Қызметтерін жою: Білім саласына қатысты маңызды қаулылар шығарылды

Қызметтерін жою: Білім саласына қатысты маңызды қаулылар шығарылды

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы санитариялық мониторинг Қазақстан мектептеріндегі тағы бір күрделі мәселені көрсетті. Елдегі білім беру нысандарына қатысты 8400 нұсқама беріліп, 287 жедел ден қою шарасы қабылданған. Оның ішінде 247 нысанның қызметіне тыйым салу, тағы 40 нысанның қызметін уақытша тоқтату туралы қаулы шығарылған, деп жазады Democrat.kz.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сархат Бейсенованың мәліметінше, маусым айында жүргізілген мониторинг Қазақстандағы мектептердің 99 пайызын, яғни 7121 мектепті қамтыған.

Бұған қоса 6338 мектеп асханасы, 6256 медициналық пункт және 262 мектеп-интернат тексерілген.

Нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша 8400 нұсқама берілген.

Онымен шектелмей, 287 жедел шара қабылданған: 247 нысанның қызметіне тыйым салу және 40 нысанның жұмысын тоқтата тұру туралы қаулы шығарылған. 25 тамыздағы жағдай бойынша берілген нұсқамалардың 90,6 пайызы орындалған.

Ал Алматыдағы жағдайдың өзі ойландырады.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауындағы 364 мектептің 247-сі мониторингпен қамтылып, 244 мектептен түрлі бұзушылық анықталған. Ескертулер сумен жабдықтау, желдету мен жылыту жүйелеріне, шатыр, терезе мен есіктерге, қоршауларға, спорт және ойын жабдықтарына, мектеп аумағының жағдайына қатысты болған.

Яғни тексерілген 247 мектептің небәрі үшеуінде ғана мұндай ескерту тіркелмеген.

Оқу жылы басталған тұста мектеп асханалары да ерекше бақылауға алынған. 2026 жылдан балалар болатын, бюджеттен қаржыландырылатын нысандарды алдын ала ескертпей тексеруге мүмкіндік беретін ерекше мемлекеттік бақылау тәртібі жұмыс істейді.

Бақылаудың күшеюінен нақты нәтиже де бар. Ресми мәлімет бойынша, биылғы жеті айда білім беру нысандарына байланысты тіркелген тамақтан улану оқиғалары былтырғы 8 жағдайдан 2 жағдайға дейін төмендеген. Зардап шеккен балалар саны 118-ден 13-ке азайған.

Бірақ 8400 нұсқама деген санның өзі сұрақ туғызады.

Мектептің жаңа оқу жылына дайындығы тек қабырғаны сырлап, партаны түзеп қоюмен өлшенбеуі керек. Бала күніне бірнеше сағатын өткізетін ғимараттағы су, жылу, желдету, асхана мен қауіпсіздік талаптарының орындалуы – білім сапасынан кем емес мәселе.

Себебі балаға жаңа оқулық пен заманауи бағдарлама ұсынғанмен, оның отырған мектебінде санитариялық және қауіпсіздік талаптары сақталмаса, «сапалы білім беру ортасы» туралы сөздің өзі мәнін жоғалтады.

Барлық жаңалықтар