«Сағатыңды қысқартамыз!»: Оқушыдан соққы алған жас мұғалімнің жанайқайы жұртты шулатты

«Сағатыңды қысқартамыз!»: Оқушыдан соққы алған жас мұғалімнің жанайқайы жұртты шулатты

Мектептегі алғашқы жұмыс аптасында сынып жетекшілігінен бас тарта алмаған жас мұғалім басынан өткен ауыр жағдайды жариялады. Оның айтуынша, сабақтан қашпақ болған оқушы өзін итеріп, ұрып, балағаттаған. Ал мектеп әкімшілігіне шағымданған ұстаз енді оқу жүктемесі қысқаруы мүмкін деген ескерту естігенін айтып, әлеуметтік желіде көмек сұрады, деп жазады Democrat.kz.

«Құлап қалған жоқпын, оқушыдан зардап шектім».

Әлеуметтік желіде осылай жазған жас мұғалім мектепте басынан өткен жағдайды баяндап, көпшіліктің назарын аударды.

Оның айтуынша, жұмысқа орналасқан алғашқы аптаның төртінші күні мектеп басшылығы оған сынып жетекшілігін беретінін хабарлаған.

Жас маман тәжірибесі жоқ екенін айтып, бұл міндеттен бас тартқан. Алайда оның қарсылығы ескерілмеген.

Көп ұзамай мұғалім өзі жетекшілік ететін сыныптың оқушысымен келеңсіз жағдайға тап болған.

«Итеріп, ұрып жіберді. Балағат сөздер айтылды»

Жазба авторының айтуынша, оқушы сабақтан қашпақ болғанда оны тоқтатуға әрекеттенген.

«Сабақтан қашуын тоқтатып жатқанда, итеріп, ұрып жіберді. Балағат сөздер айтылды», – деп жазған мұғалім.

Осы оқиғадан кейін ұстаздың денсаулығы нашарлаған.

Оның айтуынша, бұрыннан қан қысымы мен жүрек ырғағына байланысты сырқаты бар. Ал болған жағдайдан соң оң құлағы бітеліп, өзін жайсыз сезінген.

Мұғалім мектеп директоры мен тәрбие жұмысына жауапты орынбасарына болған оқиға туралы жазбаша мәлімдеме тапсырған.

Алайда жағдай мұнымен аяқталмаған.

«Үлгермесеңдер, сағаттарыңды қысқартамыз!»

Жас ұстаз сынып жетекшілігінен бас тартқысы келетінін айтқан. Бірақ мектеп әкімшілігінің жауабы оны одан сайын алаңдатқан.

«Мектеп әкімшілігі үлгермесеңдер, игере алмасаңдар сағат санын қысқартамыз дейді. Не істеуге болады?» – деп сұрайды ол.

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде өткір пікірталас туғызды.

«Соңына дейін барыңыз, оқушының ата-анасымен жұмыс жасау әкімшіліктің міндеті, сұмдық қой бұл. Сағат қысқартуға қандай негіздеме бар?» – деп жазды оқырмандардың бірі.

Тағы бір мұғалім жас әріптесінің жағдайына түсіністік білдіріп, мұндай оқиға оның кәсіби қабілетсіздігін білдірмейтінін айтқан.

Басқа пікірлерде мектеп басшылығының жас маманға қолдау көрсетіп, оқушының әрекетіне қатысты шара қабылдауы керектігі көтерілген.

«Бұрын мұғалімнен қорқатын едік, енді мұғалім оқушыдан таяқ жейді»

Талқылауда бүгінгі оқушылардың тәртібі мен мұғалімнің қауіпсіздігі туралы да өткір пікірлер айтылды.

«Бұрын біз мұғалімнен таяқ жесек үйдегілер өзің кінәлісің дейтін. Қазір мұғалім оқушыдан таяқ жейтін болды. Бәріне үйдегі тәрбие себеп», – деп жазған пікір иелерінің бірі.

Ал кейбір оқырмандар мектепке жаңадан келген маманға бірден сынып жетекшілігін жүктеу дұрыс емес екенін алға тартқан.

Олардың пікірінше, тәжірибелі әріптестер жас мұғалімге көмектесіп, жаңа жұмыс орнына бейімделуіне мүмкіндік беруі қажет.

Дегенмен барлық пікір бірдей емес. Бір оқырман мұғалімнің оқу жүктемесін қысқарту туралы шағымына күмән келтіріп, мектеп әкімшілігінің де ұстанымын ескеру керектігін жазған.

«Мен сонда жаман мұғаліммін бе?»

Жас ұстаздың жазбасындағы ең ауыр тұс – оның болған оқиғадан кейін өз кәсіби қабілетіне күмәндана бастауы.

«Осындай жағдайлардан кейін өзімді жаман мұғаліммін ба деген ой келеді. Балаларға үйрете алмағаныма, дұрыс жұмыс жасай алмағаныма өзімді кінәлаймын», – дейді ол.

Қазақстанның «Педагог мәртебесі туралы» заңына сәйкес, мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиеті қорғалуға тиіс. Ал педагогтің оқу жүктемесін өзгерту еңбек заңнамасы мен еңбек шартында көзделген тәртіп бойынша жүзеге асырылуы қажет.

Оқушы тарапынан күш қолданылды деген мәлімдеме де тиісті тексеруді талап етеді.

Әзірге оқиғаның нақты қай мектепте болғаны, оқушының әрекетіне қандай шара қолданылғаны және әкімшіліктің мұғалімге берген ресми жауабы белгісіз. Сондықтан жазбадағы айыптаулар бір тараптың мәлімдемесі ретінде қарастырылуға тиіс.

Бірақ жас мұғалімнің баяндауы бірнеше маңызды сұрақ туғызады.

Неліктен жұмысқа енді орналасқан маманның сынып жетекшілігінен бас тартуы ескерілмеген? Оқушының әрекетіне қатысты қандай шара қолданылған? Ал денсаулығы нашарлап, көмек сұраған мұғалімге оқу жүктемесін қысқарту туралы ескерту жасаудың негізі қандай?

Ең бастысы, мектепте мұғалімнің қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Жас ұстаздың «Мен жаман мұғаліммін бе?» деген күмәні де жауапсыз қалмауға тиіс. Өйткені оқушының әрекеті үшін мұғалімнің өзін кінәлі сезінуі – бұл оқиғаның тағы бір алаңдатарлық тұсы.

Барлық жаңалықтар