Қазақстан Франциямен сауда көлемін 41,6 пайызға арттырды

Қазақстан Франциямен сауда көлемін 41,6 пайызға арттырды

Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,6 пайызға өсті. Тараптар сауда байланыстарын одан әрі кеңейтіп, бірлескен өндіріс орындарын ашу және технология трансферін дамыту мәселелерін талқылады, деп жазады Democrat.kz.

Бұл мәселелер Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев пен Франция Сыртқы істер министрлігінің экономикалық дипломатия жөніндегі басшысы Дамьен Лорас арасындағы кездесуде қаралды.

Қазіргі уақытта екі елдің бірлескен инвестициялық портфеліне 43 жоба кіреді. Оның 18-і аяқталған, 10-ы жүзеге асырылып жатыр, ал 15 жоба әзірлеу кезеңінде.

Француз компаниялары Қазақстанның энергетика, өнеркәсіп және көлік салаларында жұмыс істейді. Мысалы, TotalEnergies қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асырып жатса, Air Liquide сутегі мен өнеркәсіптік газ өндіру бағытында бастамаларды дамытып келеді. Alstom теміржол саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруда.

Келіссөздерде мұнай өңдеу, сирек және маңызды металдарды өңдеу, фармацевтика, ауыл шаруашылығы техникасы, су инфрақұрылымы және энергетика салаларындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктер де қарастырылды. 

Барлық жаңалықтар