Қазақстанда исламдық ипотеканы іске қосуға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер қабылданды. Олар 21 қазанда күшіне енеді, алайда Отбасы банк жаңа өнімді бірден іске қоспайтынын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
Исламдық қаржыландырудың дәстүрлі ипотекадан басты айырмашылығы — қарызға пайыз есептеудің орнына ислам қаржысының арнайы тетіктері пайдаланылады.
Отбасы банк өкілдері заңнамалық негіздің пайда болғанын, бірақ өнімді іске қосу үшін қосымша техникалық және қаржылық жұмыстар қажет екенін айтты.
Банк исламдық қаржыландырудың нақты моделін әзірлеп, оны өзінің тұрғын үй жинақ жүйесіне бейімдеуі керек.
Сондықтан 21 қазанда түзетулер күшіне енгенімен, азаматтар дәл сол күні ислам ипотекасына өтінім бере алмайды.
Өнімнің шарттары, бастапқы жарнасы, тұрғын үй құнына қойылатын талаптар және қаржыландыру көлемі кейін жарияланады.
Жаңа құрал пайыздық кредитті діни немесе жеке ұстанымдарына байланысты пайдаланғысы келмейтін азаматтар үшін балама тұрғын үй қаржыландыру тетігі болуы мүмкін.