Қарағанды облысында 2026 жылы 70 елді мекенде заманауи модульдік ветеринариялық пункт ашу жоспарланған. Жаңа нысандар ауыл тұрғындарына малды жергілікті жерде тексертіп, қажетті ветеринариялық қызметтерді алуға мүмкіндік береді, деп жазады Democrat.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, осындай пункттердің бірі Нұра ауданындағы Құланөтпес ауылында жұмысын бастаған. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жанынан мал ұстауға арналған арнайы қора салынған.
Бұған дейін ветеринариялық мамандар кейбір процедураларды орындау үшін әр үйге жеке баруға мәжбүр болған. Жаңа пункттер мал иелеріне жануарларды бір жерге әкеліп, қызмет алуға жағдай жасайды. Бұл мамандардың уақытын үнемдеп, бір күнде көбірек шаруашылыққа қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.
2027 жылы облыста тағы 70 модульдік ветеринариялық пункт, 28 мал қорымы және бес ветеринариялық станция салу жоспарланған. Ел бойынша 2026–2027 жылдары ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 66,2 млрд теңге қарастырылған.
Жобаның негізгі мақсаты — ауылдық жерлерде ветеринариялық көмектің қолжетімділігін арттыру, жануарлардың жұқпалы ауруларын бақылау және мал шаруашылығының қауіпсіздігін күшейту.