"Ауыл мектебін сақтайық!" деген ата-аналар билікке үндеу жасады

"Ауыл мектебін сақтайық!" деген ата-аналар билікке үндеу жасады

Ақмола облысы Зеренді ауданы Қонысбай ауылының ата-аналары 5 және 6-сынып оқушыларының бір сынып-комплектіге біріктірілгеніне алаңдап отыр. Олар мұны бюджет қаржысын үнемдеудің салдары деп бағалап, ауыл баласының білім сапасы төмендеп, ақырында отбасылардың ауылдан көшуіне әкелуі мүмкін екенін айтады. Алайда мәселе жалғыз Қонысбайға тән емес: ресми дерек бойынша Қазақстандағы шағын жинақты мектептерде 2444 біріктірілген сынып бар. Соның 1245-і – дәл 5–9 сыныптар. Яғни әртүрлі жастағы балаларды бір сыныпта оқыту Қазақстан ауылдарында әлдеқашан жүйелік құбылысқа айналған, деп жазады Democrat.kz.

Қонысбай тұрғындарының редакцияға жолдаған хабарламасында мәселе төтесінен қойылған.

«Балалардан үнемдемеңіздер! Ауыл мектебін сақтайық!» деген ата-аналар Қонысбай мектебінде 5 және 6-сынып оқушылары бірге оқытылып жатқанын мәлімдеген.

«Бюджет шығындарын қысқарту үшін балалар толыққанды оқу процесін шектейтін жағдайда білім алуға тиіс пе? Балаларымыздың білімінен үнемдеуге бола ма?» – дейді тұрғындар.

Ата-аналарды алаңдататыны тек бүгінгі сабақ емес.

Олардың пайымынша, егер ауыл мектебіндегі білім жағдайы нашарлай берсе, ертең ата-аналар балаларын аудан орталығына немесе қалаға жіберуге мәжбүр болады. Ал баласының соңынан отбасы көшсе, ауылдың өзі де біртіндеп босайды.

«Бүгін бюджетті үнемдеу үшін 5 және 6-сыныптарды біріктірді. Ертең ата-аналар туған ауылында толыққанды білім ала алмаған соң балаларын қалаға жіберуге мәжбүр болады. Осылайша біз мектепті ғана емес, отбасыларды, балаларды, ауылдың өзін жоғалтамыз», – делінген үндеуде.

Бірақ осы жерде маңызды сұрақ бар: 5 және 6-сыныптарды біріктіру заңсыз ба?

Жауабы – жоқ.

Қазақстан заңнамасында шағын жинақты мектептің өзіне «білім алушылар контингенті шағын, біріктірілген сынып-комплектілері бар» мектеп ретінде анықтама берілген. Оқу-ағарту министрлігінің қолданыстағы үлгілік қағидаларында ШЖМ міндеттерінің бірі ретінде біріктірілген сыныптарда оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру тікелей көрсетілген.

Демек, екі сыныптың біріктірілуінің өзі заң бұзушылық болып саналмайды.

Алайда «заңда рұқсат етілген» және «балаға сапалы білім берудің ең тиімді жолы» – екеуі бір ұғым емес.

Қонысбай жалғыз емес: Қазақстанда 2444 біріктірілген сынып бар

Мәселенің ауқымын Ұлттық білім беру деректер қорының статистикасы анық көрсетеді.

Ресми мәліметте Қазақстанда 2654 шағын жинақты мектеп бар. Оларда 27 273 сынып есепке алынған, соның 2444-і – біріктірілген сыныптар.

Ең назар аударарлығы – біріктіру тек бастауышта емес.

1128 біріктірілген сынып – 1–4 сыныптарда;

1245 сынып – 5–9 сыныптарда;

тағы 71 біріктірілген сынып – 10–11 сыныптарда.

Яғни Қонысбайдағы 5 пен 6-сыныптың бірге оқуы – жеке ауылда аяқ астынан пайда болған жағдай емес. Қазақстан бойынша негізгі орта білім деңгейінің өзінде мыңнан астам осындай сынып бар.

Ақмола облысы – біріктірілген сынып ең көп өңірлердің бірі

Қонысбай орналасқан Ақмола облысында жағдай тіпті айқын.

Ресми статистика бойынша облыста 341 шағын жинақты мектеп және 440 біріктірілген сынып болған. Оның:

174-і – 1–4 сыныптар;

260-ы – 5–9 сыныптар;

6-уы – 10–11 сыныптар.

Демек, Қонысбайдағы жағдай облыс үшін сирек құбылыс емес.

Ал Қазақстан бойынша біріктірілген сынып саны ең жоғары өңір – Павлодар облысы. Мұнда 212 ШЖМ-де 463 біріктірілген сынып тіркелген.

Одан кейін Ақмола облысы – 440.

Қостанай облысы – 365.

Ақтөбе облысы – 271.

Солтүстік Қазақстан облысы – 262.

Шығыс Қазақстан облысы – 178.

Қарағанды облысы – 101 біріктірілген сынып.

Мәселенің әсіресе ауыл халқы азайып жатқан солтүстік және орталық өңірлерде өткір тұрғаны осы сандардан-ақ байқалады.

Қостанайда 5 пен 6 ғана емес, 7 мен 8, тіпті 9 бен 10 бірге оқыған мектеп бар

Қонысбай ата-аналарының алаңдаушылығын түсінуге мүмкіндік беретін нақты мысал Қостанай облысында бар.

Қамысты ауданындағы Бестөбе жалпы білім беретін мектебінің 2024–2025 оқу жылына арналған өзін-өзі бағалау есебінде мектепте небәрі 48 оқушы болғаны көрсетілген.

Кей сыныптарда бір ғана оқушы отырған.

Сондықтан мектепте:

2 және 3-сынып;

5 және 6-сынып;

7 және 8-сынып;

тіпті 9 және 10-сынып бір сынып-комплектіге біріктірілген.

Қостанай облысындағы Бүйректал мектебінің ресми парақшасында да 5 және 6-сыныптардың біріктірілгені көрсетілген.

Демек, «екі түрлі сыныптың балалары бір кабинетте қалай оқиды?» деген Қонысбайдағы сұрақ Қазақстанның басқа ауылдарында да нақты өмір шындығына айналған.

Бір мұғалім екі бағдарламаны қалай қатар береді?

Мәселенің ең күрделі тұсы осы.

5-сынып оқушысы мен 6-сынып оқушысының бағдарламасы бірдей емес. Математикадан да, тіл пәндерінен де, жаратылыстанудан да оқу мақсаты, тапсырмасы және меңгеруі тиіс материалы бөлек.

Сондықтан біріктірілген сынып дегеніміз – екі сыныпты бір бөлмеге отырғызып, бір сабақты екеуіне бірдей түсіндіру деген сөз емес.

Мұғалім бір сабақ уақытында екі түрлі оқу бағдарламасын ұйымдастыруы керек: бір топқа жаңа тақырып түсіндіріп жатқанда, екіншісіне өздік жұмыс беріп, кейін олардың орнын ауыстырады.

Мұның педагогикалық қиындығын Ұлттық білім академиясының өз зерттеуі де жасырмайды. Академия материалында оқушы санының аз болуына байланысты біріктірілген сыныптарда оқыту ауылдық шағын жинақты мектептердегі білім сапасына әсер ететін факторлардың бірі ретінде көрсетілген.

Бұл өте маңызды тұжырым.

Өйткені Қонысбай ата-аналары көтеріп отырған мәселе жай ғана эмоциялық наразылық емес.

Бір жағында – 67 балалы заманауи мектеп, екінші жағында – сыныптарды біріктіру

Мәселенің тағы бір қайшылығы бар.

Оқу-ағарту министрлігі жуырда Павлодар облысындағы Бірлік шағын жинақты мектебін ауылдық білім беруді дамытудың мысалы ретінде көрсетті.

Бұл мектепте небәрі 67 оқушы оқиды, бірақ 23 педагог жұмыс істейді. Информатика кабинеті, зертханалар, спортзал, асхана бар. Мектеп жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізу жобасына қатысып отыр, педагогтері арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Министрлік мұнда «ауыл балаларының сапалы білім алуына мүмкіндік беретін заманауи білім беру ортасы қалыптастырылғанын» мәлімдеді.

Бұл тәжірибе шағын ауыл мектебі міндетті түрде «нашар мектеп» болуы керек деген түсініктің дұрыс еместігін көрсетеді.

Мәселе оқушының аздығында ғана емес – мемлекет сол аз балаға қандай мүмкіндік жасап отырғанында.

Неге бұл мәселе алдағы жылдары одан сайын маңызды болуы мүмкін?

Қазақстанның білім беру жүйесі ауыл мектептерінің азаю мәселесімен бұрыннан бетпе-бет келіп отыр.

Үкіметтің білім беруді дамыту тұжырымдамасындағы мәлімет бойынша, күндізгі мемлекеттік мектептердің 40,1 пайызы шағын жинақты мектептер болғанымен, оларда Қазақстан оқушыларының небәрі 5,6 пайызы білім алған.

Оқушы санының азаюы мектептерді оңтайландыруға да әкелген. 2018 жылдан бастап 99 шағын жинақты мектеп жабылған немесе қайта ұйымдастырылған, олардың 95 пайызы ауылда орналасқан.

Мұндай жағдай әсіресе Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарында жиі кездескен.

Сондықтан Қонысбай тұрғындарының:

«Бүгін сыныптарды біріктіреді, ертең ауылдан адамдар көшеді»

деген қорқынышын жай ғана эмоция деп ысырып тастау қиын.

Мектеп ауылдағы қарапайым әлеуметтік нысан емес. Мектеп жабылса немесе ата-ананың оған деген сенімі жоғалса, балалы отбасының ауылда қалуына себеп те азаяды.

Сонда шешім қандай?

Мемлекет біріктірілген сыныптарды толығымен жойып отырған жоқ. Керісінше, шағын жинақты мектептерді тірек мектептерге – ресурстық орталықтарға қосу, цифрлық технологияларды пайдалану және олардың білім ресурстарын біріктіру жүйесі қарастырылған. Қолданыстағы қағидалар ШЖМ-ның негізгі мақсатының өзін «сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету және кеңейту» деп белгілейді.

Сондықтан Қонысбайдағы жағдайға қатысты негізгі сұрақ:

«5 пен 6-сыныпты біріктіруге заң рұқсат ете ме?» емес.

Рұқсат етеді.

Негізгі сұрақ – осы шешімнен кейін екі сыныптың да баласы өз бағдарламасын толық көлемде меңгере ала ма?

Оларға әр пән бойынша жеткілікті оқу уақыты беріле ме?

Мұғалімге екі бағдарламамен бір мезгілде жұмыс істеуге жағдай жасалған ба?

Білім сапасы төмендесе, жауапкершілікті кім алады?

Ең бастысы – сыныптарды біріктіру шынымен педагогикалық қажеттіліктен туындады ма, әлде ата-аналар айтып отырғандай, бюджет шығынын қысқартудың амалы ма?

Осы сұрақтарға Ақмола облысының білім басқармасы нақты жауап бергенде ғана Қонысбайдағы жағдайға толық баға беруге болады.

Өйткені Қазақстанда ауыл мектебін тек оқушы санымен өлшеудің салдары әлдеқайда үлкен болуы мүмкін.

Біріктірілген екі сыныптан үнемделген қаржы бюджет үшін аз да болса пайда шығар. Ал сол шешімнің кесірінен бір отбасы баласын алып ауылдан көшсе, оның құнын теңгемен есептеу әлдеқайда қиын.

Барлық жаңалықтар