Қазақстан мектептерінде БЖБ мен ТЖБ-ның орнына енгізілген жаңа бағалау жүйесіне қатысты тағы бір мәселе көтерілді. Белсенді ұстаз Гүлжазира Ысқақова диктант, мазмұндама және шығарма арқылы оқушының барлық тілдік дағдысын әділ бағалау мүмкіндігіне күмән келтірді. Ол Оқу-ағарту министрлігі мен Ұлттық білім академиясынан нақты түсініктеме талап етіп, жауап болмаса, Президентке жүгінетінін мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
«БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау бағалаудағы мәселені шеше ме?»
Белсенді ұстаз Гүлжазира Ысқақова әлеуметтік желідегі жазбасында Оқу-ағарту министрлігі енгізген жаңа бағалау жүйесінің тиімділігіне қатысты осы сұрақты көтерді.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінің 2–4-сыныптарында бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталып, орнына аралық бағалау енгізілді.
Министрлік бұл өзгерісті оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін азайту қажеттігімен түсіндірген.
Алайда Гүлжазира Ысқақованың пікірінше, бағалау түрінің өзгеруі білім сапасын әділ анықтау мәселесін өздігінен шешпейді.
«Оқушының қалған дағдылары қалай бағаланады?»
Ұстаз қазақ тілі пәнінде оқушының төрт негізгі дағдысы қалыптастырылатынын еске салды. Олар – тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым.
Ал жаңа бағалау жүйесінде диктант, мазмұндама мен шығармаға басымдық берілген жағдайда қалған дағдылардың қалай бағаланатыны түсініксіз екенін айтады.
«Ал аралық бағалауда диктант, мазмұндама, шығарма сияқты жазба жұмыстары негізгі тапсырмаларға айналса, оқушының ауызша қарым-қатынас жасау, тыңдағанын түсіну, диалогке қатысу және мәтінді талдау дағдылары қалай бағаланады?» – деп сұрайды педагог.
Оның пікірінше, диктант баланың емле сауаттылығын тексеруге мүмкіндік береді. Мазмұндама мен шығарма жазылым дағдысын бағалауға көмектеседі.
Бірақ бұл тапсырмалар төрт тілдік дағдының барлығын жеке-жеке анықтауға жеткіліксіз.
«Бағалау өлшемдері мұғалімге де, ата-анаға да түсінікті болуы керек»
Гүлжазира Ысқақова жаңа бағалау жүйесінде тапсырмалардың оқу мақсаттарына сәйкестігі ерекше маңызды екенін атап өткен.
Оның айтуынша, мұғалім де, ата-ана да баланың нақты қандай білімі мен дағдысы тексеріліп жатқанын білуі қажет.
«Сондықтан тапсырмалардың оқу мақсаттарымен сәйкестігі, бағалау критерийлері мен дескрипторлары мұғалімге де, ата-анаға да түсінікті болуы қажет».
Ұстаз министрлік пен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясынан жаңа бағалау жүйесіне арналған нақты тапсырма үлгілерін, бағалау өлшемдерін және төрт дағдыны қамту тәсілдерін ашық көрсетуді талап етті.
«Жауап болмаса, Президентке жазамын»
Гүлжазира Ысқақова жаңа бағалау жүйесінің алдағы уақытта 5–9-сыныптарға да енгізілу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірген.
Оқу-ағарту министрлігі бұған дейін БЖБ мен ТЖБ-ны орта және жоғары сыныптарда да кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бар екенін хабарлаған.
Ал ұстаз бұл өзгерістерді енгізбес бұрын жаңа жүйенің тиімділігі мен бағалау өлшемдері нақты түсіндірілуі қажет деп есептейді.
«Сондықтан Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы сұрақ мынау: жаңа аралық бағалау жүйесі оқушының төрт тілдік дағдысын қалай тексереді және оның оқу мақсаттарымен сәйкестігі қалай қамтамасыз етіледі?»
Педагог бұл сұрағына жауап берілмесе, Президентке «Е-Өтініш» арқылы жүгінетінін мәлімдеген.
«Осы сұрағыма жауап алмаған жағдайда, ел президентіне Е-Өтініш жазамын. Келесі жылы 5-9 сыныптарды осылай былықтыруға мен қарсымын!!!»
Гүлжазира Ысқақованың көтерген негізгі мәселесі – БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастаудың өзі емес, олардың орнына келген жүйенің баланың білімін қаншалықты толық бағалай алатыны.
Ұстаз министрлік пен Ұлттық білім академиясынан осы сұраққа нақты жауап күтеді.
Өйткені жазба жұмыстарының саны өзгергенімен, оқушының тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу дағдыларының қалай өлшенетіні анық болмаса, жаңа бағалау жүйесіне қатысты күмән де сейілмейді.