақтағы ағаштарды заңсыз кесу мен құрылыс нысанынан мүлік ұрлауды ұйымдастырып, қаржыландырды және кейін осы оқиғалар туралы жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінгенін хабарлады. Сондай-ақ аса ірі көлемдегі қаржыны алаяқтық жолмен иемдену күдігі айтылды.

Іс Алмалы аудандық сотына түсіп, негізгі сот талқылауы 16 қазанда басталды. Қылмыстық іс бес бағытты қамтыды: алаяқтық, қылмыстық табысты заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату.

26 қарашадағы жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Боқаевқа 12 жыл, Қалменовке 7 жыл бас бостандығынан айыруды, ал Нүсіпқожаға 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеуді сұрады. Қорғау тарапы Боқаев пен Қалменовті толық ақтауды талап етті. Келесі күні сот үкім шығарды.

Автошеру және туыстың компаниясы

Істің ең ескі әрі көлемді бөлігі 2018 жылғы қаржылық операцияларға қатысты.

Сол кезде Санжар Боқаев «ҚазТрансГаз» бас директорының кеңесшісі болып, компанияның ақпараттық жұмысына жетекшілік еткен. 2018 жылғы 6 тамызда ол кәсіподақ комитетіне «Еуропа - Қытай» халықаралық автошеруді өткізуді ұсынған.

Іс-шараны ұйымдастыруға екі компания тартылды. Бірі - Боқаевтың жиені Мадияр Қалменов басқаратын «BM Trust» ЖШС, екіншісі - Жұлдыз Артықбаева жетекшілік еткен «We Can» ЖШС.

«BM Trust» компаниясымен 47,9 млн теңгеге, «We Can» компаниясымен 39 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Екі шарттың жалпы сомасы 86,9 млн теңгеге жетті.

Сотта зерттелген құжаттар мен куәгерлердің сөздеріне сәйкес, нақты жұмыстардың басым бөлігін «We Can» және сонымен жұмыс істеген мердігерлер атқарған. Ал бірқатар орындаушы «BM Trust» компаниясының автошеруге қандай үлес қосқанын түсіндіре алмаған.

Сот қорытындысы бойынша шығын көлемі негізсіз ұлғайтылып, кәсіподақ қаражатының 42 177 137 теңгесі иемденілген. Ақшаның бір бөлігі автошеруге емес, жиһаз өндірісіне арналған жабдық сатып алуға, өндірістік ғимарат жалдауға және «Art Romance» брендімен бизнес жүргізуге жұмсалған.

Бұл қаражат жеке компанияның пайдасынан алынған жоқ. Ол «ҚазТрансГаз» қызметкерлері мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге пайдаланылуы мүмкін кәсіподақ қаржысы еді.

Куәгерлер қаржы қозғалысы туралы не айтты

Кәсіподақтың бұрынғы төрайымы Зәуреш Маханова екі компанияны тартуды Боқаев ұсынғанын, ал Қалменов қол қоюға дайын келісімшарттарды әкелгенін айтты. Оның сөзінше, орындалған жұмыс туралы құжаттарды да Боқаевтың кабинетінен алып отырған.

«ҚазТрансГаз» баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Бексұлтан Құрманқұл мердігерлер мен қызмет құнының іс жүзінде алқалы түрде талқыланбағанын, кәсіподақ отырысының хаттамасына формалды түрде қол қойғанын жеткізді.

Кәсіподақ ревизоры Медетбек Әбдіқалықов тексеру кезінде қызмет бағасының негізсіз көтерілгенін және мердігерлердің өзара байланысын көрсететін белгілерді байқағанын мәлімдеді.

Куәгер Жармұхамед Сұлтанов автошеру туралы деректі фильм түсіруге бөлінген 12,3 млн теңгенің қолма-қол ақшаға айналдырылып, Боқаевқа берілгенін айтты. Оның сөзінше, жоспарланған фильм түсірілмеген.

Боқаевтың өзі «BM Trust» компаниясының мөрі өз кабинетінде сақталғанын және Қалменовтің оның тапсырмасымен қолма-қол ақша алып отырғанын жоққа шығармады. Соттағы жауабында ол өзін іс жүзінде сол компанияның иесі секілді сезінгенін айтқан.

Ал Қалменов өзін номиналды басшы ретінде сипаттап, нағашысының тапсырмаларын орындағанын және алынған ақшаның қайда жұмсалатынын үнемі біле бермегенін мәлімдеді.

Сот келісімшарттарды, сметаларды, банк үзінділерін, сот-экономикалық сараптама қорытындысын және куәгерлердің айғақтарын өзара байланысты дәлелдер ретінде бағалады.

Гранит тақталар неге екі рет тасымалданды

Келесі эпизод 2025 жылғы қыркүйекте Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту нысанында болған оқиғаға қатысты.

Сот таратқан мәлімет бойынша, Боқаев пен Нүсіпқожа құрылыс алаңынан жалпы құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған. Кейін бұл жағдай мердігерлер мен қала билігінің заңсыз әрекеті ретінде көрсетілген бейнероликке айналған.

Нүсіпқожа сотта тақталарды әкету көрінісі екі рет ұйымдастырылғанын айтты. Алғашқы түсірілім Боқаевты қанағаттандырмағаннан кейін құрылыс материалы қайта сатып алынып, қайта тасымалданған. Боқаевтың өзі де алғашқы материалдың сапасына көңілі толмағандықтан, тақталарды алуға екі рет ақша бергенін растаған.

Құрылыс алаңының жұмысшысы Жанболат Жанатаев тақталарды Ақылбек Хамракуловқа заңсыз сатқанын мойындады. Кран-манипулятор жүргізушісі Хамракуловтың тапсырмасымен тақталарды екі рет тасымалдағанын, екінші жолы оқиға орнына камера ұстаған Боқаев келгенін айтқан.

Хат алмасулар мен аудиожазбалар сотта жарияланғаннан кейін Боқаев бұл әрекетті «бақылау мақсатындағы сатып алу» деп түсіндірді. Оның айтуынша, мұндағы мақсат - мәселенің өзектілігіне қоғам назарын аудару.

Алайда жарияланған бейнероликте тәжірибе немесе бақылау сатып алуы жүргізіліп жатқаны айтылмаған. Көрерменге оқиға шын мәнінде бөтен адамдар жасап жатқан ұрлық секілді ұсынылған. Сот осы мән-жайларды ұрлықты ұйымдастыру және жалған ақпарат тарату эпизодының құрамында бағалады.

Баум тоғайындағы 16 ағаш

Баум тоғайындағы оқиға да бейнероликтің қалай жасалғанына қатысты сұрақ туғызды.

Нүсіпқожаның айтуынша, 2025 жылғы қазанда Боқаев оған екінші телефонынан ағаш кесіліп жатқаны туралы жергілікті тұрғын жазғандай хабарлама жіберген. Оқиға орнына барғанда оларды Ақылбек Хамракулов күтіп тұрған. Нүсіпқожа Боқаевтан алған ақшаны соған бергенін мәлімдеді.

Сот анықтаған мән-жайға сәйкес, тікелей орындаушыларды Хамракулов тауып, сол түні тоғайдағы ағаштарды кестірген. Кейін Боқаев оқиға орнына белсенділерді ертіп барып, заңсыз кесілген ағаштар туралы бейнеролик түсірген.

Нәтижесінде бес ағаш құлап, тағы он бір ағаш зақымданған. Яғни барлығы 16 ағашқа зиян келген. Олардың жасы 21 жылдан 150 жылға дейін болғаны сот таратқан мәліметте көрсетілді.

«Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры әрі бас орманшысы Ұзақ Мықытанов тоғай аумағында тұрғын үй немесе коммерциялық нысан салу жоспары болмағанын айтты. Жоба жүгіру жолдарын төсеуді, жарықтандыру мен бейнебақылау жүйесін орнатуды көздеген.

Бұл эпизодта сот сынның өткірлігіне емес, оқиғаның алдын ала ұйымдастырылып, кейін шынайы құқық бұзушылықты әшкерелеу ретінде ұсынылуына құқықтық баға берді.

Бір миллиард теңге екі өткелге ғана жұмсалды ма?

Істің тағы бір бөлігі Алматыдағы абаттандыру жобалары туралы бейнероликтерге қатысты болды.

Боқаев бейнероликтерінің бірінде жаяу жүргіншілерге арналған екі өткелді жөндеуге бір миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айтқан. Алайда Бостандық ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Ринат Сейдраманов сотта бұл сома екі емес, он нысандағы жұмысқа арналғанын көрсететін құжаттарды ұсынды.

«Атакентті» жаңғырту туралы бейнероликте шамамен 12 млрд теңге негізінен жекеменшік аумақтағы жарықтандыруды ауыстыруға жұмсалатындай әсер берілген.

Ал Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бұрынғы басшысы Батырхан Сүлейменов аумақтың 2018 жылы мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты. Оның сөзінше, жоба фонтандарды қайта жаңғыртуды, су қоймаларын салуды, автоматты суару жүйесін орнатуды және 63 мың жасыл желек егуді қамтыған.

Мемлекеттік сатып алу порталынан мәлімет табуға көмектескен Бибек Жүнісов Боқаевтың жобаның толық мазмұнын білгенін, бірақ бейнероликтегі баяндау көрерменге қаржының мақсатын басқаша түсінуге түрткі болғанын мәлімдеді.

Сотта бес бейнероликке жасалған сараптама талқыланды. Айыптау тарапы сараптама қорытындысында аудиторияға ақпараттық-манипуляциялық ықпал ету белгілері анықталғанын айтты. Сот Боқаевты көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп таныды.

Камера сыртындағы адамның айғағы

Ұлан Нүсіпқожа бірнеше жыл бойы Боқаевтың бейнероликтерін түсіріп, монтаждаған. Сотта ол өзінің негізінен техникалық жұмысты атқарғанын, ал тақырыпты таңдап, мәтінді әзірлеп, тапсырма беріп, материалды жариялау туралы шешімді Боқаевтың өзі қабылдағанын айтты.

Нүсіпқожаның сөзінше, тергеу басталған кезде бұрынғы жұмыс берушісі оған жауап алу кезінде «ештеңе есімде жоқ» деуді, кейін мүлдем жауап бермеуді ұсынған. Заңгерлік және материалдық көмек көрсетуге, отбасына қолдау білдіруге және адвокат ақысын төлеуге уәде етілгенімен, кейін бұл қолдау тоқтаған.

Ақырында Нүсіпқожа егжей-тегжейлі айғақ беріп, тақталар түсірілімінің қайталануы, орындаушыларға ақша берілуі және Баум тоғайындағы бейнероликтің жасалу жолы туралы баяндады. Жарыссөзде ол кінәсін мойындап, өкініш білдірді.

«Мен өз әрекеттерім үшін жауап беруге міндетті екенімді түсіндім, бірақ басқа біреуді қорғау үшін шындықты жасыруға міндетті емеспін», - деді ол сотта.

Оның адвокаты Мәди Әуекенов соттан техникалық тапсырманы орындаған адамның рөлі мен бейнероликтердің мазмұнын анықтап, оларды жариялау туралы шешім қабылдаған адамның рөлін бөлек бағалауды сұрады.

Қорғау тарапы не деді

Боқаев пен Қалменов тағылған айыптарды мойындамады. Қорғау тарапы тергеу мен сот барысында процессуалдық құқықтар бұзылғанын айтып, Боқаевқа толық ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Сот процесінде судьяға бірнеше рет қарсылық білдірілді. Қорғаушылар айыпталушыларға іс материалдарымен толық танысуға жеткілікті уақыт берілмегенін және сотта айыптау бағыты басым болғанын мәлімдеді. Прокуратура бұл уәждермен келіспеді, ал сот қарсылық білдіру туралы өтініштерді қанағаттандырмады.

Процесс кезінде кей адвокаттардың сот залынан шығып кетуі, әлеуметтік желідегі жарияланымдары және куәгер Ақылбек Хамракуловпен соттан тыс байланыстары да талқыланды. Айыптау тарапы мұны сот талқылауына ықпал ету әрекеті деп бағалады. Қорғау тарапы, өз кезегінде, соттың бейтараптығына күмән келтірді.

Үкіммен бірге сот екі жеке қаулы шығарды. Бірі Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасына жолданып, қорғау тарапының бірқатар адвокатының тәртібіне құқықтық баға беру мәселесін көтерді. Екіншісі «QazaqGaz» компаниясына бағытталып, кәсіподақ арқылы бөлінетін қаржының жұмсалуына ішкі бақылау жеткіліксіз болғанын көрсетті.

Бұл екінші қаулы істегі жауапкершілікті бір адаммен ғана шектемеуге негіз береді. Егер кәсіподақтың ондаған миллион теңгесі тиісті бақылаусыз жұмсалса, оған мүмкіндік берген корпоративтік жүйенің де кемшілігі бар.

Бұл іс сөз бостандығы туралы ма

Санжар Боқаев қоғамға өткір сұрақ қойып, бюджет шығыны мен қаланы абаттандыруға қатысты даулы тақырыптарды көтерген тұлға ретінде танылды. Сондықтан оның ісі сөз бостандығы мен билікті сынау құқығына қатысты пікірталас туғызуы заңды.

Алайда соттың бірінші сатыдағы қорытындысы сын айтудың өзіне емес, үш бөлек әрекетке негізделді: кәсіподақ қаржысын иемдену, құқық бұзушылықты алдын ала ұйымдастыру және көрерменнен оқиғаның маңызды мән-жайларын жасырып ақпарат тарату.

Қоғамдық бақылау жүргізетін журналист, блогер немесе белсенді эксперимент жасаса, жасалған әрекеттің қойылым не бақылау сатып алуы екенін аудиторияға ашық айтуға тиіс. Ал дерекке сүйеніп сынау үшін сметаның толық мазмұнын, нысандардың нақты санын және жобаның барлық бөлігін көрсету қажет. Бір санды контекстен жұлып алу кейде техникалық қате болып көрінуі мүмкін. Бірақ ақпараттың толық нұсқасын біле тұра, көрерменге әдейі басқа әсер қалыптастыру - мүлде бөлек мәселе.

Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелер де «жалған ақпаратпен күрес» деген желеумен кез келген сынды тұншықтырмауға тиіс. Ашық келісімшарт, түсінікті смета, қолжетімді жоба және уақтылы ресми жауап болмаса, күмән мен манипуляцияға қолайлы орта қалыптасады.

Үкім нүкте қойды ма

Әзірге жоқ. Бірінші сатыдағы сот үкімі жарияланды, бірақ ол заңды күшіне енген жоқ. Қорғау тарапы апелляциялық шағым түсіре алады. Демек, іс бойынша түпкілікті құқықтық қорытынды кейін өзгеруі де мүмкін.

Дегенмен бұл процесс қазірдің өзінде екі маңызды сабақ қалдырды.

Біріншіден, аудиторияның сенімі - журналист, блогер және қоғамдық белсенді үшін ең бағалы капитал. Ол сенім сахналанған оқиға мен толық айтылмаған дерекке сүйенсе, қоғамдық бедел ғана емес, құқықтық жауапкершілік те туындайды.

Екіншіден, бақылаусыз қалған корпоративтік ақша да манипуляциялық мазмұн секілді қауіпті. Соттың «QazaqGaz» компаниясына шығарған жеке қаулысы осыны аңғартады.

Сондықтан Боқаев ісінің қоғамдық мәні бір адамның кінәсі немесе жазасымен бітпейді. Бұл - ақпарат таратушының шындық алдындағы жауапкершілігі мен ірі ұйымдардың қаржыны басқарудағы жауапкершілігі қатар сыналған іс.

Барлық жаңалықтар