Тараз қаласындағы маркеттердің бірінен мерзімі өткен өнімдерді тапқан белсенділер оны өз қолдарымен жойды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Тараз қаласында «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, ескі тауарлар жиі сатылатын орындарды анықтаған.
Тұтынушылардың басым бөлігі бұзылған өнімдердің «Нурила» көтерме маркетінде көп кездесетінін айтқан.
Осыдан кейін еріктілер Самал шағынауданындағы 44А мекенжайында орналасқан сауда орнына барады.
Олар арнайы жеңілдікпен сатылатын аймақтан жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 20-дан астам тауар түрін тауып, оны үш арбаға толтырып әкелген. Алайда дүкен әкімшілігі бұл тауарларды бірден қоқысқа тастауға келіспей, белсенділермен сөйлесуден мүлдем бас тартады.
Бұған қарамастан қозғалыс мүшелері арнайы бейнеде дүкенге қайта оралып, сөреде тұрған 15 кг бұзылған өнімді өздері құртқан.
«Мерзімі өткен өнім мәселесі бір ғана дүкенмен шектелмейді. Ол бақылау болмаған және немқұрайлылық қалыпты жағдайға айналған жерде орын алады. Жағдай тек тұтынушылар жарамдылық мерзімдеріне мән беріп, өз құқықтарының сақталуын талап еткенде ғана өзгереді», – деді ұйым өкілі Аружан Жасұланқызы.