Қазақстан Ұлттық банкінің макроэкономикалық сауалнамасына қатысқан сарапшылар 2026 жылғы инфляция болжамын 9,1 пайызға дейін төмендетті. Бұған дейінгі бағалау 9,5 пайыз болған, деп жазады Democrat.kz.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, 2027 жылға арналған инфляция болжамы да 8,3 пайыздан 8 пайызға төмендеді. Ал 2028 жылғы көрсеткіш 6,9 пайыздан 7 пайызға дейін сәл жоғарылады.
Сарапшылар базалық мөлшерлеменің 2026 жылдың соңында 15,75 пайыз деңгейінде болуын күтеді. 2027 жылға арналған болжам 13,4 пайызға дейін көтерілсе, 2028 жылға арналған көрсеткіш 10,8 пайызға дейін төмендеген.
Сонымен қатар мамандар Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсімін 4,6 пайыз деп бағалап отыр. Бұған дейінгі болжам 4,8 пайыз болған. Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы биыл барреліне 93,3 доллар болады деп күтіледі.
Сауалнамаға 15 ұйым, оның ішінде қаржы нарығының қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер қатысқан. Ұлттық банк бұл көрсеткіштер өзінің ресми болжамы емес, нарық сарапшыларының тәуелсіз бағасы екенін атап өтті.