Қазақстанның 700-ден астам медициналық ұйымында жасанды интеллект қолданылады

Қазақстанның 700-ден астам медициналық ұйымында жасанды интеллект қолданылады

Қазақстандағы 700-ден астам медициналық мекеме ауруларды анықтау және құжат айналымын жеңілдету үшін жасанды интеллект негізіндегі 10-нан астам шешімді пайдаланып отыр. Технологиялар инсульт белгілерін анықтаудан бастап, онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауға дейінгі бағыттарды қамтиды, деп жазады Democrat.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, CerebraAI жүйесі компьютерлік томография нәтижелерін талдау арқылы мидағы зақымдану белгілерін анықтауға көмектеседі. Қазіргі уақытта ол Астана мен Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Жетісу облыстарындағы 17 инсульт орталығында қолданылады.

2025 жылғы 1 қыркүйектен бері жүйе инсультке күдік болған 23,5 мыңнан астам пациенттің тексеру нәтижесін талдаған. Дәрігерлердің айтуынша, ауруды ерте анықтау емдеуді уақытында бастауға және ауыр асқынулардың қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект сүт безі мен өкпе қатерлі ісігінің алғашқы белгілерін анықтауда, сондай-ақ стоматологиялық диагностикада да қолданыла бастады. Бұдан бөлек, медициналық құжаттарды рәсімдеуге арналған Alima цифрлық көмекшісін 4 205 дәрігер пайдаланып жүр.

Пилоттық жоба барысында қарапайым жағдайлар бойынша медициналық құжат толтыру уақыты алты минуттан 90 секундқа дейін қысқарған. Министрлік жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайтынын, диагноз қою мен емдеу туралы соңғы шешімді медицина маманы қабылдайтынын атап өтті. 

Барлық жаңалықтар