Қазақстан мен Қытай энергетика саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірлескен зерттеу орталығын құруға келісті. Орталық энергетикалық жүйелердің сенімділігін арттыру және инженерлік шешімдер әзірлеу бағытында жұмыс істемек, деп жазады Democrat.kz.
Бұл бастама Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің Қытайға жұмыс сапары барысында China Energy Engineering Group компаниясының басшысы Ни Чжэньмен кездесуінде талқыланды.
Жаңа орталықта энергетикалық жобаларды талдау, жобалау және инженерлік әзірлемелер бойынша тәжірибе алмасу көзделіп отыр. Қытайлық компанияның техникалық мүмкіндіктері мен ғылыми тәжірибесін қазақстандық мамандардың зерттеулерімен ұштастыру жоспарланған.
Тараптар ынтымақтастықты тек жекелеген электр станцияларын салумен шектемей, ғылыми зерттеулер мен технологиялық шешімдерді бірлесіп әзірлеу деңгейіне көтеруге ниетті. Бұл энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және отандық инженерлік кадрлардың әлеуетін арттыру үшін маңызды болуы мүмкін.