Алматыда Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтіп, оған екі елден 300-ге жуық кәсіпкер қатысты. Кездесуде сауда көлемін арттыру, инвестиция тарту және бірлескен өндіріс жобаларын іске қосу мәселелері талқыланды, деп жазады Democrat.kz.
Форум Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасының Қазақстанға ұйымдастырған іскерлік миссиясы аясында өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік палаталарының және жеке компаниялардың өкілдері қатысты.
Кездесуде экспорт пен импорт көлемін ұлғайту, логистикалық байланыстарды дамыту және екі елдің кәсіпорындары арасында тікелей әріптестік орнату мәселелері қаралды. Сонымен қатар бірлескен өндіріс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Форум аясында өнімдер көрмесі, бизнес өкілдерінің B2B кездесулері және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы G2B келіссөздері ұйымдастырылды.
Өзбекстанның Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, екі ел арасындағы сауда айналымы 2025 жылы 5 млрд долларға жуықтаған. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш шамамен 4,25 млрд доллар болған.